17-04-2024
20.3 C
Шымкент

Аналар кеңесі бас қосты

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 1774 Аналар кеңесі рухани жаңғыру аясында Оңтүстік Қазақстан облысында бас қосты. Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінде жиналған аналар «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асырудағы Аналар кеңесінің рөлін талқылады. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын-басары, хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Бас прокуратурасы мен ҚХА қызметкерлері, ғалымдар, республикалық қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, барлық облыстардағы Аналар кеңестерінің төрайымдары қатысты. Бас қосуда сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев жер жүзіндегі барлық халықтың өз алдына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-аналардың сіңірген еңбегі орасан екенін айтты. «Бүгінде біздің қоғамдағы аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отыр. Статистикалық мәлі¬меттерге сүйенсек, біздегі жалпы мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы әйелдердің үлесіне тиеді екен. Бұл – үлкен көрсеткіш, жоғары нәтиже, жақсылықтың нышаны. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңесін құру елдігімізге тән, тарихи дәстүрімізбен тамырлас бастама болып табылады. Өйткені, ананың ақ батасымен елдің көсегесі көгерген, оның бір ауыз сөзімен ел ішін алатайдай бүлдірген небір өнбес дауларға нүкте қойылған»,-деді әкім. Республикалық отырыста Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, ұлттық дәстүрді негізге ала отырып, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстар әзірлеу, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өзара сыйластық пен татулық, мейірімділік, бірлік пен келісім секілді елдігіміздің тірегі болған құндылықтарды кеңінен насихаттау жайы қаралды. Айта кету керек, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында консультативтiк-кеңесшi орган ретiнде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде 1774 Аналар кеңесі жұмыс істеуде. Кеңесте 9234 адам мүше болып табылады. Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 202 Аналар кеңестері бар. 1130-дан астам мүшесі бар кеңес ажырасудың алдын алу, отбасыдағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде 640-тан астам iс-шара ұйымдастырып, бірқатар ауқымды бастамаларды қолға алды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР