«Шымкенттік жол полицейі жүргізушіден ілік таппаған соң үй кітапшасын, РНН мен СИК сұрапты». Қазір оңтүстік өлкедегі ел арасында осындай мағынадағы әр алуан алып-қашты әңгіме желдей есіп тұр. Бұл шындық па, әлде әлдебіреулердің шығарған әзілі ме, ол жағын білмедік. Білетініміз, оңтүстікте полицейлерге қатысты «анекдот» боларлық әңгімелер кейінгі кездері күрт көбейіп кетті. «Анекдот» деген сөзді әдейі тырнақшаға алып отырмыз. Өйткені, шымкенттік полицейлердің шектен шыққан әрекеті баяғыдай езуіңізге күлкі үйірмейді, төбе шашыңызды тік тұрғызады. Нақты айғақтарға тоқталайық.
Мас күйінде көлігімен өрімдей жас қызды қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кетпек болған шымкенттік полицей А.Көлбаевтың рақымшылыққа іліккені әлі ұмытыла қойған жоқ. Жұрттың жағасын ұстатқан оқыс оқиға туралы сол тұста оңтүстікке іссапармен келе қалған Сенат төрағасы Қайрат Мәми алқалы жиында ауыр сын айтқанымен, мәселе бәрібір полицейдің пайдасына шешілді. Айыптыға қатаң шара қолданылмаған соң, қорықпай-үрікпей шен таққандар шетінен «қолдан келіп, қоныштан басуға» әдеттенбегенде қайтсін? Президенттің қаңтар айында құқық қорғау органдарының басшыларымен өткізген жиынында Бас прокурор Асхат Дауылбаев жасаған баяндамада шымкенттік көше сақшысының жүргізушіні кінәлі ету үшін көліктің артқы нөмірін ұрлап, өзінің пагонын өзі жұлғаны айрықша сөз болуы осының айғағы. «Мәссаған, ушыққан мәселе енді Елбасыға дейін жеткендіктен, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Асқар Оспанов бастап, жол полициясы басқармасының бастығы Артықбек Жаппаров қоштап, шен таққандардың бірқатары қызметімен қош айтысатын шығар». Оңтүстікқазақстандық тұрғындар осындай жорамал жасағанымен, Астанада жиын өткелі екі айға жуықтады. Өкінішке қарай, Елбасының қатаң ескертуінен кейін де қарамағындағы қызметкерлерін бетімен жіберіп, жұмысты босаңсытып алған ішкі істер саласындағы ешбір жауапты басшының қызметіне сәйкестігі қаралмай, ештеңе болмағандай, ойнап-күліп орынтаққа отыруды жалғастыра беруі қайран қалдырады. Елбасының ащы сынынан нақты қорытынды шығаруды ішкі істер министрі Қ. Қасымов шындап ойланса, онда облыстағы жол полицейлерінің жетекшісі Жаппаров түгілі осы саланың бірінші басшысы Асқар Оспанов отставкіге кетсе де ел ешқандай таңданбас еді. Өйткені, отставкіге сұранып тұрған Оспановтың басшы ретіндегі осалдығынан оңтүстіктің полициясының оңбай масқара жағдайға ұшырауы соңғы уақытта тым жиілеп кеткені бұған дейін де көп айтылып жүр. Шымкенттік полицейлердің шектен шыққан әрекеттеріне салғырт көзқарас танытып отырған министр Қасымовтың дұрыстап ойлануына септігі тиер, сергітер деген оймен бірқатар фактілерге тағы да тоқталуды жөн санадық. Сонымен…
Ресми мәліметтерге қарағанда, былтыр облыста құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үстінен 72 қылмыстық іс қозғалған. Соттың үкімімен тиісті жазасын алғандар жетерлік. Айталық, Шымкент қаласы Абай аудандық полиция бөлімінің майоры жұмысқа кіргізіп беремін деп алаяқтықпен 45-ке жуық азаматтың жалпы көлемі 190 мың долларын алдап алған. Үстінен 26 қылмыстық іс қозғалған майор жуырда сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Бас-аяғы 25 миллионға жуық теңгені жұмырына жұқ көрмеген алаяқ полицей 5 жылды арқалап кетсе, әлдебір азаматты жауапкершілікке тартылудан құтқарамын деп, 75 мың теңге пара алған учаскелік инспектор 7 жылға сотталды. Ал, арыстық аға сержант М.Мырзалиевтың әрекеті жаға ұстатарлық. Сержант жол апаты болған жерде өзіне тиесілі міндетті атқарудың орнына, зардап шегушілердің 820 мың теңгесін жымқырып кетіпті…
Былтыр Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің шұғыл уәкілі валюта айырбастау орнынан шығып келе жатқан азаматшаны тапаншамен атып, ірі көлемдегі ақшасын тартып алып кеткен. Таңқаларлығы сол, оқиға Әл-Фараби ауданының аумағында орын алғандықтан, қылмысты ашумен әлгі қарақшы-ізкесушінің өзі айналысқан. Қылмысы ұзамай әшкереленген ізкесуші ұзақ жылға бас бостандығынан айырылды. Түлкібас аудандық ішкі істер басқармасында қару айналымын бақылауға жауапты инспектор мылтықты 80 мың теңгеге сату үстінде ұсталып, сот алдында тиісті жазасын алды. Есірткіні екінші айналымға жіберіп, сотталған тәртіп сақшылары да бар. Оңтүстікте полицейлерге қатысты соңғы «жаңалықтың» бірін айта кетейік. Учаскелік инспектор облыстық ішкі істер департаментіндегі тергеушінің бөлмесіне ұрланып кіріп, кәсіпкер күйеуін қастандықпен өлтірді деп айыпталып отырған Әлия Жұманованың ісіне қатысты құжаттарды ұрламақ болыпты. Абырой болғанда іс бұл кезде прокуратураға жолданып қойылған екен. Бірақ, учаскелік инспектор айыпталушыға қатысты басқа да құжаттарды алып кеткен. Қазір ол сот қаулысымен қамауға алынды. Ал Мақтарал ауданындағы мына сорақы жағдайға жылайсыз ба, күлесіз бе? Аудандық соттың шешімімен тәркіленіп, полицияға тапсырылған 5 тонна спирт ауруханаларға берілудің орнына ұзақ уақыт бойы қоймада жатып қалып, ақыры қолды болғаны анықталған. Сот осыған кінәлілерді жауапқа тарту туралы мәселе қойып жатқан кезде жоғалған тауар қайтадан сап етіп табыла қалыпты. Қалай жоғалды, қалай табылды, ол жағы жұмбақ.
Мұндай сұмдық фактілерді тізбектей берсек, ащы ішекше шұбатылып шыға береді. Осалдығынан осындай олқылықтарға жол беріп отырған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Асқар Оспановтың қызметтік шені полковник. Бірақ, полковниктің генерал болғысы келмейтін сияқты. Генерал боламын деген басшы тірлігінен шашау шығармай, нақты нәтижеге жұмыс істесе керек еді. А.Оспанов департаментті басқарған бір жарым жыл ішінде қылмыс үздіксіз өсумен келеді. Күні кешегі полковниктің өзі төрағалық еткен аттестациялау жөніндегі комиссияның қатаң сүзгісінен кейін де «қой терісін жамылған қасқырлар» азаймай отыр. Тәртіп сақшыларының күдіктілерді ұрып-соғып, азаптау фактілері де көбейе түсті. «Балық басынан шіриді» деген сөз тегінде рас болса, осындай сорақы жайттардан кейін Оспановтың отставкісі туралы мәселе қоятын мезгіл жеткен тәрізді. Елден естіген ортақ пікір осы. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұл туралы ойлана ма? Бұған не дер екен?..
Заңғар Қамытбек