15-04-2024
13.3 C
Шымкент

Қарабұлақта кәсіпкерлік қарқынды

Қырық мыңнан астам халқы бар ОҚО Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақта кәсiпкерлiк, соның iшiнде мал шаруашылығы саласында жаңаша жұмыс iстеу дұрыс жолға қойылған. Ауыл кәсiпкерлерi өндiрген ет және сүт өнiмдерi республикаға тарайды. «АгроНұрИнвест» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативi биыл ақпанда жұмыс iстей бастаған. Кооперативте 6130 iрi қара бордақыға қойылған. Мемлекет тарапынан субсидия алған ұжым мүшелерi бүгiнде жұмысты ширата түсiптi. Мемлекеттен қолдау тапқан жобаның құны 9 млн. теңге болса, мұнда еңбек ететiн оның әр мүшесi, яғни әрбiр отбасы айына 170 000 теңге жалақы алады екен. Осылайша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан қаржыландырылған кооперативтiң 130 мүшесi бүгiнде қамқорлыққа қарқынды еңбегiмен жауап берiп отыр.

– Фермадағы бордақыға қойылған iрi қаралар 6-7 айдан кейiн әрқайсысы орташа 200-300 келi салмақта етке өткiзiледi. Өнiмдер Алматы, Тараз және Қызылорда қалаларына жөнелтiледi, – дейдi кооператив басшысы Алиджан Рашидов. Мемлекет тарапынан 48 млн. теңге қаржы алып, жұмысын бастаған «Қарабұлақ Сүт» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативi тұрғындардан артылған сүттi қабылдап, өңдеу кәсiпорындарына жөнелтумен айналысады. Жалпы, Қарабұлақтағы сүт қабылдау орындарының саны төртеу. Күнiне халықтан 4000 литр сүт қабылданады екен. Жылына 2000 тонна сүт жинайды. Кооператив қарауында 800 сиыр бар. Сүт сауу көрсеткiшi жоғары. Ал, әр жұмысшының айлық табысы 178,5 мың теңгенi құрайды. 31 адам осы жерден нәпақасын тауып отыр. – Мемлекеттен субсидия алып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан қаржыландырылып отырған кооператив мүшелерi қамқорлыққа дән риза. Қазiр ауылда қордан қаржы алып, мал шаруашылығын өркендетуге ниет бiлдiргендер саны күннен-күнге артып келедi, – дейдi ауылдық округ әкiмiнiң орынбасары Бақтияр Шамұратов

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР