03-04-2022
11.3 C
Шымкент

Әлеуметтік сауда орталықтары ашылады

Оңтүстікте әлеуметтік сауда орталықтары ашылады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев селекторлық режимде өткен аппараттық жиында азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру және тауар өндірушілер мен диқандарға өз өнімдерін саудалауға мүмкіндік беретін әлеуметтік базар ашуды аудан, қала әкімдеріне тапсырды.

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында өңірде бір ай көлемінде әлеуметтік базарлар ашуымыз қажет. Ол үшін Шымкенттен 1-1,5 гектар жер қаралып, талапқа сай жасақталуын, ал ірі аудандар 70 соттық, шағын аудандар 50 соттық жер бөліп, аз уақыттың ішінде тауар өндірушілерге өз өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалу керек, — деді әкім.

Сонымен қатар аймақ басшысы әлеуметтік базарларда өнімдер ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерімен бәсекелесетіндіктен және тауар өндірушілермен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы өнім бағасын төмендетуге мүмкіндік туатынын атап өтті. Мәжілісте сөз алған облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Жұмашбеков жалпы обыста әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағаларының күрт өсімі орын алмағанын және тауарларға жетіспеушік байқалмайтынын мәлім етті. Оның айтуынша, бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс аумағындағы сауда орындарының басшыларымен бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде меморандумға қол қойылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткізу арқылы баға тұрақтылығы сақталуда. Мәселен, жыл басынан бері өңірде 77 жәрмеңке өткізілген болса, онда жалпы соммасы 639,3 млн теңге болатын 842,1 тонна азық-түлік тауары сатылған. Яғни жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкедегі тікелей сатылымының есебінен бағалар нарықтағыдан төмен болған. Бұдан бөлек спикер ӘКК тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша жалпы соммасы 752,3 млн теңгені құрайтын фьючерлік/форвардтық келісім-шарттарға қол қойылғанын жеткізді. Айта кетейік, бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында 1 мың тонна қант, 2 мың тонна картоп, 1 мың тонна пияз, 1 200 тонна сәбіз, 70 тонна күріш, 200 тонна сиыр еті және 30 тонна макарон өнімдері бар. Мұнан бөлек қоймада өткен жылы алынған тауарлардан қалған 2500 тонна ұн, 1 244 тонна қант және 69,1 тонна күріш сақталуда. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі азық-түлік бағаларының өсуі халықты алаңдататын ең маңызды мәселе екенін айтып, әр аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың күнделікті тұтынатын тауардың қымбаттауына жол бермеуді нықтап тапсырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР