06-09-2021
35.3 C
Шымкент

«Әр құжат — бір адамның тағдыры екенін ұмытпаңыздар»

ОҚО Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысты. Бөлім басшысы Гүлжан Досова үйде әлеуметтік қызмет алатын 96 жалғызілікті қария барын, оларға 24 әлеуметтік қызметкер бекітілгенін айтты. Ал, мүмкіндігі шектеулі мүгедек 112 балаға 22 әлеуметтік қызметкер қарайтынын мәлімдеді. Түркістан аймақтық мүгедек балаларды оңалту орталығына 12 балаға жолдама берілген. Мүгедек балалармен жұмыс жасайтын сектор меңгерушісі Гүлнар Күлбашева денсаулығында ақаулығы бар балаларға балабақшадан арнайы топ ашылса деген ұсынысын жеткізді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында бастау алған «Өрлеу» жобасының аудандағы атқарылу деңгейі де аудан басшысының назарынан тыс қалмады.
АХАТ және жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Гүлзия Еспанова жыл басынан бері тындырылған тірлік барысын баяндап өтті. Жалпы аудан бойынша бүгінгі таңға дейін 1837 туу туралы куәлік, 493 неке қию туралы куәлігі табысталғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жыл басынан 79 шаңырақтың шайқалғаны, 430 азаматтың дүниеден озғаны азаматтардың хал актілерін тіркеу базасына енгенін атап өтті.
Рашид Үсіпханұлы әр құжаттың артында бір азаматтың тағдыры тұрғанын естен шығармауды тапсырды. Сондай-ақ, бөлім басшысына әлеуметтік әлсіз бүлдіршіндерге балабақшадан арнайы топ ашу үшін тез арада ұсыныс әзірлеуді жүктеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР