19-04-2024
24.3 C
Шымкент

Облыс әкімі өңір фермерлерін марапаттады

ОҚО дихандары ала жаздай еткен еңбектің жеңісін көрді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өнім көлемін еселеп, экспорттық әлеуетті арттырған шаруаларды арнайы марапаттап, көңілдерін бір марқайтты. Күннің атысы мен батысына дейін тынымсыз еңбек еткендердің мерейін асырды. Жылдағы дәстүрмен өтетін «Алтын күз» жиыны биыл «Агрофест-2017» деген атаумен шымылдық түрді.  «Агрофест». Бұл дегеніміз — аграрлық салада асығы алшысынан түскендердің сайысы. Ауылшаруашылықта тасы өрге домалап, өніммен өрісі кеңейгендердің басқосуы. Осынау шарада өңір басшысы да саланың аймақ экономикасын дамытудағы салмағына ерекше мән берді. Жылдық қорытындыға сай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып, мал және құс шаруашылығындағы табысы артқан аудандар арнайы марапатталды. Көшті Сарыағаш ауданы бастап тұр. Бұл күні Шымкент төрінде ән мен жырдан шашу шашылды. Шаруалар өнімдерін арзан бағада ұсынып, жиған-тергенін көпшілікпен бөлісті. Жастар жағы спорттық ойындармен шараның көркін қыздырды. Саланың сан қырында жетістікке жетіп, тынымсыз еңбегімен ерекшеленген шаруалардың да мерейі тасыды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық саласының жетістігін жұртшылыққа жеткізіп, тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан бір топ тілші де басқарма басшысының марапатына ие болды. Бұл тізімде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының қаламы қарымды журналисі Гүлжауһар Ергешбаева да бар. Айтып өткен жөн, биыл облыс дихандарының табысы мол. Мақтаралдық шаруалар мақта дақылынан мол өнім алса, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында бидайдан түскен пайда орасан. Арпа-бидайдан 18,3 центнерден өнім алынып, 400 мың тоннаға жуық астық қамбаға құйылды. 116 мың тонна жеміс-жидек пен 919 мың тонна көкөніс жиналған. 295 мың тонна картоп пен 1,3 млн. тонна бақша дақылдары — қысқа азық.

Перизат Биназарқызы 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР