Оңтүстікқазақстандық, ерекше оқытуды қажет ететін бір топ бала Республикалық жарыстан жүлдемен оралды. «Special Olympics» халықаралық ұйымы ұйымдастырған спорттық дода ақыл-есінде кемістігі бар балалар арасында өрбіді. Оған Сайрам көмекші мектеп-интернатының тәрбиеленушілері қатысып, 6 медаль ұтты. Жеңімпаздарды оқушылардың ата-аналары мен мұғалімдері Шымкенттегі теміржол вокзалында ерекше құрметпен қарсы алды. Олар туабітті ауыр дертпен сырқаттанса да өмірге деген алабөтен құштарлығымен ерекшеленеді. Осы қасиет балалардың спорттық додада жеңіске жетуіне себеп болды. Балаларға инклюзивті білім беретін педагогикалық ұжым шәкірттерінің топ ішінен қара үзіп, дара шыққандарына қуанышты. Қажырлы еңбек ақталды деп біледі.
Захиджан Ерескулов – бапкер: 2 күміспен, 2 алтынмен, 1 қоламен оралдық. Жүгіру мен секіру, жалпы жеңіл атлетика бойынша жарыстық. Балаларды біраз уақыт дайындадық. Рахметімізді айтамыз!
Бұл — Сайрам ауданында орналасқан Көмекші мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің алғашқы жетістігі емес. Олар бұған дейін икемдеуге қиын болса да ауыр сәтте қолдағаны үшін Елбасына ризашылық білдіріп, бұйым тікті. Ерекше кәдені Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы ресми түрде бекітілген тұста алғаш болып, жолдады. Бұл орайда Ұлт көшбасшысының да ілтипаты ерекше болды. Айтқандай, балалар Көкшетауда өткен былтырғы спорттық жарыста да бас бәйгені қанжығаға байлады. Қоғамдық түрлі шаралардан да қалыс қалған емес.
Жадыра Таңатарова – Сайрам Көмекші мектеп-интернатының директоры: Облыстық білім басқармасына қарасты Сайрам көмекші мектеп-интернаты 180 алигофренияның жеңіл түріндегі балаларды оқытуда. Оларды қоғамдық өмірге даярлау, сауаттылық функционалдығын арттыру – басты мақсатымыз. Бұл жыл сайын өткізілетін жарыс – «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өз жалғасын табуда. Елбасымыздың қолдауымен осы жарыстарға қатысуға мүмкіндіктер алып келеміз.
«Special Olympics» ойыны ерекше оқытуды қажет ететін балаларды қоғамға бейімдеп, олардың физиологиялық дамуын жақсарту үшін ұйымдастырылады. Халықаралық-қоғамдық ұйым жарысына демеушілер көмегімен ғана қатысудың мүмкіндігі бар. Бұл тұста мектеп-интернат жанашырлары Елбасының рухани жаңғыру реформасын қолдады. Қазақстан кедергісіз аймақ болуы тиісті деген қағиданы ұстанды.
АЙЗАТ Бауыржанқызы