19-04-2024
21.3 C
Шымкент

Қазақстан газы Қытайға экспортталады

Қазақстан табиғи газын Қытайға экспорттауды бастады. Екі ел арасында бір жыл ішінде 5 млрд текше метр табиғи газ жеткізу жөнінде келісім-шартқа қол қойылды. «ҚазТрансГаз» АҚ Ұлттық операторының экспорттық түсімі 1 млрд АҚШ доллары болады деп күтілуде. Алғашқы партияның жіберілуі салтанатты жағдайда өтті. Оны онлайн-байланыста Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен «Қазмұнайгаз» АҚ Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев бақылады. Табиғат байлығының алғашқы партиясы өңірге қарасты ОҚО Сайрам ауданындағы «Ақбұлақ» газ өлшеу стансасы арқылы жіберілді. Аталған станция Батыс Қазақстандағы табиғат байлығының көзінен өндірілген өнімді аспан асты еліне бағыттап отыратын болады. Алдағы уақытта мыңдаған шақырымға созылып жатқан иен байлықтан миллиардтаған табыс түспек. Ал көгілдір отынды Қытай тарабы «Қорғас» бекеті арқылы қабылдап алмақ. Ол үшін арнайы «Қазтрансгаз» АҚ мен PetroChina International Company Limited арасында табиғи газды сату-сатып алу жөніндегі келісім-шартқа қол қойылған. Еліміздің ішіндегі табиғи газ тасымалдаудың экспорттық бағыты 3 мың шақырымды құрайды. 10 сорғы станциялары жұмыс істемек.

Рустам Камалходжаев, жүйелік өндірістік басқарма басшысы:— Қазір сағатына 700 мың текше метр табиғи газ жіберіп жатырмыз. Қытай тарабына 3 желі арқылы газ беруге толық мүмкіндігіміз бар. Дәл қазіргі уақытта 1 желі арқылы жұмыс істеп жатырмыз. 6 өлшеу желісі бар. Үшеуі Қазақстан ішінде. Ал 3 желі оңтүстікті қамтуға арналған.

Осылайша отандық газды тасымалдау мен экспорттаудың жаңа дәуірі басталды. Мұны соңғы жетістік деп бағалауға болады. Оның еліміздегі аталған салаға тигізер пайдасы да орасан. Соның арқасында еліміздің газ тасымалдау жүйесі толықтай техникалық қайта жарақтандырудан өткізілді. Ал ол үшін дипломатиялық менеджмент тұрғысынан да орасан зор жұмыстар атқарылған. Айта кетейік, Қазақстандық газ бұған дейін тек Ресей аумағы арқылы Еуропаға сатылып келсе, енді еліміз үшін қосымша жол ашылды. Қытайға 5 млрд. текше метр газ сату, бұл басы ғана. Бізде 10 млрд текше метрге дейін газ шығара алатын техникалық мүмкіндік бар. Ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» АҚ аз ғана уақыт ішінде еліміздегі барлық магистральдық газ құбырларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктірді. Негізгі газ бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік беретін жобаларды іске асырды. Қуатты газкомпрессорлық және сығымдау станциялары — «Бозой», «Қараөзек», «Ақыртөбе» пайдалануға берілді, «Бозой» жерасты газ қоймасы реконструкцияланды, газды құрғату мен тазалауға арналған ірі кешен пайдалануға берілді. Барлық кешендер заманауи технологияның соңғы үлгілерімен жарақтандырылған. Бұл өз кезегінде аталған станциялардың ұзақ мерзімге әрі тиімді қызмет етуіне өзіндік септігін тигізері сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР