18-04-2024
14.3 C
Шымкент

Кооператив көбейсе, сүт мол болады

ОҚО Қазығұрт – ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы аудан. Шаруалардың жағдайы қалай? Бұл салада қандай жетiстiктер һәм нендей мәселелер бар? Осы сұрақтарға жауап табу мақсатында Қазығұрт ауданына баспасөз-туры аясында барып, жұртшылықтың тыныс-тiршiлiгiне қаныққан едiк. Шарапхана ауыл округiне қарасты Махамбет Өтемiсұлы ауылының тұрғындары ендi сүт өткiзу үшiн қалаға сабылмайды. Себебi, «Қаратас» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативi маңынан «Фуд Мастер» компаниясы 1,2 тонналық сүт қабылдау танкерiн орнатып қойған. Кез келген уақытта сүт өткiзiп, ақшасын алуға мүмкiндiк бар. Бүгiнде бұл өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң саны 117-ге жеткен. Кооператив төрағасы Мақсатбай Мәуленовтiң айтуынша, сүттiң әр литрi 80 теңгеден қабылданып жатыр.

– Былтыр желтоқсан айында кооператив құрдық. Егiстiкпен және мал шаруашылығымен айналысамыз. Кейiн ойлана келе кооператив құрамындағы 30 кәсiпкер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 130 миллион теңге несиеге қол жеткiзiп, 700 iрi қара сатып алдық. Мақсатымыз – сүттi бағыттағы малды көбейту. Сондықтан сүрлемдiк жоңышқаны да өзiмiз дайындап, жем-шөптi әзiрлеп қойдық. Қазiр «Фуд Мастер» компаниясына сүт өткiзiп жатырмыз. Бұл саланың маңыздылығын ескерiп, жуырда 2 тонналық модульдi сүт қабылдау бекетiн сатып алдық. Оған да мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлдi. Құжат реттеуде, несие алуда да аудан әкiмдiгi көмектесiп жатыр. Ендiгi мақсатымыз – тәулiгiне 3 тонна сүт өткiзу, – дейдi кооператив төрағасы. Бүгiнде қазығұрттық шаруалар мемлекет тарапынан қолдау алу үшiн кооперативке бiрiгудiң маңызы зор екенiн түсiнгендей. Ауданда былтыр 19 өндiрiстiк кооператив құрылса, биыл тағы 21 кооператив жұмысын бастаған. Оған 9387 адам мүше болып, мал шаруашылығы мен диқаншылыққа бет бұрғандар саны артқан.

Ғ. Сапарбеков, ОҚ

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР