test
13-07-2024
35.3 C
Шымкент

Дербес ауылдық округ бюджеті қалыптастырылмақ

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Отырар ауданының 11 округінде дербес ауылдық округ бюджеті қалыптастырылмақ. Осыған байланысты аудан басшысы Ерлан Айтаханов кезекті жиындардың бірінде «Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамында көрсетілген төртінші деңгейдегі қаржыландыру мәселесі маңызды болып отыр. Себебі жаңа бюджет өзімен бірге жаңа міндеттерді жүктейтіні мәлім. Сондықтан бюджетті енгізуге әзірлік шараларын жан-жақты талқылап, түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізу керек. Бұл мәселеге формалды түрде қарамай, ауыл округтері әкімдері мен қызметкерлеріне жаңа қаржыландыру жүйесін толық түсініп алу үшін арнайы семинарлар ұйымдастыру қажет. Семинардың сапалылығы жұмыстың нәтижесіне тікелей байланысты болмақ. Сондықтан мамандарға жүктелетін жұмыс талабын арттыру үшін, оқыту мәселесіне селқос қарамауға тиіспіз», — деп оған даярлық жұмыстарын осы бастан жүргізу қажеттілігін баса айтқан болатын.
Бүгін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша төртінші деңгейдегі бюджетті енгізуге әзірлік шаралары туралы мәселені талқылау мақсатында семинар өтті. Аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Салхутдинұлының төрағалығымен өткен семинарға ауыл округтерінің әкімдері мен қызметкерлері қатысты.
Семинарда жергілікті өзін-өзі басқарудың кейбір мәселелері туралы баяндаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенова: «Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері үш бөлімнен тұрады. Салықтық түсімдерден, салықтық емес түсімдер және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің салықтық түсімдерден төменгі кіріс көздері айқындалды. Олар: төлем көздерінен салық салынбайтын кірістерден алынатын жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлігіне салынатын салық, жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы, елді мекендердің жерлеріне жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру үшін төлемақы.
Шығыстар ауыл әкімі шығыстарының Бюджет кодексінде қолданылатын 19 бағыты деңгейінде айқындалған: мектепке дейінгі тәрбие және оқыту; елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру; автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау; елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру және тағы басқалар»,-деп дербес ауылдық округ бюджетін қаржыландыру мәселесіне жан-жақты тоқталып, түсіндіріп өтті.
Семинар барысында ауыл округі әкімдері мен қызметкерлері тарапынан сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР