17-04-2024
13.3 C
Шымкент

Өзекті мәселелер қаралды

ОҚО Ордабасы ауданының әкімі аппаратының кезекті актив мәжілісі Шұбарсу ауыл округінде өтті. Күн тәртібіне сәйкес, алғашқы сөзді аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Үсенбаев алып, Шұбарсу ауылындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Ауыл округі әкімі Амангелді Әбдрахимов Шұбарсу ауылының әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде баяндама жасады. Жыл басынан бері «Мал шаруашылығын дамытудағы 2016-2020 жылдарға арналған іс-шаралар бағдарламасына» сәйкес, мал бордақылайтын 33 алаңша ашылғанын, оның 23-і кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен жүзеге асқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, ет бағытында — 1 кооператив, сүт бағытында 2 кооператив құрылғанын атап өтті. Ауыл округінде 6 мектеп, 6 жеке меншік балабақша бар. 65 дүкен, 5 дәріхана, 1 наубайхана, 6 қыш цехы, 1 диірмен, 1 тойхана ел игілігіне қызмет етуде. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Ақмұратовтың мәлімдеуінше, түгендеу жұмыстарын жүргізу барысында 11 үйдің құжаты дұрыс емес екені, 259 жер учаскесі игерілмегені анықталған. Ал, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Ташимова ауыл әкімшілігі тарапынан .«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға ешқандай жоба ұсынылмағанын мәлімдеді. Аудандық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін қоса атқарушы Ғалымжан Оспанқұл жеке меншіктегі су мен электр жүйелерін аудан теңгеріміне алу бойынша атқарылған жұмыстар жайын әңгімеледі.
Аудан әкімі Рашид Үсіпханұлы аудандық экономика және қаржы бөліміне аудандағы барлық ауыл округінің әлеуметтік-экономикалық даму картасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ұсыныс әзірлеу барысында әлеуметтік нысандар орналасқан көшелердің жөнделуі, аяқжол салынуы, жарықтандырылуы басты назарға алыну қажеттігін ескертті.
— Басты міндетіміз — тұрғындарға жағдай жасау, олардың қажеттіліктерін ескере отырып, ертеңге жоспар түзу. Көшпелі мәжіліс өткізудегі мақсат та — осы. Біз бір-бірімізге кедергі жасамай, қайта қолдау білдіруіміз қажет. Ауылды дамыту үшін айтылған тапсырмалар сөз жүзінде қалмай, іске асырылуы маңызды. Талап — орындалуымен құнды. Сондықтан, талапқа сай жұмыс істеңіздер, — дей келе, аудан әкімі актив мәжілісін қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР