test
01-07-2024
21.3 C
Шымкент

“Кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастарға қолдау көп”

Бүгінгі таңда жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мәселесі өзекті. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру қарастырылып, барынша қаржылай қолдау көрсетілуде. Ал кәсіп бастаймын деген жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Бұдан бөлек жастарды ынталандыру бағытында кәсіпкерлікті қолдау үшін түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Осы мәселелер төңірегінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің “Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу” бөлімінің басшысы Бимаханбетов Дінислам Нартайұлымен әңгіме өрбіткен едік.

Дінислам, жуырда жас кәсіпкерлерге арналған «Best startup» үздік жобалар байқауына өтініш қабылдау басталды. Бұл жоба былтыр да өткен бе еді, нәтижесі қандай болды?
— «Best startup» үздік жобалар байқауының негізгі мақсаты — ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жастар арасындағы үздік жобалар мен технологияларды анықтау. Отандық жобаларды іске асыруға көмектесу, олардың коммерцияландыруына және ұлттық кәсіпорындарға енгізуге ықпал ету. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің “Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу” бөлімі бар. Тікелей осы бөлім айналысады. 2022 жылы пилоттық жоба ретінде бастау алды. Жалпы, «Best startup» жобасын “жастардың сұранысын тудыра ала ма” деген мәселемен алғашқы жылы байқап көрдік. Ал 2023 жылы бұл жобаны өзіміздің бюджеттен қорғап алдық. Бір байқағанымыз, кәсіпкерлікке деген жастардың қызығушылығы артып жатыр. Оның үстіне мемлекет тарапынан да жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдауға барынша назар аударылуда. «Best startup» жобасы бойынша қазіргі таңда өтінімдер қабылданып, іріктеу өткізіледі. Яғни, байқаудың бірінші кезеңіндегі өтінімдерді қарау конкурстық комиссиясымен жүргізіледі. Конкурстық комиссия мүшелерінің бағалау қорытындылары бойынша әрбір өтінім жиналған баллдарына байланысты іріктеліп, ең жоғары баллға ие болған қатысушылар жобаның II кезеңіне өткізіледі. «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан құрылған эксперттік топ іріктеу жүргізу барысында үздік 40 жобаны анықтайды. Үздік деп танылған 40 жобаның арасынан 20 үздік жобалар таңдалып, келесі кезеңге өтеді. Сол 20 жас өздерінің жобаларын тұрақты сарапшы комиссия мүшелері алдында бизнес жоспарларын қорғайды. Қазіргі таңда 30 шақты өтінім түсті. Ең үздік идеяларға қаржылай қолдаулар бар. Бірінші орынға 500 мың, екінші орынға 300 мың берілсе, үшінші орынға 200 мың, ал финалға дейін барып, іріктеуден өткен үміткерлерге ынталандыру үшін 10 орынға 70 мың теңгеден берілетін болады. Қазіргі таңда «Best startup» жобасы бойынша аудандарда семинар-тренингтер өткізілуде. Семинар тренингте кәсіп ашуды мақсат еткен болашақ жас кәсіпкерлер бизнес жоспар жазуды үйренеді, стартап жобалармен танысады. Қатысушылардың ішінде бизнес идеясы бар, кәсіп ашуды көздеген жас кәсіпкерлердің бизнес жобаларын талдап олардың кәсіп ашуына жол көрсетіп, аталған байқауға қатысуға мүмкіндік алады.

— Бұдан бөлек тағы кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы қандай жобалар жүзеге асырылуда?
-Жуырда ғана «Zhas project» жобасы қортындыланды. Жобаның негізгі мақсаты жастардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Жобаға қатысушылар өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді бастамаларды жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар көшбасшылық қабілетін де дамыта алады. Жастар әлеуметтік және кәсіби бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыға ие болады. Бизнес құру және жүргізу бойынша кәсіби менторлық қолдау ала алады.
Осы жылы Түркістан облысында гранттар беру рәсімдерінің барынша ашықтығын қамтамасыз ете отырып, «Zhas project» жастардың арасында шағын гранттар жобасы іске асырылды. Нәтижесінде облысымыздың аудан, қаласынан 502 өтінім түсті. Оның ішінен 40 жоба техникалық іріктеуден өткізіліп, комиссия мүшелеріне ұсынылды. Соңғы комиссия отырысы барысында 40 жоба комиссия алдында өз жобаларын қорғап, нәтижесінде 20 жоба грант иегері атанды. Бұдан бөлек биыл “Кәсібім менің жемісім” деп аталатын жоба қолға алынуда. Бұл жоба бойынша қатысушылар семинар тренингтен өтіп, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға экскурсия жасайтын болады. Мәселен, былтыр Түркістан облысы Ордабасы ауданында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен жастарға арналған 2,5 пайыздық несие беру бойынша жастар саясатын жүзеге асыру бойынша «Өз кәсібіңді аш» атты тақырыпта семинар-тренинг өткіздік. Жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған ТОО “Бөрте Милка” ЖШС кешенді сүт фирмасына және «Bokei» ЖШС қыш зауытына экскурсия жасалды. Сосын Ордабасы аудандық мәдениет сарайында облысымызға белгілі жас кәсіпкерлермен семинар-тренинг өткізілді. Іс-шараға 300-ге жуық облыс жастары қатысып, сол жерде іскер азаматтармен пікірлесіп, өздеріне қажетті кеңестер алды деп ойлаймын. Осындай іс-шаралар облысқа қарасты 17 аудан қалада өз деңгейлерінде жүргізілді. Міне, биыл да осы форматтағы жоба «Кәсібім менің жемісім» деген атаумен өтіп жатыр. Тағы да айтып кетейін, с мұндай семинар-тренинг, экскурсия мақсаты – жастарды ірі кәсіпорындармен таныстыру арқылы несие, грант алу және бизнес ашуға бағыттау. Түрлі кәсіптің қыр-сырын үйретіп, нарықтық қатынастардың тиімділігін түсіндіру. Жастарға беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау. Жастар кәсібі бар кәсіпкерлердің жұмыс орындарына барып, қалай ол істі дөңгелетіп, табысын арттырып жатқанын өз көзімен көрсе оларда қызығушылық пайда болады. Мынадай нәрсені қолға алсам, менде де осындай болады деп оларға түрлі идеялар келеді. Тек теориямен ғана шектелмей, жастарға іс жүзінде қалай болып жатқанын көрсетіп, жетектегендей етіп олардың қолына қармақ берудегі мақсат сол, жұмыссыз жүрмесін, мүмкіндікті пайдалансын деген ниет қана. Бұл жағынан «Жастар ресурстық орталығы» қолдау білдіріп келе жатыр деп айта аламын.

Жұмыссыз демекші, сондай жастармен жұмыс қалай жүргізіледі?

-Облыс аумағындағы жұмыссыз жүрген жастарды қолдау бойынша атқарылған жұмыстар баршылық. Егер статистикаға жүгінсек, 2024 жылғы 3 айлық қорытындысы бойынша аудан, қалада мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 72 340 жасқа кеңес беріліпті. Жұмыссызбын деп келген жасқа «міне, жұмыс орның, міне креслоң» деп дайын жұмыс бере салмаймыз ғой. Жастар ресурстық орталықтары қазір барлық аудан қалаларда тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Күнде түрлі іс-шаралар ұйымдастырлады. Жқмыссыз жастарға сол жердегі мамандар бағыт-бағдар көрсетеді. Мемлекеттік бағдарламалармен қалай жұмыс істеу керектігі бойынша ақпарат алады. Сондықтан, жастар ресурстық орталығының рөлі ерекше деп айтуға болады. Жастарды туған өлкесінің экономикасын дамытуға белсенді тарту, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетуге мемлекет қана емес, Жастар ресурстық орталығының қызметі де ықпал етеді. Қазақ қоғамында әр буынның өз орны бар десек, келешегіміз – жастарға үлкен үмітпен қарауымыз керек. Сонда олар да алдыңғы буын ағалардың асыл аманатын арқалап, өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа өзгеріссіз қалдыратыны анық. Ең бастысы, ойлы жастың ерік-жігерін дұрыс жолға бағыттау қажет.
Бүгінде облыс аумағында қанша жас бар? Ал ол жастармен жұмыс істейтін мамандар жеткілікті ме?
-Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәліметінше, қазіргі таңда облыста 14-35 жас аралығында 663260 жас бар. Егер облыс көлемінде 18 жастар ресурстық орталықтары жұмыс жасайтын болса, оның ішінде 1 облыстық, 3 қалалық, 14 аудандық орталықтары бар. Жалпы облыстағы осы орталықтарда 423 маман болса, оның ішінде 340-ы тікелей жастармен жұмыс жасайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ҚР Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңындағы тұжырымдамалық өзгерістер бойынша жастар категориясы 29 жастан 35 жасқа дейін ұлғайтылған. Осыған байланысты мемлекеттік жастарды қолдауға бағытталған бағдарламаларды пайдалану 3,5 млн. жастан 6 млн жасқа дейін көтерілді. Осыдан бес жылдай уақыт бұрын Түркістан қаласында көпфункционалды заманауи, жаңа үлгідегі «Жастар ресурстық орталығы» ғимараты пайдалануға берілген еді. Мұнда жастардың жан-жақты дамуына, бойындағы өнері мен қабілеттерін арттыруына толық жағдай жасалған. Мысалы, кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге Коворкинг орталығы, ІТ-park, заңгерлік кеңестер қарастырылған. Сонымен бірге еріктілер клубы, «Жас сарбаз», электронды кітапхана, тілдер мектебі, интернет желісі, мәжіліс залы, спорт алаңшалары және тағы басқа игіліктер бар. Көп функционалды орталық бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Орталықта «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, «Мобильді топ», Turkistan HUB coworking zone, IT PARK, Робототехника мектептері, Коворкинг алаңы, электронды кітапхана, «Жас сарбаз», «Еріктілер мектебі», «Құрылыс жасақтары», «Тілдер мектебі», түрлі жастар ұйымдары, медиа студия және психологиялық терапия т.б көптеген жастар клубтары, мектептер мен үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ғимарат ішінде «relax zone» демалыс аймағы, ғимараттың сыртқы бөлігінде футбол, волейбол, баскетбол, теннис ойнауға арналған спорттық алаңшалар орналасқан. Түркістан облысында жалпы халықтың 25,2 пайызын жастар құрайтынын ескерсек, өңірге мұндай ғимарат ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті емес пе?

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан ҚАНЫБЕК

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР