04-09-2021
21.3 C
Шымкент

Мақтарал ауданының 90 жылдығы тойланбақ

 

Мақтарал ауданының 90 жылдығы мерейтойын атап өту мақсатында аудан әкімдігі тарапынан құрылған жұмысшы топ мүшелері халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында 1 қала, 3 кент, 20 ауылдық округтердің тұрғындарының барлығымен кездесу жиынын өткізуде. Қазіргі кезге дейін 10 ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп үлгерген жұмысшы топқа аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков жетекшілік етуде.

Жиындар барысында бүгінгі таңда шешімін таппай келе жатқан мәселелер көтеріліп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Мақтарал ауданының негізін қалауға және оны дамытуға үлесін қосқан, алайда еңбегі еленбей қалған азаматтар мен олардың еңбектерін жинақтау және оларға ескерткіш орнату мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе, халық шығармашылығын насихаттау, яғни мақталы өңірдің тұрғындары шығарған ән-күйлерді жинақтап дискіге басу, ақын-жазушылардың еңбектерін кітапқа шығару, әр ауылдық округтің тарихы жайлы деректі фильм түсіру мәселелері ұсынылды.

«Еліміз рухани жаңғыруға қадам басып жатқанда облыс былай тұрсын Республикадағы ең іргелі, ең үлкен аудан саналатын Мақтаралдың 90 жылдығын бейжай атап өте салуға болмайды. Халыққа, әсіресе жастардың рухани дүниесіне, тәрбиесіне әсер ететін жобаларды жасау үшін әр ауылға барып, халықтың талап-тілегін, ұсыныстарын тыңдаудамыз. Ақсақал абыздарды тыңдай отырып мақталы өлкедегі әрбір жердің игерілуі, каналдар мен арықтардың қолмен қазылуы, сол кездегі ата-бабаларымыздың ерен еңбектері — бізді ерекше сезімге бөлеп отыр. Аудандағы 1 қала, 3 кент, 24 ауылдық округтің тарихы мен дамуы туралы сериялы деректі фильм түсіру жобасын да қолға алып жатырмыз» — деді М.Жолдасбеков

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР