19-09-2021
22.3 C
Шымкент

«Леңгір құс» өндірістік кооперативі жұмысын бастады

Оңтүстікте ауылшаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Өңірде 75 индикаторлы кооператив құрылу керек болса, бұл меже артығымен орындалып отыр. Түрлі бағытта өнім өндіретін 158 шаруа қожалығы ашылған. Топтасқан якорлы инвестициялық жоба аясында Төлеби ауданында құс етін өндіретін «Леңгір құс» өндірістік кооперативі жұмысын бастады. Ұжым құрамында 20 кәсіпкер бар. Киелітас ауыл округінен бөлінген 2,5 гектар жерге инфрақұрылым жүйесі жүргізіліп, қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұйыртса, таяу күндері іске қосылмақ.

Тауық етін өндіретін кооператив өкілдері арнайы конкурс арқылы іріктелді.  Шаруа қожалығының төрайымы Дина Сүттібаева бұған дейін де кәсіпкерлікпен айналысқан. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас». Шаруашылықта кездесетін әртүрлі проблемалар іскер келіншекті әбден титықтатыпты. Елбасы міндеттеген маңызды бағдарлама енді бұл қиындықтарды артта қалдырды.

Дина Сүттібаева – «Леңгір құс» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрайымы: — Жеке бизнестен гөрі мұнда пайда көп. Әрі жем-шөпке мемлекеттен субсидия бөлінеді. Құс етін өндіретін кәсіпорында небәрі екі ғана адам жұмыс істейтін болады. Өйикені, барлығы автоматтандырылған.

Қазір 20 құс фермасының жетеуінің құрылысы толығымен бітіп тұр. Құрылысқа қажетті қаражатты кәсіпкерлер «Ырыс» шағын қаржы ұйымынан рәсімдепті. 42 млн. теңге. Үкімет бекіткен бағдарлама аясында шаруалар жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Құс асырауға қажетті құрал-жабдықтардың мәселесі де шешіліп қойған.

Сержан Дүйсебаев – Төлеби ауданы әкімінің орынбасары: — 20 азамат 10 соттық жерді конкурс арқылы ұтып алды. Әр фермаға 5 500 тауық сияды. Инфрақұрылымын жүргізуге 4 млн. теңге жұмсалды…

Өткен жылы ауданда 10 біріккен шаруа қожалығы құрылса, биылғы меже одан да көп. 20 ауылшаруашылық кооперативі ашылды. Топтасқан якорлы инвестициялық жобаның арқасында кәсіп иелерінің шаруасы шалқыды. Ісі ілгеріледі. Сонымен, кооперативке бірігудің тиімділігі неде? Қандай жеңілдіктер қарастырылған? Сала жетекшілерінен сұрап, білдік.

Нұржігіт Мырзахметов – облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:- Мемлекет тарапынан 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, құрал-жабдықтарға 7 млн. теңге кетсе, соның 3,5 млн. теңгесін мемленкет субсидиялайды. Екіншіден, жем-шөптің әр тоннасына 20 мың теңгеден субсидяи бөлінеді. Құс етін сатуға жеке кәсіпкерге келісіне 40 теңге болса, ал кооператив мүшесіне 80 теңгеден сатуға мүмкіндік бар…

Фабрика іске қосылса, жылына 160 тонна құс етін өндіруге қауқарлы болмақ. Ал, кәсіпорын құс балапандарын өңірдегі ірі өндіріс орны — «Шымкент құс» серіктестігінен алатын болады. Балапандар 35-40 күнде жетіледі. Ал, аталмыш компания өндіріс аумағына іргелес сою бекетін салып жатыр. Сонда кәсіпкерлер өнімін сату үшін алысқа ат арытпайтын болады.

Г. Қамырзақызы

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР