03-09-2021
28.3 C
Шымкент

Қуаныш ұялатқан мереке

Адам баласы саналы, ойлы бола тұра, кейде барға қанағат, жоққа шүкіршілік етуді ұмытып тағдырға налитынымыз бар. Осындай сәтте тағдырдың тауқыметін туа сала көрген мүгедек жандардың мүмкіндігі шектеулі өмірін көргенде тәубаға келетініміз рас.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілдеріне мейірім, жүздеріне қуаныш ұялатқан мереке «Мүгедектер күні» ретінде бірнеше жылдан бе-рі аталып келеді. Осыған орай, ауданымыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің күндізгі бөлімшесінде мүмкіндігі шектеулі балардың қатысуымен іс-шара ұйымдастырылды. Бұл бөлімше Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылғы 16 маусымдағы «Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шара жоспарының үшінші кезеңін (2016-2018) бекіту туралы» №174 қаулысына сәйкес ашылып, осы жылдың сәуір айынан бастап жұмыс жасауда.
Бөлімшеде психолог, дефектолог, логопед мамандары қызмет атқарады. Мұнда мүгедек балалардың өз-өздерін ерсі қылыққа, қоғамға зиян келтіретін іс-әрекеттерді болдырмау үшін психологиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ балардың білім алуына жағдай жасалып, коррекциялық түзеу жұмыстары жүргізіледі, ой-өрісін дамытатын қызықты ойындар ұйымдастырылады. Өмірдің сынағын арқалаған балаларға индивидуалдық қарым-қатынас жасап, көңілін көтеріп, ортаға тартып, белсенділікке ынталандыруды мақсат тұтқан осы бөлімшедегі шарада балалар тақпақ, ән айтып, би билеп, түрлі ойындарға қатысты, демеушілер есебінен балаларға түрлі ойыншықтар таратылды.
«Адам қайғысы — заман қайғысы» деп жатады. Ал осы заманның қайғысына қайғырған жанның жүрегі мейірім мен қайырымға толы. Сөзімізге дәлел атаулы күні «Ернұр пресс» корпорациясының директоры, жерлесіміз Ерлан Нұрмахановтың демеушілігімен Ақбастау ауылдық округінде тұратын 23 мүмкіндігі шектеулі балаларға спорттық киімдер таратылып, балаларды қуанышқа бөледі.

Ж.ДАҢҒЫЛБАЕВА,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР