23-04-2024
24.3 C
Шымкент

Жаңа ғимарат пайдалануға берілді

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қосымша 110 орындық ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып, мекемеге теледидар сыйға тарту етті. Өңір басшысы ерекше күтімді қажет ететін жандарға  әлеуметтік қолдау көрсету үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен 9 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінетіндігін айтты. «Жылдан жылға мүмкіншілігі шектеулі жандарға  деген қоғамның көзқарасы өзгеріп, оларды қоғамның бір мүшесі ретінде қабылдап келеді. Үкіметіміздің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз кеңістік шаралары аясында атқарған шаралары да аз емес. Осы жылы заманауи үлгіде салынған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі қатынау бөлімшесі ашылды. Онда, 32 мүмкіндігі шектеулі балалар арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылуда. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру мақсатында биыл 219 нысан бейімделді. Бұдан бөлек, 8 мыңнан астам азамат санаторлық-курорттық жолдамамен, 2 мыңға жуық қоларбамен, 40 мың адам техникалық көмекші және гигиеналық құралдармен,  9 мыңға жуық азамат арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған»,-деді әкім.

Бүгінгі ашылған орталықта 18 жастан асқан  психоневрологиялық аурулары бар І және ІІ топ мүмкіндігі шектеулі азаматтар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі. Үш қабатты ғимаратта дәрігер кабинеті мен стаматолог, гинеколог дәрігерлерінің кабинеттері мен кезекші медбикелер бекеті, тынығу бөлмесі, ем қабылдау бөлмесі бар. 

Осы күні Ж.Түймебаев дендро саябақта «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне» арналған  салтанатты  шараға қатысты. Онда әкім мүмкіндігі шектеулі жандар жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалап, арнаулы орталықтардың емделушілері мен облыстық филармония әншілері ұсынған  концерттік бағдарламаны көрді. Бүгінгі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 119 мың адамды құрайды. Оның 15  мыңнан астамы созылмалы жүйке ауруларына шалдыққан жандар. Бүгінде осы санаттағы  жасы 18-ден асқан мүгедектің 1268-і  басқармаға қарасты төрт ересектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін Орталықтарда толығымен мемлекет қамқорлығына алынып,  кешенді қызметтермен қамтылуда. Жоғарыда аталған мүмкіндігі шектеулі жандардың 40 мыңға жуығы еңбекке қабілетті азаматтар. Осы ретте, еңбек жарамды тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде 526 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 633 адам уақытша жұмысқа жолданды. Ал 226 мүмкіндігі шектеулі азамат қайта даярлау қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға жіберілді.

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР