Облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушылары мен өңіріміздегі этномәдени бірлестік төрағаларының кездесуі өтті.
Басқосуда Елбасы бастамашылық жасаған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын тиімді іске асырудың ел үшін маңыздылығы, елімізде біртектілік пен бірлікті нығайту бағытында бірлесе атқаратын шаралар қаралды.
Жиынды облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е.Байқонақов жүргізіп отырды. Басқосуда сөз алған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Асхат Есеналиев кафедра қызметінің негізгі екі бағыты — ғылыми-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жыл басынан бері атқарылған шараларға тоқталды. Ассамблея жобаларына ғылыми қолдау көрсету жұмыстарын бірлесе жетілдіру жайын сөз етті.
Шара барысында этномәдени бірлестіктердің басшылары да сөз алып, алдағы уақытта атқарылатын шаруалардың жоспарын ортаға салды. «Татулық пен бірлік біздің басты ұранымыз», деген Ассамблея мүшелері ортақ мақсат жолында күш біріктіру керектігін айтты.