ОҚО Отырар ауданында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тындырымды іс атқарылып жатыр. Жергілікті билік қарапайым халыққа оңтайлы болуы үшін ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін әр ауылдық округте ұйымдастыруда. Ел қуанышын еселеген кезекті шара Көксарай ауылдық округінде болып өтті. Биыл көксарайлық дихандардың шаруасы шалқып тұр. Егістіктен екі есе артығымен өнім алған жергілікті еңбеккерлер жетістіктерін жерлестерімен бөлісуде. Оған Аққұм және Маяқұм ауылдарының кәсіпкерлері де ат салысты. Жәрмеңкеге «Ордабасы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қатысып, өз өнімдерін базар бағасынан 20 пайызға арзандатып сатты. Сауда сөрелерінен халық сұранысына ие картоп, пияз, сәбіз, жұмыртқа, қой, тауық еттері мен шұжық та табылды. Мерекеге арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Салхутдинұлы жәрмеңкені аралап, шаруашылықтардың өндірген өнімдерімен танысты. Бұдан соң ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек еткендер аудан билігінің құрметіне бөленді. Мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, ауыл өнерпаздары жиналған қауымға ән-билерін тарту етті. Шара барысында мектеп оқушылары арасында ұлттық спорт — қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды. Балуандар бозкілемде бақ сынады. Көпшіліктің назарын өзіне бұрған тартысты сайыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болды.
СҮНДЕТ Сейітов