18-04-2024
16.3 C
Шымкент

Агроөнеркәсібі өркендеген Сарыағаш

Сарыағаш ауданында қарқынды бау көлемі артып келеді. Қыратқа жеміс жайқалтқан шаруалар жиған-тергенінің қалпын бұзбай, сақтауда да барлық жағдайды қарастырған. Аудандағы «База — Servis» ЖШС-гі мәселен, рәсуа етпей, 10 мың тонна өнімді қыс бойы ұстауға қауқарлы. Агроөнеркәсібі өркендеген Сарыағашқа өңір басшысы арнайы ат басын бұрды.   Өңір басшысы алдымен, Жемісті ауылдық округіндегі «Ынтымақ Бес-Арыс» ЖШС-де болып, шаруашылықтың қарқынды бауын аралап көрді. 2009 жылы құрылған серіктестік 2015 жылдан бастап, қарқынды бау егумен айналысады. Бүгінде қожалық иелігіндегі 36 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бау егілген. Мұнда алманың Жерси Мак, Жанжир Голд, Вилямс Прайд, Гала, Голден Делишес секілді 13 түрі  көгеріп тұр. Жылына  80 млн. теңгенің өнімін  өндіретін серіктестікте  30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі аудан басшысы мен қожалық төрағасына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық жеңілдікті тиімді пайдалануды тапсырды.

Жансейіт Түймебаев – облыс әкімі: — «Сарыағаш ауданының табиғи-климаттық жағдайы жемістер мен көкөніс көшеттерін өсіруге өте қолайлы. Сондықтан, аталған серіктестік басшылығына мемлекет тарапынан берілетін субсидия мен түрлі несиелік жеңілдіктерді тиімді пайдалану қажет. Ол үшін тиісті құжаттарды реттеп,  дер кезінде әрекет еткен жөн. Алдағы жылдары климаты мен топырағы сәйкес келетін өзге аудандарға осы тәлімбақта өсірілген көшеттерді жерсіндіру ісін жандандыруды тапсырамын».

Облыс әкімі аралаған келесі нысан – «База — Servis» ЖШС-і. Бұл мекеменің 2,5 гектар  аумақта орналасқан ауыл шаруашылық өнімдерін сақтау қоймасы бар. Ал, көкөніс өнімдерін консервілеу цехы 60 мың шыны ыдысқа қысқа тіскебасар мен тәтті тосап жабады. Жалпы құны 1 млрд. 200 млн. теңге болатын қойманың 80 пайыз қаржысын серіктестік өз қалтасынан шығарса, 300 млн. теңгені несие алу есебінен жүзеге асырған. Бұдан соң өңір басшысы Сарыағаш қаласындағы аудандық бюджет есебінен  35 млн.  теңгеге салынған «Ана мен бала» аллеясын аралап көрді.  Демалыс орны отбасы құндылықтарын дәріптеп, анаға деген құрметті насихаттау, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дамыту үшін іргесін қалаған. Аллеяға арнайы соққан облыс әкімін сарыағаштық аналар жаһұт жыр, әсем әнмен қарсы алды. Сарыағаш тұрғындарымен жүздескен өңір басшысы облысымызда атқарылып жатқан шаруаларды баяндап, Сарыағаш ауданы агроөнеркәсіп саласына сүбелі үлес қосып жатқанын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта аға буын өкілдерін  бірлесіп, облысымыздың өркендеуіне үлес қосуға шақырды. Сарыағаш ауданында атқарылып жатқан ауқымды шаруаларға көз жеткізген өңір басшысы еңбекқор жұртшылыққа оң бағасын берді. Жері шұрайлы, табиғаты қолайлы аймақта мұнымен тоқтамай, ауылшаруашылық саласын дамыта беруді тапсырды. Сонымен қатар,  саланың сарыағаштық даму үлгісін өзге аудандарға насихаттауды тиісті сала басшыларына тапсырды.

К. Дүйсенбі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР