20-04-2024
26.3 C
Шымкент

Жастарды тәрбиелеуде ананың рөлі зор

Ел анасы, Мақтарал ауданының құрметті азаматы, аудандық әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаеваның 75 жасқа толуына орай Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында облыстық ардагерлер кеңесінің «Ұлт тағдыры — ұрпақ тәрбиесі» тақырыбындағы өңірлік семинары өтті. Алқалы жиынға аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіғаппар Исаев және әжелер алқасының мүшелері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Айжамал Қоңырбаеваның өмірі, еңбек жолы, қоғамдық қызметі туралы т.б. қыр-сырларын көрсеткен іс-шара сыр-сұхбат жанрында өрбіді. Жүргізушілер және көрермендер тарапынан кейіпкерге көптеген сұрақтар қойылып, «әйел бақыты», «әйелдің отбасындағы рөлі» және «әйелдің қоғамдағы рөлі» сияқты көптеген мәселелерге ел анасы атанған А.Қоңырбаева жауап бере отырып, жастарды тәрбиелеуде аналардың рөлі ерекше екенін айтты. Аудандық «Мақтарал» мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама қойып, кейіпкердің өмірінен алынған көріністерді сахналады. Сондай-ақ, А.Қоңырбаеваның өмірі жайлы «Санұр ТВ» телеарнасының деректі фильмі көрсетіліп, аудандағы ардагерлер кеңесінің және әжелер алқасының атқарып жатқан жұмысы жайлы видеролик қойылды. Қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер де көрсетіліп, ұмытылып жатқан дәстүрлер жаңғыртылды. Іс-шараның соңы «Жетісай хол» мейрамханасында жалғасып, түрлі өңірлерден келген қонақтар А.Қоңырбаеваны құттықтап, еңбегін бағалады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов Мақтарал аудандық әжелер алқасының жұмысына жоғары баға беріп, облыста үздік әжелер алқасы атанған ұжымды өрге сүйреген А.Қоңырбаеваның еңбегі екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР