16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Этносаралық татулықты нығайту маңызды

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында ауыл жастарының форумы өтті.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Тәрбие отбасынан басталады» тақырыбымен өткен жиынға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев, Қазақстан өзбектері «Достлик» қауымдыстығының төрағасы И.Хашимжанов, облыстық білім басқармасының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының, облыстық жастар ресурстық орталығының басшылары мен мамандары және 600-ден астам жастар қатысты.  Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге оны жүзеге асыру және қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері сөз болды. Форумды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Бақтияр Мамаев өз сөзінде Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған мақсат-міндеттерге тоқталып, оны іске асыруда жастарға артылар жауапкершілік жайын сөз етті. Ал облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов елдің бірлігі мен ынтымағын сақтап, этносаралық татулықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.  — Елдің бірлігі, татулығы мен тыныштығының нәтижесінде бүгінгі таңдағы табыстарға жетіп, елдігімізді нығайтып келеміз. Ендеше, ел бірлігі кейінгі буынға аманаттар ең басты байлығымыз болуы керек. Ол үшін осынау жалпы ұлттық құндылықтар жайлы әңгіме әр отбасыда, дастархан басында айтылуы тиіс, — деді Мұратәлі Оразалыұлы.  Еркін форматта өткен жиын барысында жастар дін, жастар саясаты, жұмыспен қамту, білім саласына қатысты өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, сала мамандарынан тұщымды жауаптар алды. Қатысушылар форум соңында жастарға арнап өзара достық пен ынтымақты сақтау, нығайту жөнінде үндеу жариялады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР