07-04-2022
23.3 C
Шымкент

СЕНАТОР ЖАСТАР САЯСАТЫНДАҒЫ ФОРМАЛИЗМГЕ ЖӘНЕ ҚАРЖЫНЫҢ ТИІМСІЗ ЖҰМСАЛУЫНА НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Бұл жыл ел үшін оңай басталған жоқ. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты азаматтардың бейбіт сөз сөйлеуін қылмыстық топтар өз мүдделері үшін пайдаланды. Осы әрекеттердің нәтижесінде кінәсіз адамдар зардап шекті деп санайды сенатор Әли Бектаев. Ол бұл туралы Сенат отырысында вице-премьердің атына жазылған депутаттық сауалында айтып, өз пікірін білдірді.

«Биылғы жыл еліміз үшін күрделі ахуалмен басталды. Бұл оқиға халыққа да, билікке де үлкен сабақ болды. Қиын-қыстау шақта жағдайды бақылауда ұстауға міндетті мемлекеттік органдардың қауқарсыздық танытқанын көрдік. Мемлекеттің Тәуелсіздігі мен болашағына қауіп төнген сондай қысылтаяң кезде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, уақтылы әрі батыл стратегиялық шешімдер қабылдады.Ең бастысы, Президентіміздің батыл шешімдерінің арқасында мемлекеттігіміз бен еліміздің тұтастығын сақтап қалдық. Мемлекет басшысы барлық жағдайды ашып айтып, теледидар арқылы халыққа дер кезінде бірнеше үндеу жариялап, ашық ақпараттық саясат ұстанды»,-делінген бірқатар сенаторлар дайындаған депсауалда.

Қазіргі уақытта Президент Үкімет алдына жаңа Қазақстанды құруға бағытталған нақты міндеттер қойды. Сенатор бұл бағытта ұлттық идеологияны қалыптастыру керек деп санайды, оның басымдықтарының бірі жастармен жұмысты күшейту болуы тиіс. Сол қаңтар күндері алаңға жастар шықты, олардың көпшілігі деструктивті күштердің арандатуына бой алдырды, деп атап өтті сенатор.

Жастар саясаты заман талабынан да, жастар талабынан да қалып отырғанын айтты. Сенатор жастар саясатын формализмнен арылтып, оларды тәрбиелеу мәселесімен тыңғылықты айналысу, елімізде рұқсат етілмеген деструктивті діни ағымдармен күресудің нақты шараларын қолға алу маңызды екенін жеткізді.

Жедел шешуді талап ететін проблемалардың бірі — өскелең ұрпақ арасындағы жұмыссыздық. Сенатор өзінің депутаттық сауалында бұл мәселені шешу үшін де пәрменді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Үкіметтің жыл сайынғы есептеріне қарап отырсақ, әр өңірде мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатады. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде көптеген кәсіпорындар ашылып, жүздеген адам жұмыспен қамтылды деген жаңалықтарды да естиміз. Бірақ жастар арасындағы жұмыссыздық көбеймесе, азаймай отыр. Сондықтан Үкімет жұмыссыздықты жою ісінде жалған есепке жүгінбей, нақты істерге көшуі қажет», — деді Әли Бектаев.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР