20-04-2024
23.3 C
Шымкент

Діни конфессия өкілдері арасында турнир өтті

Қазақстанның тəуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында елімізде жыл сайын 18 қазанда дəстүрлі түрде аталып өтетін Рухани келісім күнінің де үлкен маңызы бар. Елбасының Н.Ə.Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылғы 18 қазанда Алматы қаласында өткен Рухани келісімнің бірінші конгресіне қатысқан танымал дін жəне қоғам қайраткерлері осы күнді адамдар арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізу жəне бітімгершілікті іздеу күні ретінде бекітуді ұсынған болатын. Егер тарихқа үңілсек алғашқы Бүкілəлемдік рухани конгресі 1893 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында өткенін көрер едік. Тек араға ғасыр салып осынау ізгі бастама қазақ жерінде нақты іске аса алды. Алматыда Рухани келісімнің бірінші конгресіне Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Ресей, Австрия, Италия, Швецария, Үндістан жəне басқа да елдерден қатысушылар өз манифесінде 18 қазанды Рухани келісім күні ретінде атап өту бастамасын көтерді. Бүгінгі күндері 18 қазан — Рухани келісім күні мерекесі Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік деңгейде аталып өтуде. Биылғы жылғы Рухани келісім күні қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы əкімінің кубогы үшін облыстағы діни конфессиялар жетекшілері мен өкілдері арасында кіші футболдан турнир 14 қазан күні ОҚО дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Турнирге 6 команда қатысты. Атап айтқанда: Оңтүстік Қазақстан облыстық мешітінің командасы, Православиелік конфессиясының »Дружба» командасы, Католиктік конфессиясының »Святой Николай» командасы, Пресвитериан конфессиясының »Титан» командасы, Елуіншілер конфессиясының »Қуаныш» командасы, ОҚО дін істері басқармасының »Дін мəселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің »Сұңқар» командасы. Іс-шараға қатысушыларды мерекемен жəне турнирдің ашылуымен ОҚО дін істері басқармасының басшысы Сапарбаев Самат Айдарханұлы құттықтады. Бұдан бөлек ҚМДБ ОҚО бойынша өкіл имамы Керімбек Ахметжан, »Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралдық соборының приходы» жергілікті православ діни бірлестігінің діни қызметшісі Могилевский Александр, »Сəби Исаның — Əулие Терезасы атындағы Рим католик приходы» діни бірлестігінің діни қызметшісі Джачинти Паоло сөз сөйледі. Іс-шара барысында ниет білдірген қатысушыларға теннис, шахмат ойындары да ұйымдастырылды. Турнирдың қорытындысы бойынша футболдан бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облыстық мешітінің командасы, екінші орынды православиелік конфессиясының »Дружба» командасы, үшінші орынды пресвитериан конфессиясының »Титан» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Іс-шара соңында мерекелік дастархан жайылды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР