test
08-07-2024
29.3 C
Шымкент

Жаңа нысандар ел игілігі үшін…

ОҚО Шардара қаласында жағымды жаңалықтар қатары молайып тұр. Қала орталығында қос бірдей нысан халықтың игілігіне берілді. Оның біріншісі — қаладағы №3 мөлтекауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмысы сәтімен аяқталды. Мұнда 442 268,7 млн теңгеге бірқатар шаруалар атқарылып отыр. Атап айтар болсақ, 6,021 шақырым су өткізгіштері торабының, 7,160 шақырым электрмен қамтамасыз ету жүйесінің, 4,871 шақырым жолдың құрылыстары жүргізіліп, «Реал-Билдинг» ЖШС-і өз міндетін абыроймен орындап шықты. Осы жұмыстардың нәтижесінде бұл мөлтекауданда 150 учаскені орналастыруға мүмкіндік туады.  Ресми түрде ашылып, пайдалануға берілген екінші нысан да Шардара қаласының көркіне көрік қосқан сәулеті келіскен жайға айналды. Облыс әкімінің өңірдегі шатқалды жерлерді дамыту, абаттандыру туралы тапсырмасына сәйкес Сырдария өзенінің бойындағы ескі көпірді жаңғырту және оның аумағын абаттандыру жұмыстарының басталғанына біршама уақыт болған еді. Жалпы көлемі 0,7 гектар аумақты «Шардарасервис» коммуналдық кәсіпорны өз деңгейінде абаттандырып шықты. Мұнда өзен бойын көгалдандыру, ұсақ плиталы аяқжол төсеу, көпір үстінен субұрқақ салу, жарықтандыру, автотұрақ жұмыстарына 89 млн теңге жұмсалды. Тамаша демалыс орнына айналып шыға келген бұл жайға «Ұлы дала саябағы» деген атау берілді. Жаңа саябаққа алғаш болып қадам басқан жастарға ауданның бас имамы Асылхан қажы Данияров ақ бата берді. Мерекенің мерейін асырған бұл шараға көпшілік риза болысып, қошемет көрсетті. Жаңа нысандар іске қосылған күні қаладағы қимыл-қозғалысы көп, күрмеуі қиын мәселелердің біріне айналып отырған көшелерге, дәлірек айтсақ, Оңдасынов пен Қазыбек би көшелерінің қиылысына және Төле би мен Темірбеков көшелерінің қиылысына бағдаршамдар орнатылды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР