17-04-2024
12.3 C
Шымкент

Өңір өндірісінде көш бастап келеді

Уран өндірісі Қазақстан экономикасының басым бағыттарының бірі. Бүгінде еліміз уран өндіру бойынша әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналды.  ОҚо Созақ ауданының территориясында орналасқан «Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, бірлескен кәсіпорны Қазақстанның уран өндірісіне ерекше екпін қосып отырған мекеменің бірі. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорын табиғи уранды ұңғылар арқылы жерасты сілтілендіру әдісімен өндіріп отыр. Жуырда аталған ірі кәсіпорын жұмысымен арнайы танысып қайтқан болатынбыз.
Алдымен табиғи уран өндіруші кәсіпорынның бас директоры Құдайбергенов Қанат мырзаға жолығып, өндірістің негізгі іс- жүйесі, жұмыс көлемі бойынша мағлұмат алдық. Қанат мырза бізді жылы жүзбен қарсыалып, кәсіпорынның қашан құрылып, мұнда қанша адам еңбекпен қамтылғаны, өндіріс көлемі жайлы бірқатар сұрақтарымызға жауап берді.
— «Қаратау» жауапкерпшілігі шектеулі серіктестігі, бірлескен кәсіпорны 2005 жылы заңды тіркеліп, жүйелі жұмысын жүргізіп келеді. Кәсіпорында 600-ге жуық қызметкер еңбек етеді. «Қаратау» кенішінде 513 жұмысшы жұмыс жасайды. Оның 320-сы Созақ ауданының тұрғындары. Кеніш екі ауысыммен, вахталық тәсілме жұмыс жүргізеді. Ал, өндіріске келер болсақ, Уран өндірісі Қазақстан экономикасының басым бағыт¬тары¬ның бірі екені жасырын емес. Бүгінде еліміз уран өндіру бойынша әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналды. Барлық өндіріс орындарының мақсаты бір ғана шеңберде орайласқан. Ол- сапалы, мол өнім шығару. Бүгінде «Казатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ дүние жүзіндегі ең ірі табиғи уранды өндіруші болып табылады. «Қаратау» бірлескен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 2000 тонна табиғи уранды өндіріп, құрылғалы бері жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Алдағы уақытта «Қаратау» кенішін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, акционерлік қоғамының Траниформациялау бағдарламасы бойынша, ақпараттық жүйе арқылы «Сандық кешенге» көшіреміз деген жоспар бар. Бұл әдіс жұмысты көп жеңілдетеді. Қағазбастылық азаяды, үнемдеу басым болады, өндірісті бақылау тиімділігі күшейеді- деп түсіндірді кәсіпорын басшысы.
Сондай-ақ, біз жергілікті елмен тығыз байланыстамыз. Ай сайын Созақ ауданына қарасты Қаратау ауылында, тікелей «Қаратау» кенішінде қабылдау өткіземіз.
Өтініштердің көбісі еңбекпен қамтылу, басқа да әлеуметтік материалдық жағдайды жақсартуға бағытталады.
Жұмысшылардың 80%-ы Созақ ауданының тұрғындары екенін ескере отырып, жыл сайын «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні», «Наурыз мейрамы», «1 мамыр – Қазақстан Халықтары достығы күні», «қарттар күні», «Отан қорғаушылар күні» мен «Жеңіс күні» мерекелеріне арналған іс – шаралар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, жеке тұрғындарға естелік сый- сияпаттар жасалып, қаржылай көмектер беріледі. Мекеме есебінен кеніш жұмысшыларының балалары ОҚО, Түлкібас ауданындағы «Машат» жазғы сауықтыру кешенінде демалады. Серіктестіктің қызметкерлері үшін санатория – курорттық ем алу ұйымдастырылып тұрады.
Осы жетістіктердің барлығы – ортақ жеңісіміз. Бәрі де ел үшін, еліміздің болашақтағы дамуы үшін деп білемін»- дейді «Қаратау» бірлескен кәсіпорны, жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Құдайбергенов Қанат мырза.
Айта кеткен жөн болар, кешегі кеңестік дәуірде жер көлеміне бірнеше шағын мемлекеттер сыйып кететін Созақ ауданы одақтағы ірі малшаруашылығымен айналысатын аймақ болғанын жұртшылық ұмыта да қоймаған шығар. Жарты миллионнан асатын қаракөл қойының ауыр бейнетін жергілікті халық, рахатын қалалықтар көрген теңгермешілігі жоқ уақыт бүгінде артта қалған. Кең сахараны тұяғымен таптап, шаңын шығарған, шұбырған қара қой Бетпақдаланың ен даласын да кең жайлау төріне айналдырған еді.
Сол жер қайыстырған төрт түлік малдың қатары сиреп, кең сахара еркін тыныстап жатқандай болды. Бүгінде сол жер көлемі кең Теріскей елі Тәуелсіздік шапағымен нұрланып, егеменді еліміздің жаңарған, жақсарған, дамудың жаңаша соқпағына түскен болашағы жарқын өңірге айналып отыр. Тек төрт түлік мал өсіруге табиғат жағдайы мен жер бедері лайықты деген қасаң пікірдің көбесі сөгіліп, артта қалған ауданнан, оңтүстік өңірдегі өндірісті көшбастаушы аудандардың біріне айналды.

Нұржамал МАЙУСОВА

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР