20-04-2024
16.3 C
Шымкент

ОҚО дәрігерлері асқазанға ота жасауды үйренуде

Семіздікпен күрес. Облыстық клиникалық аурухана базасында асқазанды кішірейту отасы жасалды. Күрделі операцияны күнгейлік дәрігерлерлер Оңтүстік Кореяның мамандарымен бірлесіп жасаған. Бір қызығы, ота күрделі болғанмен, хирургиялық ем кезінде пышақпен тілік жасалмады. Операция үстелінде жатқан азаматтың салмағы — 150 келі. Дәрігерлер оған семіздіктің жоғары дәрежелі диагнозын қойған. Семіздіктің соңы түрлі дертке апармас үшін оған асқазанды кішірейту операциясы жасалуда. Асқазанды кішірейту отасы күрделі. Сондықтан облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері Оңтүстік Кореяның мамандарымен бірлесіп операция жасады. Мұндай бір отаның өзі төрт-бес сағатқа созылады. Бұл операцияда хирургтар науқастың асқазанының алты бөліктің бес бөлігін алып тастап, аш ішекті асқазанға жалғап берді. Операциядан кейін науқас әр тамақтанғанында 50 мл артық ас іше алмайды. Нәтижесінде салмағы азайып, қалыпты өмірге тез бейімделеді дейді дәрігерлер. Йонгжин Ким, профессор, хирург: «Семіздік проблемасы бүкіл әлемді жайлаған. Бұл проблема, әсіресе, жастар арасында көп кездеседі. Оны жою үшін хирургиялық ем тәсіліне көштік. Асқазанды кішірейту отасы шетелдерде көп жасалады. Ал ТМД елдерінде айтарлықтай көп жасалмайды. Сондықтан біз меморандум аясында осындағы дәрігерлерді үйретіп, шеберлік сабақтарын өткізудеміз.» Шетелдік маман айтқандай, тәжірибе алмасу жұмыстары меморандум аясында іске асуда. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы Оңтүстік Кореяның Сунхончян клиникасының келісім жасалған. Күрделі операциялардан бөлек шетелдік дәрігерлер облыстық клиникалық аурухана базасында өзге де медициналық тексерулер жүргізіп тұрады. Айта кетейік, кореялық дәрігерлер аурухана базасында екі күн бойы күрделі оталарды күнгейлік дәрігерлермен бірлесіп жасамақ. Мұнан бөлек облыстың мамандары арнайы Кореяға барып, шетелдік мамандардың жұмысын өз көздерімен көріп, тәжірбие алмасып қайтқан.

Лаура Нахыпқызы

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР