20-04-2024
26.3 C
Шымкент

Рухани келісім – тұрақтылық кепілі

18 қазан — Рухани келісім күні қарсаңында облысымызда «Рухани келісім – қазақстандық қоғам тұрақтылығының негізі» тақырыбында форум өтті.
Облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен шараға облыстық басқарма басшылары мен мәслихат депуттары, этномәдени бірлестіктер мен діни бірлестіктердің жетекшілері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысты.
Жиында сөз алған ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов Елбасының сындарлы саясаты еліміздегі этностар мен конфессиялардың өзара келісім мен береке-бірлікте өмір сүруіне мүмкіндік беріп отырғанын айтты.
— Халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасында биік белестерді бағындырдық. Бүгінгі таңда Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда қол жеткізген бірегей тәжірибесі әлемдік қоғамдастықтың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Ауызбіршілікті сақтап, алға жылжу барша қазақстандықтардың ортақ мақсатына айналды, — деді М.Қалмұратов.
Жиынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Жамбыл Айменов Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ел бірлігі» депутаттық тобының жетекшісі Әбілқасым Досболов, облыстың Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Ахметжан Керімбек сынды бірқатар азаматтар сөз сөйлеп, Рухани келісім күнінің маңызына тоқталды
Айта кетерлігі, Рухани келісім күні 1893 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен алғашқы Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінде бастау алған. Осынау ізгі бастама араға ғасыр салып қазақ жерінде нақты іске аса алды. 1992 жылы қазанда Алматы қаласында Рухани келісімнің 1-ші әлемдік конгрессі өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. Сол жылдан бастап бұл күн Қазақстанда атаулы күн ретінде атап өтіледі.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 100-ден астам этнос өкілдері мекен етеді. Облыс бойынша 20 этномәдени бірлестік, ал қалалар мен аудан орталықтарында олардың 51 филиалы жұмыс істесе, 11 діни конфессияға енетін 60 діни бірлестіктер өзара келісімде жұмыс жүргізіп келеді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР