16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Медиация – дауды шешудің ұтымды жолы

Елімізде медиация институтын дамыту Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының басым бағыттарының бірі болып белгіленген. Қоғамдағы түрлі даулы жағдайлардың алдын алу үшін медиаторлық технологияларды жетілдіру бағытында ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің көшпелі отырыстары аудан, қалаларда тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Кеше Төлеби ауданында «Қоғамдық медиация институтын дамыту және жаңа әдістерді енгізу» тақырыбында өткен көшпелі отырысқа Қазақстан халқы Ассамбмлеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов пен Төлеби аудандық соттың төрағасы Берік Кәрім, прокуратура мен ішкі істер бөлімінің өкілдері және кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, аудан, ауыл әкімдіктерінің медиация саласына жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз алған Қазақстан халқы Ассамбмлеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов көпшілікті медиация желісін дамытуда кездесіп отырған кедергілерді ортаға салып, ашық талқылауға шақырды.
— Қазақ даласында билер институты арағайындықты қолдану арқылы дауласушы тараптарды бітімгершілікке шақырып отырғаны мәлім. Дәстүрімізбен сабақтасып жатқан бұл жүйе бізге таңсық емес. Қазіргі кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық медиаторлар институтын қалыптастырып, дамытуға және әлеуметтік дау-жанжалдарды алдын ала реттеуге арналған кәсіби медиацияны дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәмілегершілікке қол жеткізуге бағытталған медиация институтының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді дамытудағы рөлі зор, — деді Мұратәлі Оразалыұлы.
Жүргізілген жүмыстардың нәтижесінде облыстық ассамблея кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың дерекқорын жасап, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ жанында ашылған медиация кабинетінде 600-ге жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілген. Өңірдегі медиаторлардың ықпалымен былтырғы жылы 4 мыңнан астам іс бойынша тараптар ортақ мәмілеге келсе, биылғы жылдың 8 айында 3207 іс сотқа дейінгі тәртіппен шешілді.
Басқосуда кәсіби медиаторлар Эльмира Есімбетова мен Ләззат Асанова 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» заңының мүмкіндіктерін, әлі де жетілдірілуі тиіс тұстарын өз тәжірибелерінен мысалдар келтіре отырып сөз етті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар жиында айтылған барлық ұсыныс-пікірлер ескерліп, шешімін табу үшін тиісті орындарға жолданатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР