Қазақстан әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артқан мемлекет екенін өзіміз де кеуде кере айтып жатамыз, шетелдік сарапшылар да сұлу сөзді қымызша сапыра мақтауын келістіріп кетеді. Шынымен де экономикалық көрсеткіштеріміздің жыл сайын еселеніп келе жатқанын есеп-қисап саласының жүйріктері кезекті есеп беру жиындарында жариялап отырады. Бұған қуанамыз әрине. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан көрінуіміз керек деген талабымыз да бар. Көптеген салаларда ілгерілеушілік, даму бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Оны сыншы халық та байқап отыр. Дегенмен, қоғам болған соң кемшін түсіп жататын әлеуметтік мәселелер болмай тұрмайды. Сондай мәселенің бірін тақырыбымызға арқау етіп алғанды жөн санадық.
Кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы баспанасыз қаңғып жүрген көп балалы отбасылардың мүшкіл жағдайын жиі көретін болдық. Қыстың көзі қырауда еденінен сыз, қабырғасынан жел кеулеген адам тұрғысыз лашық пен мал қораны паналап жүрген көп балалы жанұялардың жағдайын телеарналар тұрақты көрсететін болды. Баспана сұрап әкімшілік атаулының табалдырығын қанша тоздырғанымен оң нәтиже шығара алмаған көп балалы аналар дәрменсіз күй кешуде. Әкімдіктерге де кінә артуға болмайды. Олар қолдағы заңнан асып ештеңе жасай алмайтыны белгілі. Тек кезекке тіркеп қоюдан арыға бара алмайды. Ал кезектің келгенінше кім бар, кім жоқ. Қанша жанашырлық танытқанмен кезегі жақындаған азаматтардың алдын орап кетуге болмайды. Олар да баспананың базын кешіп жүргендер. Кейде көп балалы отбасыларды, көп баласы бар жалғыз басты аналарды кінәлап жататындар да бар. Асырай алмаса неге көп бала табасың, сенің жеке мәселеңді мемлекет шешу керек пе, деген сияқты қатты сөздер айтып меселін қайтаратын шенеуніктер де кездеседі. Маңдайларына тағдырдың тауқыметін жазып қойғаннан кейін бәріне көнуге тура келеді. Адам болған соң шалыс басуы да, қателесеуі де мүмкін ғой. Бірақ бұл жерде көздері жәудіреген періште сәбилердің қандай кінәсі бар. Әрбір бала бақытты болуға тиіс деп жатамыз. Көзін аша салысымен қатал өмірдің ащы дәмін татқан, екі жастың біріне жетпей жатып жоқшылықтың, баспанасыздықтың салдарынан бойына айықпас дерт жапсырып алған шиеттей балалардың көз жасы ет жүректі пендені ойландырса керек. Дені сауы аман болса қиыншылыққа төзе жүріп, ертең ер жетер. Сол кезде қоғамның жылуын, мемлекеттің қамқорын көрмеген естияр жігіт отанына жақсылық жасайтын адам болып шықпауы бек мүмкін. Кеудесінде кек, тас жүрек, ешкімді аямайтын қоғамның қатыгез мүшесі болып шықпасына ешкім кепілдік бере алмас. Осы орайда бір мысал келтіре кетейік. Күні кеше ғана Baq.kz сайтында «Бес балалы ана баспанаға зәру» — деген материал жарық көрді. Осы мақаланы дайындауға түрткі болған да сол.
Қарағандыда тұрып жатқан Жания Ғабдышева есімді көпбалалы ананың бес перзенті бар екен. Өзінің айтуынша, бүгінде ол Қарағанды қаласындағы тастанды үйде тұрып жатыр. Қирап тұрған ғимарат онсыз да екі қызын майып қылған көрінеді. Енді қалған балаларының өміріне қауіптенген кейуана жергілікті биліктен баспана сұрап мұңын айтты. «Осы үйде тұрып жатқанымызға бес жыл болды. Тесігі көп бөлмелерді қыста жылыту азап. Балаларым жиі ауырады. Қарағанды қаласының әкіміне шағымданғанымнан кейін үйге жас жігіт келіп, Қазыбек би аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөліміне баруым керектігін айтты. Ол жерге барғанымда мемлекеттік бағдарламалардың ешқайсысына жатпайтындығымды айтып, шығарып салды. Қала әкімінің қабылдауында да болдым. Ондағылар баспананы өзге қалалардан іздеңіз деп өзіме жекіді. Сонда мен бес баламды алып, қай қалада үй береді екен деп аралап жүруім керек пе? Онсыз да қақпаған есігім қалмады» дейді ашынған ана. Оның айтуынша, жауын-шашынды күндері шатырдан су ағып, үйді лай су басып қалады екен. Ал, оны тазалап біткенше балалар далада жүруге мәжбүр. «Осы үйде тұрғалы бері екінші қызым темір есікке қысып алып бір саусағынан айрылды. Ал, тағы бір қызымның басына сылақ құлап, көзі ақи болып қалды. Үшіншісінің өкпесіне суық тиіп, тубдиспансердің есебіне алынды. Балаларымның үлгерімі өте жақсы, мектептен қалған емес. Күйеуім де жатыпішер емес, қолынан келгенше тырмысып, жұмыс істеп жатыр, өзі құрылысшы. Бірақ оның тапқан ақшасы тамақтан артылмайды» деп облыс әкіміне мұңын айтқан ана баспана мәселесін шешіп беруін өтініп отыр. Облыс әкімі болса бұл отбасының ешқандай әлеуметтік статусқа ие емес екендігін айтты. Яғни, мемлекеттің ерекше қамқорына алынған топтан емес. Жан басына шаққандағы айлық табысы да 10 мың теңгеден асады, ал, күнкөрістің ең төмен деңгейі адам басына шаққанда 6302 теңгені құрайды дейді Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев. Қысқасы, аталған отбасы баспананы мемлекеттің өзге азаматтарымен бірге кезек күтіп алатын болды.
Енді не істемек керек? Ата Заңымызда мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ сол қымбат қазынамыздың сапасызданып бара жатқан тұстарын реттеуге шамамыз келмей жатқанға ұқсаймыз. Солай екен деп мемлекетке ауыз ашып қарап отыра беруге тағы болмайтынын түсінуіміз керек сияқты. Өйткені мемлекет адамдардың өмір сүруіне барлық қолайлы жағдайларды жасап қойды. Еркіндік, бостандық бар. Қандай пайдалы кәсіппен айналысамын десеңіз де рұқсат етіледі. Осындай мүмкіндіктердің өзін пайдалануға дәрменсіз, 5-6 бала-шағасын асыруға шамасы келмей аянышты күй кешіп жүргендерге қандай демеу жасау керек, деген сұрақ көлденең тұрады. Бұл жерде қалталы азаматтарымыз атсалысса біраз мәселе шешілер ме еді. Мемлекет баспана мәселесін шешіп бере алмаса да, кәсіпкерлердің, ұлтына жанашыр қалталы азаматтардың есебінен суық қора-қопсыны, тастанды ғимараттарды паналауға мәжбүр отбасылардың жағдайын үйлестіріп берсе қанеки. Олардың балалары айықпас дертке шалдықпай тұрғанда қарекет жасалмаса, ертең бәрі кеш болуы кәдік. Жергілікті жердің бас имамдары да бұл іске неге кіріспеске. Алланың разылығы үшін сауабы мол іс жасаудың жақсылығын түсіндіре алатын молдалардың пәрменді уағыздарының да септігі тиер ме еді. Жоғарыда айтқанымыздай ата-аналардың өздері кінәлі деп, мәселе көтермей жауып тастауға да болады. Бірақ, сәбилердің тағдыры бей-жай қалдырмасы анық. Олардың жазығы жоқ қой. Бүгін сау жүрген бала ертең ауруы асқынып мүгедек болып қалса оларды асырау бүгінгіден де қиындай түседі. Дені сау болған күннің өзінде егер мемлекет, қоғам бұндай отбасыларға қараспайтын болсақ, ертең мемлекеттің мейірімін сезбеген, қоғамның жылуын көрмеген азамат ұры, қылмыскер, маскүнем, тағы осы сияқты теріс жолдың құрбаны болып кете барады. Күндердің күнінде қоғамға қауіп төндіретін баукеспелер де осындай ұрпақтан шығады. Түбі түрменің төрінен төбе көрсетеді де, мемлекет еріксіз оған қаржы шығарып қамқорлықтағы қылмыскер етіп бағады. Бүгін аяған қаржыны, үкімет ертең неше есе артық шығаратын болады. Стратегиялық тұрғыдан қарағанда бұл халықтың, мемлекеттің сапасын түсіретін көрсеткіштер. Сондықтан сапалы мемлекет құруымыз үшін қайырымды қоғам қажет болып тұр.
Әлімхан ҚАНАТҰЛЫ.