Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елді мекенінде «Балалар аллеясы» ашылды. Бұл туралы аудан әкімінің баспаөз қызметі хабарлады. Аллеяның ашылу салтанатында аудан әкімі Бақытбек Танагөзов сөз сөйледі.
– Өздеріңізге белгілі, ауданда Құрметті азаматтар аллеясы бар. Өткен жылы жастар аллеясы бой түзесе, биыл балалар аллеясы салынды. Алдағы уақытта осындай аллеяларды көбейту туралы жоба-жоспарлар мен ой-тұжырымдар бар. Ал әзірге балалардың қажеттілігін осы аллея қамтамасыз етеді деген ойдамыз. Балаларымыз осы жерге келіп қызық көрсін, күліп-ойнасын, ойларын да, бойларын да өсірсін, -деді.
Мерекелік шараға арнайы жиналған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарының қуаныштарына ортақтасқан соғыс ардагері Бейсенбек Игісінов пен ауданның «Құрметті азаматы», Қарашаш Есенбекова аллеяның лентасын қиып, нысанды ел игілігіне тапсырды. Жаңа нысанның құрылысына қазына есебінен бөлінген қаражатты мақсатқа сай ұқсатып, тиімді пайдаланған «Север-Юг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аллеяның ішін толық жарықтандырып, субұрқақ, аяқ жолдар мен ойын алаңшаларын, ойын-сауық аттракциондары мен шағын футбол алаңын және жаттығуға арналған құрылғылар мен орындықтарды тиісті талаптарға сай орналастырып, абаттандыру жұмыстарын жоғары деңгейде атқарған. Ал, бүлдіршіндердің игілігі үшін салынған нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасына риза болған жергілікті тұрғындар мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.