24-04-2024
26.3 C
Шымкент

Әлеуметтік қызмет орталығының қосымша ғимараты ашылды

Шымкентте мүгедектер күні аталып өтті. Атаулы күні арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша ғимараты тапсырылды. Ал дендросаябақта мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылып, арнаулы орталықтардың емделушілері мен облыстық филармония әншілері ұсынған концерттік бағдарлама ұсынылды. Шымкентте №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша 110 орынды ғимараты пайдалануға берілді. Мұнда 18 жастан асқан психо-неврологиялық аурулары бар І және ІІ топтағы азаматтар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі. Нысанға оң бағасын берген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев ерекше күтімді қажет ететін жандарға әлеуметтік қолдаудың артатынын жеткізді. Айта кетейік, осы мақсатта жыл сайын жергілікті бюджеттен 9 миллирд теңге бөлінеді. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне арналған мерекелік шара дендросаябақта өтті. Қонақтар мен жиналған көпшілік алдымен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 7 мекемеде қызмет алушы азаматтардың қолөнер бұйымдарын тамашалашады. Мұнда арнаулы кәсіптік колледждің білім алушылары өз қолдарымен жасаған дүниелерін ұсынды. Ал кентаулық студент Қажыгелді Тастанов келушілерге күннен, желден энергия өндіруге мүмкіндік беретін жобасын таныстырды. «Шын жүректен» атты мерекелік шараға жиналған қауым арнаулы әлеуметтік қызмет алушылар мен жергілікті өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады. Онда кәсіптік колледждің білім алушылары да өз өнерлерін паш етті. Жүрек қылын шертетін әсем әуендер қалықтап, ел мен жерді мадақтайтын патриоттық әндер көпшіліктің рухын асқақтатты. Айта кетейік, облыста бүгінде жалпы мүгедектердің саны 119 мыңнан асса, оның 15 мыңнан астамы — созылмалы жүйке ауруларына шалдыққан жандар. Бүгінде осы санаттағы жасы 18-ден асқан мүгедектің 1 жарым мыңға жуығы басқармаға қарасты ересектерге арналған әлеуметтік қызмет көрсететін 4 орталықта толық мемлекет қамқорлығына алынып, кешенді қызметтермен қамтылып отыр.

Мақпал Рысбаева

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР