19-04-2024
21.3 C
Шымкент

Оңтүстік үшін ойластырылған жобалары көп

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев еліміздегі белгілі құрылыс компаниясы – BI Group Construction ЖШС-і басқарма төрағасының орынбасары Нұрдәулет Әкімжановпен кездесті. Басқосуда тараптар қазақстандық және ТМД нарығында 20 жылдан астам уақыттан бері түрлі салаларда құрылыс жұмыстарын жүргізіп келе жатқан аталған компанияның Оңтүстікке тигізер үлесін талқылап, күнгейде бой көтеруі тиіс әлеуметтік нысандар мен зәулім ғимараттар жайын талқылады.  Жиында BI Group Construction-ның бизнесті дамыту бойынша басқарушы директоры Аян Зикирин компанияның тарихы мен алдағы мүмкіндіктері жөнінде арнайы таныстырылым жасап, Оңтүстік үшін ойластырылған жобаларды ұсынды.  Өз кезегінде, облыс әкімі компания жетекшілігін Шымкентте бой көтеріп жатқан маңызды нысандар – «Shymkent City» жобасына, әлеуметтік нысандар – мектеп, балабақшалар мен ауруханаларды, атап айтқанда, онкологиялық орталық пен туберкулез диспансерін, сонымен бірге, спорт кешендерін салу жұмыстарына қатысуға шақырды. Жиын қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта ұсынылған жобалар аясында нақты келісімдер жасасып, уағдасластық орнатуға бекіді. Айта кету қажет, Қазақстанда нөмірі 1-ші, әлем нарығында 185-орындағы құрылыс компаниясы болып табылатын серіктестік құрылыс саласында соңғы 22 жылдан бері түрлі ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Еліміздегі сегіз облыс пен Ресей және Грузияда белсенді жұмыс істеп келе жатқан компанияның өткен жылғы айналым қаражаты 920 млн. АҚШ доллары болып, 1200 шақырым автожол мен 3 млн. шаршы метр тұрғын үй және коммерциялық нысандарды салуға мұрындық болған. Нақтырақ айтқанда, BI Group Construction компаниясы республикадағы маңызды нысандар – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің нысандарын, Назарбаев зияткерлік мектептерінің бой көтеруіне қатысқан алпауыт ұйым.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР