16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығы ашылды

ОҚО Мақтарал ауданында ҚР Бас прокуратурасының «Отбасылық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығы ашылды. «Статистика бойынша отбасылық зорлық-зомбылыққа көбінесе 40 жасқа дейінгі әйелдер ұшырайтыны белгілі болып отыр. Ашылып жатқан орталықтың түпкі мақсаты психологтардың көмегіне жүгіне отырып зорлық-зомбылық орын алып жатқан отбасының ішіне араша түсу, оларды сөзге келістіріп татуластыру, жалпы отбасы шеңберінде орын алған құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу»- деді А.Ешанқұлова. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында көмек сұрап келгендердің санына мониторинг жүргізу, олардың барлығымен дерлік әңгіме жүргізіліп, психологиялық көмек көрсету — әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығының басты мақсаты болмақ. Ең бастысы, ажырасудың саны көбейіп жатқан бүгінгі уақытта ең болмағанда бір отбасының шаңырағының шайқалмауын сақтап қалса — орталық өз нәтижесін көрсетті деген сөз.Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу орталығында 6 маман жұмыс жасайды. Олардың қатарында психолог, теолог, заңгерлер бар. Айта кетейік, әйелдерге қатысты кемсітуді жою мақсатында 2009 жылы 4 желтоқсанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Бұл заң мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және ҚР азаматтарының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды. Қазақстан Республикасы 1998 жылы 29 маусымда әйелдерге байланысты кемсітудің барлық түрін жою жөнінде БҰҰ конвенциясына қосылып, «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияларды бекіткен болатын.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР