20-04-2024
16.3 C
Шымкент

Диқандар өнімдерін шетелге саудалап жатыр

ОҚО Сарыағаш ауданының диқандары көршілес Ресей мен еліміздің өзге де аймақтарына жоғары сортты жеміс түрлерін саудалап жатыр. Оның жартысына жуығы жүзім. Қазір аймақта жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Диқандар 18 мың тоннадай жүзім теріп алды. Елімізде өндірілген жемістер ешбір қоспасыз, табиғи жағдайда піскендіктен тұтынушылар тарапынан сұраныс көп. 25 гектар алқапта «Тайфи» деп аталатын жүзімнің асханалық сорты жайқалып тұр. Күтімі келіскен ағаштардағы  жеміс көздің жауын алады. Ал, дәмі тіл үйіреді. Бұл биылғы шілденің  тым ыстық болғанының арқасы. Қазір 30 шақты адам өнімді жиып алуға  барын салып жатыр. Өйткені дер кезінде үзілмесе жеміс дәмін жоғалтады.

Сейітжан Жиенбайұлы —  жұмысшы: — Ауа-райы биыл әдемі болды. Соған байланысты жүзімнің өнімі де жақсы. 2-3 кг дейін өнім беріп жатыр бір шағының өзі. 20 күндей болды бастағанымызға. Жақындаттық. Күніне 200-250 кг теріп жатырмыз.

Шаруашылық қазір жүзімдіктің әр  гектарынан 12-13 тоннадан өнім жинауда.Өнімділіктің көп болуының тағы бір себебі, ауыл шаруашылығындағы озық технология қолданылды. Егістік тұтастай тамшылатып суарылады.

Жиенбай Шыңғысов —  шаруа қожалығының басшысы: — Біз мөлшереден көп химикат бермейміз. Кішігірім азот беріледі жүзімді қуаттандыру үшін. Берілген азот бірден жүзімнің түбіне түседі. Содан жүзім тез бақуаттанады.

Сарыағаш ауданында бүгінде2 мың гектарға жуық жүзім алқабы бар. Асханалық сорттар негізінен өзге аймақтарға сатуға жіберіледі. Ал техникалық сұрыптан шарап әзірленеді. Аймақта қазір жүзімді өңдейтін екі зауыт жұмыс істеп тұр.

Ергеш Әбішев — Сарыағаш ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары: — Өзімізде техникалық сорттар толық өңделеді. Ал «Казпионфудта» өздері дайын өнім шығарады. Француз технологиясы бойынша шығарады. Бастапқыда 3 мың  тонна өнім өңдейтін еді, қазір 5-6 мыңға дейін қуаты күшейді.

Жыл сайын Оңтүстікте 1 миллион тоннадан астам бақша өнімі жиналады.Бұл өңірдің ішкі қажеттілігінен 10 есе артық. Ал көкөніс 4-5 еседей көп егіледі. Былтырғы жылдың өзінде экспортқа 500 мың тонна ауылшарушылығы өнімі жіберілген. Күздегі мол өнім биыл да елдің ырысын еселей түспек.

ҒАНИ Қалмаханов

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР