19-04-2024
21.3 C
Шымкент

Арыз да, өтініш те ескерусіз қалмайды

ОҚО Ордабасы ауданы әкімі Рашид Үсіпханұлы алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, бүгін тұрғындарды қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. Қараспан ауылының қариясы, зейнеткер-ұстаз Бектөре Оспанұлы аудан басшысының қызметіне сәттілік тілеп, өзінің «Ұлылар ұлағаты» кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар, ел ішіндегі ынтымақты нығайту жолында еңбек ете беретінін жеткізді.
Шұбарлық Қасымбек Кәденұлы жалға алған жайылымдық жерге қатысты арызын айта келсе, Қайнар ауылының тұрғыны Ерсайын Есебаев мал шаруашылығын дамыту үшін ауылшаруашылық өндірістік кооперативке мүше болғысы келетінін алға тартты. Амангелді ауылынан Сапарбай Сауырбайұлы — Арыс өзенінің көпірін жөндеу, темірландық Меруерт Нұрымбетова — «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға несие, Құрманбек Тастемір — аудан орталығын көгалдандыру бойынша, шұбарлық Рымкүл Ертай емхананың бұрынғы ғимаратын саз мектебіне айналдыру мәселелер көтеріп, ұсыныстарын айтты.
Қасымбек Кәденұлының арызы бойынша жауап берген аудан әкімдігі заң бөлімінің басшысы Б.Алтынбеков жайылымдық жердің 3 жылға берілгенін, мерзімі аяқталған соң, мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді. Ал, Ерсайын Есебаевтың өтінішін орындау үшін кооперативтермен әңгімелесіп, келісімге келу аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Батыралы Дүйсембаевқа тапсырылды.
Аудан әкімі жеке қабылдау барысында көтерілген мәселелерді Заң аясында сараптап, жұмыс жүргізуді тиісті сала басшыларына жүктеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР