20-04-2024
13.3 C
Шымкент

ОҚО әкімі Шанин ұрпақтарымен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев  Жұмат Шаниннің 125 жылдық мерейтойына арналған  «Театр дәнін тамырлатқан тарлан» атты еске алу кешіне келген қонақтармен кездесті. Олардың қатарында театр тарланының туған немерелері «Түрік әлемінің рухани мұрасы» қоғамдық қорының төрағасы Болат Шанин, Райхан мен Жанат  Қасымханқыздары да бар. Кездесуде сөз алған өңір басшысы биыл облысымызда қазақтың тұңғыш халық әртісі, кәсіби режиссері, драматург Жұмат Шаниннің 125 жылдығына орай  30-ға жуық мәдени іс-шараның жоғары деңгейде аталып өткенін жеткізді. — Қазақ халқының театр өнерін дамытуда Жұмат Шанин атамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Қазақтың біртума перзенті ұлт театрының негізін қалап, кәсіби тұрғыда қалыптастырды, сахналық-шығармашылық жағынан зор еңбек сіңірді. Театр тарланының 125 жылдығына орай жыл басында облыс әкімдігі тарапынан іс-шаралар жоспары түзіліп, арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Биылғы сәуір айында Түркістан мен Шымкент қаласының театрларында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында Түркі әлемінің театрлар фестивалі өтті, — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Театр тарланының 125 жылдығына орай биыл облысымызда «Қазақ театрының атасы», «Театр тарланы»,  «Тұңғыш режиссер, драматург, театр қайраткері», «Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы», «Жарық жұлдыз – Жұмат Шанин», «Театр және көрермен» тақырыптарында  көрмелер, кездесулер өткізілген болатын.  Аталған іс-шараларда Жұмат Шаниннің өмір жолы, еңбек жолы, адам өміріндегі театрдың атқаратын рөлі  жайында кеңінен насихатталды. Осы іс-шараларға ерекше қолдау білдірген облыс әкіміне Жұмат Шаниннің  немерелері  шын ризашылығын білдірді. — Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында атамыздың 125 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтуде. Көктемде өзіңіздің жеке қабылдауыңызда болып, іс-шаралар жоспары туралы ақылдасқан болатынбыз. Міне, бірнеше айдан соң сол айтылған, жоспарланған дүниелердің іске асып отырғанын көріп отырмыз. Осы ретте атамыздың мерейтойын өткізуге атсалысып, ерекше қолдау білдіргеніңіз үшін риясыз алғысымызды білдіреміз, — деді  Райхан Қасымханқызы.

Кездесу соңында өңір басшысы Жұмат Шанин атамыздың немерелеріне арнайы сый-сияпат жасап, «Театр дәнін тамырлатқан тарлан» еске алу кешінің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.  Атап өту керек, Жұмат Шанин атындағы қала көшесінде ұлы тұлғаға арналған мемориалды тақтасының ашылу салтанаты және театр сахнасында Жұмат Шаниннің 125 жылдық мерейтойына арналған «Театр дәнін тамырлатқан тарлан» атты еске алу кеші өтеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР