18-04-2024
23.3 C
Шымкент

Мақтааралда 200 мың тонна мақта жиналды

ОҚО Мақтаарал ауданының мақташылары ауа райының әрбір ашық күндерін тиімді пайдалана отырып, қазірге дейін қырманға 200 мың тонна «ақ алтын» жинады. Гектар өнімділігі әр гектардан 21,4 центнерден түсуде. Жиналған өнімнің 118 мың тоннасы комбайнмен, 82 мың тоннасы қол күшімен терілді. Бүгінгі күнге дейін 93 мың гектар алқаптың мақтасы жинап алынды. Науқанға 641 терімшілер бригадасы, 25 мыңға тарта терімші, 290 комбайн жұмылдырылуда. Былтыр мақта бағасы 150 теңгеден басталып 160 теңгеге жетсе, биыл 165 теңгеден басталып 178 теңгеге дейін көтерілді. Бұған дейін мұндай жоғары баға болмаған. Әрине, жауын-шашынның болуына байланысты 150 теңгеге төмендегенімен, кейіннен ауа-райының жылы болып, мақта құрғақ болуына байланысты баға қайтадан көтеріліп отырды. Ауыл округтері арасында мол өнім жинап, көш бастап келе жатқан Ж.Ералиев ауыл округі диқандары әр гектардан 28,3 центнерден өнім жинауда. Сондай-ақ, Жаңажол ауылдық округінің шаруалары да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Мәселен, «Өргебас» шаруа қожалығының иесі Мейірбек Забынбеков 5 гектар жерге мақта егіп, 40 центнерден өнім алған. «Биыл ауданның кейбір жерлерінде құрт мәселесі болғанымен шаруалар еңбекқорлығының арқасында өнімділікті сақтап қалды. Әрине, мемлекет тарапынан берілген көмектердің де үлесі зор. Өзім 5 гектар жерге мақта егіп бірінші терімнен 15 тонна алсам, екінші терімнен 5 тонна ақ алтын жинадым. Мақта қабылдау пунктіне 165 теңгеден өткізіп, 3 миллион теңгеден астам табыс таптым»- деді М.Забынбеков. Айта кетейік, Мақтарал ауданында жалпы саны 94 мың гектар жерден мақта жиналып жатыр. Бүгінде бірінші терімді аяқтап, екінші терімді бастап жіберген шаруалар да бар. Аудан әкімдігі 220 мың тонна мақта жинауды межелеп отыр. Мақта теру науқаны жалғасуда.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР