17-04-2024
20.3 C
Шымкент

Қазақ журналистикасына ғылыми тұрғыдағы зерттеулер жетіспейді

Асхат Еркімбай, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медианы зерттеу бөлімінің жетекшісі:

Қазақ журналистикасына ғылыми тұрғыдағы зерттеулер жетіспейді
Асхат Еркімбай – қазақ журналистикасына жаңа медиа технологияны енгізген, қазақша блогты насихаттаған алғашқылардың бірі. Блоггер-журналист. АҚШ университетінің магистранты. Біз Асхатпен Шымкентке келген сәтінде қазақ журналистикасының мәселелері жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз. 
— Асхат, сіздің АҚШ-та білім алып, елге оралғаныңызға көп бола қойған жоқ. Жалпы, ол жақтан не үйрендіңіз, нені түсіндіңіз? Шетелден алған біліміңіз Қазақстанда кәдеге жарай ма? 
— АҚШ-тың Ларами қаласындағы Уайоминг университетінде екі жыл коммуникация магистрі ретінде білім алдым. Бізге бұл ғылыми дәрежені бермес бұрын «жаңа медиа технологияны калай түсіну керек, медиа саласына қатысты зерттеулер қалай жасалу керек» деген мәселелер үйретілді. Менің ойымша қазір бұл өте өзекті тақырып.  Себебі бізде нақты қазақ тіліндегі ақпаратты зерттеу немесе оның нәтижелері туралы көп айтыла бермейді. Өз басым осы уақытқа дейін әлдебір ұйым немесе бір ғалым нақты қазақ журналистикасын, оның ішінде жаңа медианы зерттепті, талдапты, оның нәтижесі мынадай болыпты дегенді естіген емеспін. Біздің қоғамда не болып жатыр? Қазақ журналистикасы қайда кетіп барады?  Алдымен осы нәрсені түсіні үшін зерттеу жүргізу керек. Қараңыз, өзге өңірлермен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан облысы ең көп қазақ газеттері шоғырланған аймақ. Себебі мұнда қазақша ақпаратқа сұраныс өте жоғары. Сондықтан осындай өңірлерде ақпараттың қай түрі сұранысқа ие болып тұр, ақпарат қалай жеткізілуде, қалай беріліп жатыр, нәтижесі қалай болды деген сұрақтар сарапқа салынып, ғылыми тұрғыдан зерттеу жасалу керек сияқты. Ал, менің алған білімім кәдеге жарайды ма, жоқ па, бұл — мәселенің екінші ұшы…
Шетелде маған ұнағаны – бізді таза ғылымға баулығаны. Біздің елімізде тіл мәселесі көп көтерілгеннен кейін магистрлік жұмысымның тақырыбын осы түйткілмен байланыстырдым. Байқасаңыз, қай сала болмасын, тіл, дін мен діл мәселелеріне жанашыр боп жүрген негізінен журналистер. Бірақ бұл қайдан шыққан уайым және мұның арты неге апарады? Осы сауалға жауап іздеу мақсатында магистрлік жұмысымды «Блогосферадағы журналист және журналист емес блогшылардың қазақ тілі мәселесін көтерудегі қандай айырмашылығы бар?» деген сұраққа жауап іздедім. Менің статистикалық талдауым  нәтиже көрсетті. Бұл – алаңдаушылық туғызатын нәтиже. Себебі қазақ тілі мәселесін көтеретін агрессивті әрі эмоционалды топ — журналистер боп шықты. Бұл салыстырмалы талдама, яғни, журналис емес азаматтарға қарағанда журналистер эмоцияға көп салынады. Бірақ журналист емес және журналист азаматтардың басты ұқсастығы – олардың қазақ тілінің болашағына байланысты оптимистік көзқараста болуы. Ақпараттық салада журналистердің дауысы басым болғандықтан, қазақ тілі мәселесі де сырт көзге агрессивті түрде жүргізіліп жатқандай көрінеді. Сондықтан журналистер сезімге берілмей, агрессияға бой алдырмай, салиқалы сараптамалық материалдар жазғаны дұрыс. Мұның бір себебі – журналистерге кәсіби біліктілік жетіспей жатқан сияқты. Менің мақсатым – қазақ журналистикасын дұрыс түсіну және оны ғылыми жаққа бұру.
Шетелде оқығанда, басты түсінгенім – белгілі бір нәрсенің ғылыми негізі болмаса, біздің атқарып жүрген дүниеміздің бәрі де бос әурешілік екен. Сондықтан қазақ журналистикасын зерттейтін медиа коммуникация саласының ғылыми негізі қалануы керек. Егер ол қаланбаса, біз бөгде елдердің ғылыми негізіне кіріптар боламыз. Ғылыми мақала жазу барысында байқағаным, 90-жылдардың басында Израиль, Германиядан Қазақстанға көптеген еврей ғалымдары келіп, зерттеулер жүргізген. Олардың көбісі «елдегі ұлтаралық жағдай қиын, трайбализм негізінде шайқас болып, қазақ тілі өлуі мүмкін» дегендей кері болжам жасаған. Өкінішке қарай, шетелдік ғалымдар сондай тұжырым жасаған соң, ғылым әлемінде де сондай кері тұжырым қалыптасады. Өкініштісі, біз оларға «жоқ, бұл олай емес» деп өз ғалымдарымыздың зерттеулерімен әлемдік деңгейде жауап бере алмай келеміз. Екінші мәселе – Қазақстандағы БАҚ-тар жайына да «Freedom House» сияқты шетелдік халықаралық ұйымдар тоқталып жүр. Бірақ олардың методологиясы бізге мүлдем келмейді. «Қазақстанда сөз бостандығы жоқ» деген пікірді де солар қалыптастырған. Неге? Өйткені олардың методологиясы, ғылымы біздікінен жоғары боп тұр. Сондықтан бізге де сол ғылым саласын дамытып, өз тұжырымдарымызға ғылыми негіз жасауға атсалысуымыз керек. Ғылыми негіз болмайынша, бізге басқалар баға береді, солардың пікірінің жетегінде кетеміз.
— Асхат, сіздіңше, қазақ журналистикасында өсу байқала ма?
— Сөз жоқ,  жиырма жылдың ішінде қазақ журналистикасы өсті. Жиырма жыл бұрынғы газетті ашып, ондағы мақаланың тақырыбы мен қазіргі газеттердің тақырыбын салыстыратын болсақ, айырмашылық бар. Қазір қазақ журналистикасы интернетке көшіп жатыр, ал оны ілгерілеу деп түсіну керек. Әдетте кейбіреулер шетелмен салыстырғанды қалайды, мен өз басым оны дұрыс емес дер едім. Қазақстандағы жағдай мен Американың медиа нарығы жер мен көктей. Салыстыруға мүлдем келмейді. Себебі Қазақстан неокеңестік медиа дәуірде қалып қойды. Ал Америка коммерциялық медиа жағдайында отыр. Сондықтан бұл жерде медианың түрлері басқаша екенін ескеру керек.  Мәселен, Қазақстандағы журналистиканың өзі екіге бөлінеді: қазақ тілді және орыс тілді. Яғни Қазақстанда Ресей журналистикасының ықпалы зор болып тұр. Егер журналистиканы тұтас бір интитут ретінде қарайтын болса, бұл салада білім беру мәселесі дұрыс жолға қойылғаны ләзім. Жоғары оқу орнында журналист немесе экономист, заңгер мамандығын оқыту барысында бүгінгі нарықтың жағдайы ескерілу керек. Өйткені, осындай мамандықпен білім алып шыққандар алған білімін жұмыс орнында қолдана алмайды. Себебі оқытқан кезде нарықтың өзгерісі ескерілмеген. Журналистикада да осы мәселе бар деп ойлаймын.
— Осыдан бір-екі жыл бұрын «Мінбер» журналистерді қолдау орталығында семинар-тренингтер өткізуді қолға алған едіңіздер. Сіздер күткендей нәтиже болды ма? 
— Енді біз күткендей жүз пайыз болмаса да, нәтижесі болды. Басты мақсат  — қазақ журналистеріне жаңа медиа технологияны орыс тілді журналистерінен ертерек түсіндіріп үйрету еді. Жаңа медиа туралы ақпарат орыс тілінде де,  ағылшын тілінде де бар. Ал, қазақ тілінде жоқ. Бұл саладан қазақ журналистері кенже қалып қоймасын, бұл жүрісті де біле берсін, ертерек қамдана берсін деген оймен қолға алған едік. Биылдан бастап мемлекеттік тілде конвергентті журналистиканы өту қалыптасты. Міне, осы сәтте біздің тренингке қатысқан журналистер дайын тұр.  «Конвергентті журналистика, яғни жаңа медиа, блог деген не, әлеуметтік желіде қалай жұмыс істеу керек» дегенге «Мінбер» тренингіне қатысқан журналистер жауап бере алады деп ойлаймын.  Себебі бұл нәрсе қазақ тілінде ешбір жерде оқытылған жоқ. Бұл бірте-бірте қолға алынып келе жатыр. Сол жағы қуантады.
— Сіз еліміздегі алғашқы блоггер ретінде де танымалсыз. Жалпы, Қазақстандағы блогсфераның жағдайы қандай? Бұрынғыдай белсенділік байқала ма?
— Бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар: жалпы қазақша блогты жасаған мен емес. Оны Моңғолия, Қытайда тұратын қандастарымыз бірінші болып қолға алды деп айтуға болады. Ал, мені  Қазақстанда блогтың не екенін, қазақша блогты насихаттағандардың бірі десеңіз болады. Жалпы бізде жаңа медиа, ақпараттық технология туралы сауаттылық әлі де төмен. Сондықтан да, жаңа медианы ұғыну қоғам, бұқара үшін қажет дүние. Бізге енді келе жатыр. Жаңа медиа ағылшын тілінде Америкада бастау алды. Әрине, бұқара халықтың бәрі  ағылшынша бірдей сауатты емес, яғни олар орыс тіліне аударылғанын күтеді. Содан кейін ғана бізге келеді.  Ал егер ағылшын тілінде сауатты болса ақпараттық технологияны өзімізге бейімдеп алар едік. Ал, блогшы деп кімді танимыз? Мен айтар едім, қазір 2009-2011 жылдардағыдай блогосфера жоқ. Қазір ешкім wordpress платформасына немесе басқаға блог жазбайды. Қазір көпшілік әлеуметтік желілерге көшті. Блогсфераға қарағанда қазір әлеуметтік желілердің дәуірі дүрілдеп тұр. Facebook, twitter-де отыр. Бұрынғыдай блоггерлік қозғалыс ретінде бәсеңдеді.  Бұл — әлемдік тренд. Дүниежүзінде осы жағдай.  Иә, блогсфера белгілі бір деңгейге көтерілді. Қазір төмендеп бара жатыр. Есесіне, бізде жаңа медиа қазақ тілді күшке ие бола бастады. Facebook-та көтерілген тақырыптар: Skat әуе компаниясының мемлекеттік тілге қатысты дауы немесе әнші Қайрат Нұртастың айналасындағы шу фейсбукшылар арасында қызу қолдау тапты. Осының себебінен бұл мәселелер меммлекеттік деңгейде қарастырыла бастады. Бұл дегеніміз интернетте  қазақ тілді қолданушылардың әлеуеті артып отырғанын көрсетеді.
— Шымкентте өткен techXshymkent  конференциясы көпшілік күткендей болды деп ойлайсыз ба?
— Қаймана қазақ қоныстанған Шымкентте осындай шараның болуы заңдылық. Күтілген дүние. Қазақи дүниенің бәрі осы өңірден шығуы керек деп ойлаймын. Біріншіден Оңтүстік Қазақстанда шараны ұйымдастыру белгілі бір деңгейде жеңіл. Астана, Алматымен салыстырғанда залды жалға алу, қонақ үй, жол шығындарын ескеретін болсақ, тиімдірек. Екіншіден бұл өңір – қазақ тілді орта.  Шараның осы жерде өткені қуантады. Конференция көпшілік  күткен деңгейде болмағанның өзінде қазақ интернетінің басы-қасында жүргендер арасында өзара ынтымақтастық қалыптасады, байланыс нығая түседі, ақпарат алмасады, маңызды жобалар туындайды. Түбінде мұндай шараларды өткізе беру өз жемісін береді.
— Конференцияда «Жаңа медиа қоғамға қалай көмектеседі?» деген тақырыпта шетелде қолданылып жатқан бірқатар жобаларды ұсындыңыз. Бұл бізге қашан келеді?
— Бізге жаңа медиа сауаттылық жаппай бұқаралық сипат алған кезде келеді…Өздеріңіз байқадыңыздар,  жобаға адамдар өздері үйінде отырып интернетке кіріп, қатысып отырады. Мәселен, қылмыс қай жерде көп орын алады? Интернеттегі платформаға кіріп, адамдар қылмыс орын алған ауданды белгілеп отырады. Егер ол жерде орын алған қылмыс көбейіп кететін болса, сол аудандағы үйлерге деген сұраныс та төмендей түседі. Міне, бұл жаңа медианың көмегі. Егер Шымкентте тұрғындар «Қай дүкенде нан арзан?» деген сайт жасайтын болса, тұрғындар өздері сол сайтқа кіре алатындай етіп жасап қою керек. Және оны картаға қалай орналастыру қажет екенінде өздері түсіну керек. «Мына дүкенде арзан, мына дүкенде жеңілдік бар екен» деп белгілеп оытыра алады. Ең алдымен бұған келу үшін жаңа медиалық сауаттылық керек.
— Қазір қазақша сайттардың белсенділігі қай деңгейде тұр?
— Соңғы зерттеулер бойынша Қазақстандағы қазақша сайттардың үлесі жүз пайыздан 7 пайызды құрайды. Оның көп бөлігі орыс тілді, қалғаны аралас тілдер. Бұл тек нүкте kz доменіндегі сайттардың көрсеткіші. Бұдан бөлек нүкте com доменінде  тіркелгендері бар. Бұл жерде біз Қазақстанда тіркелген жалпы сайттарды есепке аламыз ба, әлде қазақша контент ұсынатын сайттарды айтамыз ба? Осы жағын да ескеру керек. Жалпы контент ұсынатын сайттарды айтар болсақ, онда белгілі бір деңгейге жеттік. Ал, контент сапасы қандай, бізге жеткілікті ақпарат беріп отыр ма, ол бөлек қозғалатын әңгіме.
— Елге келгеннен кейін «осыны қолға алуым керек» деген жоспарларыңыз болды ма?
— Мен қазір нақты бір жерде жұмыс істемеймін, яғни фрилансермін. Мен ғылыми зерттеулермен айналысқым келеді, алайда оған кім қаржы төлейді, мәселенің осы жағы шешілмеген. Сондықтан да, шетелден білім алып келген мамандар қазақ қоғамына қажет деп ойлаймын. Бірақ, олардың бәріне қаржылай қолдау болмаса, белгілі бір ғылыми орта болмаса қиын. «Жалғыздың үні шықпайды». Шетелден білім алып келген мен ғана емес. Мен сияқты мамандар көп. Әйткенмен, алған білімімнің қазаққа пайдасы тисе екен деп ойлаймын. Білім – аманат. Білім алсаң оны бөлісуге тиіссің,  әйтпесе ол да сұралады. Осылай мені  шақырады, келемін, білімді көпшілікпен бөлісемін. Өйткені, оның маған аманат екенін түсінемін.
— Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан Раушан МАХЫМОВА.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР