test
01-07-2024
28.3 C
Шымкент

Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы

Динозаврлар қорек еткен шөптерді көргіңіз  немесе ежелгі адамның найзасын қолыңызбен сипағыңыз келе ме? Бұл тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана мүмкін болады.

Диназаврлар қорек еткен өсімдіктерді көргіңіз келсе, немесе ежелгі адамдардың найзасын қолыңызбен сипағыңыз келсе, мархабат, Шымкентке келіңіз. Түлкібас ауылының тауларында жасы 100 млн. жылдан асқын өсімдіктер мен хайуанаттардың іздері сақталған тастар жатыр, ал ежелгі тас дәуіріндегі адамның әрекетін дәлелдейтін куәгерлер Түркістан маңындағы Қошқарған елді мекенінен табылған.

Ежелгі тарихы
Осыларға ұқсас Шоқтас ескерткіші Қазақстан — Ресей археологиялық экспедициясының барысында ашылған.Аймақты ежелгі адамдардың мекендегенінің дәлелдерін Қазақстанның оңтүстігіндегі палеолиттік мәдениеттер орталығының алғашқы ұйымдастырушысы Х.А.Алпысбаев келтіріп отыр. Облыстық Бәйдібек ауданындағы Қарасу көп қабатты палеолит тұрағының ашылуы ғылымға қосылған сүбелі жаңалық болды. Бұл ауданның аймағы ежелгі тарихқа қатысты көптеген ғылыми еңбектерде келтірілген: археологиялық қазба жұмыстарының барысында мұнда 20-дан аса ежелгі адамдардың мекендері, көптеген тас ғасыр дәуірінің құрал-саймандары табылған. Оңтүстік Қазақстан ғалымдары орта және жоғары палеолит дәуірлеріне жататын 6 мәдени қабаттарды ашты. Көптеген тастан жасалған бұйымдармен бірге жануарлар сүйектерінің қалдықтары, от жаққан жерлердің іздері, охраның бөліктері табылған. Қазақстанда мұндай ежелгі ғасырлар дәуіріне жататын ескерткіштер санаулы-ақ.
1958 жылы Кіші Қаратау қойнауынан жоғарғы палеолит дәуіріне жататын Үшбас үңгірі (Созақ ауданы) ашылды. Үңгірдің жартас еденінде ошақ маңынан бір қырына 10 белгі салынған алеврониттен жасалған бұйым табылған. Мұндай кертікті бұйымдар есептеу операцияларында қолданылған. Осыған ұқсас сүйектен жасалған бұйымдар ( б.з.д. 6-3 мың жылдықтарда) Қарақоңыр үңгірінен де ( Түлкібас ауданы) табылған. Бұл жерден тастан жасалған  еңбек құралдары, жебелердің ұштары, сүйектен жасалған ұсақ-түйектер, дөңгелек, боялған керамика ыдыс-аяқтар табылған. Қазақстанның оңтүстігінде мұндай жаңалықтар бірен – саран, сол себепті үңгірді еліміздің бірегей археологиялық ескерткіштерінің қатарына жатқызуға болады. Мезо  және неолиттік дәуірлердің тас индустриясының ескерткіштерін іздестіру бұл күндері де жүргізілуде.
Қола дәуіріне қатысты облыс көлемінде зерттелген ескерткіштер бірен-саран ғана. Бұл ең алдымен Баба ата шатқалындағы Таутары моласы. Одан табылған жәдігерлерді  талдау оларды Андронов мәдениетінің орта кезеңінің басына (б.з.д. 11-9 ғғ.) таңуға мүмкіндік берді. Түркістан қаласынан 6км жердегі Шербай моласының артефактылары б.з.д. 17-14 ғасырларға қатысты.
Б.з.д. 8-3 ғғ. өлкенің аумағында сақ мәдениеті таралды. Қошқар ата моласы мен Бөген су қоймасының аймағында жүргізілген археологиялық зерттеулер ежелгі сақтардың материалдық мәдениеті, өмір салты, шаруашылығы және діни наным-сенімдері туралы түсінік береді. Мұның барлығы жартастағы жазулар-петроглифтерде айқын көрініс тапқан. Олардың қатарына Арпаузен және Қойбағар (Созақ ауданы), Боралдай суреттері (Бәйдібек ауданы), Қасқабұлақ(Түлкібас ауданы) петроглифтері және басқалары жатады.
Төле би ауданының аумағында да сақ тайпалары б.з.д. 13 ғ. өмір сүрген. Қазақтардың сонымен бірге Ұлы жүз тайпаларының түпкі ата-бабаларының бірі болған үйсіндердің өмірі мен шаруашылықтарының іздері табылған. Аңыздарға сенсек, Ұлы жүздің түпкі анасы үйсін ханы Бәйдібектің үш әйелінің біреуі Домалақ ананың төркіндері орта ғасырларда Үлкен және Кіші Бөген өзендерінің жағалауларында көшіп-қонып жүрген.

Біздің заманымыздың тарихы
Арыс мәдениеті б.з.д. 4 ғ. мен б.з.6 ғ.аралығына қатысты және Қазақстанның оңтүстігінде орын алған саяси және этникалық процентерді көрсетеді. Сол кездердің материалдары Кангюй иеліктерін Арыс-Бадам ауданының аумағымен белгілеген, ол астанасы Битянь қаласын Қараспантөбе қалашығымен (Ордабасы ауданы) байланыстыруға негіз береді.
Б.з. 6 ғ. ортасынан бастап Қазақстанның кең-байтақ аумағында түркілердің, түргештердің, қарлұқтардың, қимақтар мен қыпшақтардың ерте феодалдық мемлекеттері пайда болып, дамып, құрып кетіп жатты. 6-11 ғғ.көшпенділердің мемлекеттік ұйымдасуға ұмтылысымен сипатталады. Батыс Түркі, Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының пайда болуы мұның жарқын айғағы.

Қалалардың гүлденуі
Ерте ортағасырлар кезінде қалыптасқан тарихи-мәдени аймақтардың ішінде қазіргі Шымкент аумағы да болды. Одан 8км қашықтықта «Ақ өзен жағасындағы қала» — Испиджаб(Сайрам) орналасты. 7 ғ. « Ақ өзен жағасындағы қала» Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалалар қатарында болған. Отырармен (Фараб), Таразбен  және басқалармен бірге ол 7-11 ғғ. жолсілтемелеріне енген. Деректер бойынша, Сырдария жағасында Шауғар(Түркістан), Газгирд, Шараб, Бурухкет, Тамтаунде  және Абарджадне қалалары болған.
9 ғ. екінші жартысында Қазақстанның оңтүстігінде қалалар көбейіп, олардың мәдениеті дами бастайды. Олардың ішінде Отырар қаласы ерекше көзге түсті. Жазба деректер мен археологиялық қазбалар оның тарихы, тіршілігі және 17-18 ғғ. күйреуі туралы құнды деректер береді. Өлкенің ортағасырлық қалаларының санына қазіргі  Көлтоған ауылының аумағында болған Арсубаникет жатады. Бірақ бәрінен де атақтысы  Түркістан(ертедегі аты Шауғар). Жазба деректерге сәйкес, ол  Отырар қаласынан бірүндік жерде қазіргі Түркістан қаласына жақын орналасқан.
12-13 ғ. қала өзінің сауда-мәдени мағынасын жоғалтып, аймақтың орталығы Яссыға(Түркістан) ауысады. Түркістаннан 30км жерде ортағасырлық Сауран қаласының қираған орны жатыр(6-8 ғғ.). Осы тұста Қазақстанның мәдениеті, қала құрылысы, қол-өнері мен керуен саудасы дамыған өлкесі оңтүстік өңірі болды.

Монғол жаулап алуы
1219-1224 жылдары Қазақстан мен Орта Азия Шыңғысхан империясының құрамына енді. Қазақстанның оңтүстігі оның баласы Шағатайдың және оның ұрпақтары ұлысының бір бөлігі болды. 14 ғ. бастап араб әліппесі кеңінен тарай бастайды, ислам жетекші дінге айналады.

Көшпелі тайпалардың бөлінуі
15 ғ. бірінші ширегінде оңтүстік-батыс  Қазақстанның аумағында Абулхаир хан бастаған «Көшпелі өзбектердің хандығы» пайда болды, хандықтың астанасы Сығанақ қаласы еді. Бірақ 15 ғ. екінші жартысында пайда болған Қазақ хандығы Сырдария жағалауларындағы, Арыс өзенінің бассейніндегі жерлерді басып алуға ұмтылды. Бірнеше ғасыр бойына бұл аймақ Қазақ (Жошы тұқымы) және Өзбек (Шейбаны тұқымы) хандарының арасындағы күрес сахнасына айналды. 16 ғ. басында өлке қазақ ханы Қасымның иелігінде болды, одан соң Ташкент билеушісі Баба Сұлтанның, кейінірек Бұхара билеушісі Абдаллахтың қол астына көшеді. 1597-1598 жылдары қазақтың ханы Тәуекел Абдаллахтың әскерін талқандап, Ташкент, Самарқан, Сайрам, Түркістан қалаларын басып алды. Оның тұсында бұл жерлердің барлығы қазақ хандығының құрамына ендірілді де, астана ежелгі Яссыға көшірілді.

Қазақ мемлекетінің құрылуы
15-16 ғғ. қазақ халқының және оның этикалық аумағының ғасырлар бойына созылған қалыптасу процесі аяқталды. Қазақ қоғамының маңызды ерекшелігі оның жүздерге бөлінуі болды.
Ұлы жүз тайпалары Сырдариядан Жетісуға дейінгі аумақты алып жатты. Оның құрамына үйсін тайпасының албан, суан, дулат, ысты,ошақты, шапырашты, сарыүйсін рулары, қаңлы, сіргелі, жалайыр тайпалары енді.
15 ғ. ортасынан 18 ғ. басына дейін қазақ хандығы біртұтас саяси құрылым болған. Шаруашылықтың негізгі саласы жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды.

Жоңғар шапқыншылығы
Қазақ халқына 18 ғ. басында жоңғар шапқыншылығы қисапсыз қайғы-қасірет әкелді. Қазақ және жоңғар билеушілерінің арасындағы күрес бір ғасырдан астам уақытқа созылды. Ұлттық тәуелсіздіктен айырылып қалу қаупі қазақтарды бірігуге мәжбүр етті. Қазақ жүздерінің бірігуі 1727 ж. Ордабасыда болған бүкіл қазақтық құрылтайда іске асты. Үш жүздің төбе билері – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би сияқты данышпандардың арқасында қазақтар бір халық болып бірігіп, есірген жауға қарсы Отан соғысын ашты. Біріккен халық жасағы құрылып, оны кіші жүздің ханы Әбілқайыр (1693-1748) басқарды. 1729-1730 жылдары басқыншыларға бірнеше мәрте күйрете соққы беріліп, кіші жүз бен орта жүз жерлерінің біраз бөліктері жаудан тазартылды.

Ресейге қосылу
Жоңғарлар тарапынан төнген қауіп қазақ билеушілерін Ресеймен одақтасуға итермеледі. 1730 ж. кіші жүздің ханы Әбілқайыр орыстың патша әйелі Анна Иоанновнаға бодандыққа алу туралы өтініш берді. 1733-1734 жылдары мұндай өтініштер орта жүз және ұлы басшыларынан да түседі. Бірақ Ресейге қосылу, екінші жағынан патша үкіметінің Қазақстанды отарлау процесі 100 жылдан аса уақытқа созылды.
18-19 ғғ. тоғысында Орта Азияда Қоқан хандығы құрылды. Әлімхан (1801-1809) Қазақстанның оңтүстігіне әлденеше рет басқыншылық жорық жасап, көптеген елді мекендерді, оның ішінде Шымкентті де басып алады.
18 ғ. соңы мен 19 ғ. басында орта жүз бен кіші жүз аумақтарының басым бөлігі Ресей империясының құрамына енгізілген болатын. 1824 ж. оның құрамына Жетісу аймағы да кірді. Тек Оңтүстік Қазақстанның аумағы ғана Қоқан хандығының қол астында болды. 19 ғ. екінші жартысында патша үкіметі өзінің Орта Азиядағы әрекеттерін белсендіре түсті. Орыс әскерлерінің шабуылы 1867 ж. басталды. Жаз бойына оры әскерлері Қоқан әскерлерін талқандап, Түркістан, Әулиеата (қазіргі Тараз) және Меркі қалаларын, 1864 ж. 22 қыркүйекте шабуылмен Шымкент қаласын басып алды. Сөйтіп, Қазақстанды Ресейге қосып алу процесі ұлы жүзді жаулап алумен аяқталды.

Экономикасының дамуы
1867 ж. бастап Шымкент Сырдария облысының уездік қаласына айналды. Шымкенттің шаруашылық сипаттамасы Түркістан өлкесі бойынша жолсілтемеде (1901) берілген: «Ол Ташкентті Сайрам бидайымен, таза сиыр сүтімен жабдықтайды. Еділ бойындағы шұға тоқу фабрикалары одан жүн, ал шетелдік зауыттар тері, шұжық және аспап шеберлері ішектер алады. Қаланың жылқы саудасымен даңқы шыққан».
ХХ ғ. басында Шымкентте 3 май айырғыш, 5 тері зауыттары, 15 кішігірім кірпіш зауыты, 26 диірмен болған. 1885 ж. салынған сантонин зауыты ірі өнеркәсіп орны болған (қазір «Химфарм» ААҚ), олардан басқа 4 мақта тазалайтын өндіріс, 15 ұстахана, 15 сабын қайнататын өндіріс болған. 1915 ж. Жетісу теміржолының Арыс – Шымкент учаскесі пайдалануға берілген. 1914 ж. қыркүйекте сенаттың бұйрығымен Шымкентке Черняев аты берілген, тек 1921 ж. ғана қалаға бұрынғы тарихи аты қайтарылған.

Отаршылдық саясат
Өлкені әскери-қазақтық отарлаудың орнына шаруаларды Ресейдің орталық губерниялары мен Украинадан жаппай көшіру науқаны етек алды. Облысқа келімсектерді орналастыру ХІХ ғ. 70 жылдарында басталды. Мыңдаған қоныс аударушы-шаруалар отбасыларымен және жадау-жүдеу дүние-мүлкімен патшалық Ресейдің шет аймағы – Қазақстан мен Орта Азияға ағыла бастады. 1906 ж. мәліметтер бойынша Шымкент уезінде 1887-1899 жж. құрылған, халқы 8062 адамдық 18 шаруа қоныстары болған, олардың ішіндегі ең ірілері Ванновка, Вознесеновка, Высокое, Антоновка (қазіргі Түлкібас ауданының аумағында) және Белые Воды (Сайрам ауданында) боды.
Қоныстанушылар мен қазынаның пайдасына қазақтардың ата-қоныстары мен егіндік, мал жайылымдарын тартып алу, көптеген әкімшілік шаралары жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Бұл наразылық ақырында 1916 ж. Ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.

Империяның күйреуі
1917 ж. Ақпан революциясының жеңісі Ресей империясының күйреуін аяқтады. 30 наурызда Түркістандағы Уақытша үкіметтің комиссары қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Шымкентте солдат депутаттарының, ал мамырда жұмысшы депутаттарының кеңесі құрылды, оның төрағасы болып большевик Н. Морозов тағайындалды.

Кеңес өкіметі
Түркістан өлкесі кеңестерінің V Төтенше съезіне (сәуір-мамыр 1918 ж.) РСФСР құрамында Түркістан Автономиялық республикасы құрылды.
1924 ж. Орта азиямен Қазақстанның ұлттық межелесуі орын алды. Шымкент, Әулиеата, Түркістан, Ташқазақ, Қазалы, Ақмешіт уездерінен тұратын Сырдария губерниясы құрылды. Губерния халқының саны 742 мың адам (90,5 %-ы жергілікті ұлт) болды.
БК(б)П ХІV съезі (1925 ж.) индустрияландыруға бағыт алды. Индустрияландырудың ең ірі құрылыстарының бірі ұзындығы 1445 км. Түркістан-Сібір (Түрксіб) темір жолының құрылысы болды (1927). Құрылыс бүкілхалықтық сипат алды. Құрылысқа жәрдемдесу комитетін Тұрар Рысқұлов басқарды. Жол құрылысы 1930 жылдың сәуірінде аяқталды. 1931 ж. аса ірі кәсіпорын – Шымкент қорғасын зауытының құрылысы басталды. Ащысай, Хантағы рудниктерінің, байыту фабрикаларының, Шымкент ЖЭО, Ленгер көмір шахталарының, теміржол желілерінің, жұмысшы поселкелерінің құрылыстары басталды.

Көшпенділер қасіреті
Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас аудандарының көшпелі және жартылай көшпелі халқын күштеп отырықшыландыру әрекеті олар үшін үлкен қайғы-қасірет алып келді. Олардың негізінде алып колхоздар ұйымдастырылды. Мал шаруашылығында нағыз жұт басталды. Мал басының саны 40,5 млн.-нан 4,5 млн.-ға дейін кеміді. Әсіресе түйе, жылқы, қой шаруашылықтары, көп шығынға ұшырады. Мұның нәтижесінде 1931 – 1933 жж. республиканың 6,5 млн. халқының 2,1 млн. қырылып қалды. Аштықтан, өкімет орындарының тарапынан қуғын-сүргіннен қашып, 1 млн. адам шетелдерге өтіп кетті.

 Оңтүстік Қазақстан облысының құрылуы
Аса күрделі саяси және экономикалық кезеңдерде әкімшілік-аумақтық бөлу жөніндегі эксперименттер басталды. 1928 ж. қаңтарында Сырдария губерниясы 21 ауданнан тұратын Сырдария округі болып қайта құрылды. Содан соң көп ұзамай БОАК-нің 1930 жылы 23 шілдедегі қаулысымен округтерге бөлу жойылып, аудандарға бөлі енгізілді. Сырдария округінің құрамында енді 18 аудан қалды. 2 жылдан соң, 1932 ж. Қазақстан аумағында 6 облыс, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы құрылды. БОАК-нің 1932 ж. 10 наурыздағы осы жөніндегі қаулысы облыстың туған күні болып саналады. 1938 ж. Жамбыл облысы бөлініп шықты. 1962 ж. орталығы Шымкентте Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылды. Оның құрамына Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстары енді. 1964 ж. желтоқсанында «өлке» жойылып, Шымкент облысы осы атын сақтап қала берді. 1992 ж. 6 шілдеде ҚР Жоғары Кеңесінің қаулысымен оған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы деген аты қайтарылып берілді.

Социализм жолында
ХХ ғ. 30-40 жылдары түсті металлургия, химия, тас көмір өнеркәсіптерінің дамуына аса зор көңіл бөлінді. Шымкент қорғасын зауыты алғашқы өнім берді. Қуаты жөнінен ол Одақта бірінші, әлемде үшінші орында болатын. Ленгерде, Келтемашатта, Боралдайда көмір кеніштерін игеру басталды. Мақта өндіру ісінде де бетбұрыс басталды. Экономикамен бірге аймақтың мәдениеті де дамыды. 1934 ж. драма театры істей бастады.

Сталиндік қуғын-сүргіндер
30, 40, 50-жылдары (ХХ ғ.) жаппай саяси қуғын-сүргіннің нәтижесінде облыстың 3 мыңнан аса адамы әртүрлі жазаға ұшырады. Облыстың 58 басшы қызметкерінен 36 кісі ату жазасына кесілді. Олардың ішінде облыстың партия комитетінің бірінші секретары А. Досов, облатком төрағасы В. Случак, облотком жауапты хатшысы Б. Ержанов, облыстық газеттердің редакторлары П. Грехнев пен Р. Жаманқұлов, т.б. болды.

 Екінші дүниежүзілік соғыс
1941 жылдың 22 маусымында КСРО Ұлы Отан соғысы басталды. Алып елдің басқа да халықтарымен бірге оңтүстікқазақстандықтар да соғыс ауыртпалығын бастарынан кешірді. Соғыстың алғашқы айларында өлкемізге Воронеж пресс-автоматтар зауыты, Харьковтың шұлық және айна фабрикалары, Подольскінің илеу-құю зауыты, Киевтің химия-фармацевтік зауыты, Мәскеу алколоид зауыты, Кременчуг электростансасы көшіріп әкелінді.
Кәсіпорындардың бірсыпырасы облыстың аудандарына орналасты: шыны зауыты – «Күйік» совхозына, трактор шеберханасы – сайрам ауданына, электростанса – Түркістан ауданына, Мақта иіру фабрикасы – «Мақтаарал» совхозына.
1942 ж. барлық көшіріп әкелінген кәсіпорындар өнім бере бастады.
Облысқа сонымен бірге, КСРО Архитектура академиясы, Дүниежүзілік экономика мен саясат институты, География институты, Дәрілік шөптердің Бүкілодақтық ғылыми зерттеу институты (ВИЛАР) көшіріп әкелінді. Көшірілген ұжымдардың арасында Моссовет атындағы театр да болды.

Жеңіске қосылған үлес
47 жерлесімізге Кеңес Одағының батыры атағы берілді, 9 жерлесіміз 1, 2 және 3-дәрежелі Даңқ ордендерінің иегері болды.
Соғыс бастала салысымен-ақ облыс КСРО-ның Германиядан әскери-экономикалық артықшылығын қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты. Мамандардың есептері бойынша, басқыншыларға қарсы атылған әрбір 10 оқтың 7-уі Шымкент қорғасынынан құйылды.
Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің аса маңызды ауылшаруашылық аймағына айналды. Ол майданды және Орал, Сібір және Еділ бойының ірі өнеркәсіп орталықтарын астықпен, маймен, жүнмен, қамтамасыз етті, майданға жеміс-жидектер мен көкөністер жіберіп отырды. Соғыс жылдарында облыс Отанымызға 2 млн. пұт ет, 800 мың литр сүт, 100 мың ірі қара мал және 1 млн. артық қой және ешкі терісін, 44 мың 80 пұт жүн, 2 млн. 120 мың пұт астық берді.
Мамандардың есептері бойынша облыс тапсырған мақтадан тоқылған матамен Қызыл Армияның 7 млн. жауынгерін киіндіруге болатын еді.
1942 ж. маусымында облыс еңбекшілері Ленинград тұрғындарына 287 бас мал, 160 ц шұжық, 35 ц мал майын және 80 ц өсімдік майын, 120 ц ұн, 270 ц жемістер қағы мен көкөніс, 30 ц жаңғақ, 170 ц кондитер тағамдарын, 560 л шарап аттандырды.
Көптеген оңтүстікқазақстандықтар Жеңіске өз үлестерін қосты. Мысалы, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов еңбекшілер арасында түрлі спорттық өнер көрсету жолымен 100 мың сом жинап, оны Амангелді Иманов атындағы жеке ұшақ жасауға берді. Жауынгерлік техника құрылысына «Ақтас» колхозының төрағасы Б. Оңдасынов өзінің жеке жинаған ақшасынан 166 мың сом, «Бірлік» колхозының төрағасы А. Жүсіпов 65 мың сом, «Қызылабад» колхозының төрағасы М. Ізбасаров 170 мың сом өткізді.

Соғыстан кейінгі даму
50 – 60 жылдарда экономика жақсы қарқынмен дамыды. Шаруашылық реформалары, шаруашылық есептің енгізілуі, экономикалық және материалдық ынталандыру, кәсіпорындарға үлкен дербестік беру, аграрлық саясаттағы бірқатар өзгерістер жағымды нәтижелер берді. Қысқа мерзім ішінде қаракөл, гидролиз, экскаватор, «Электроаппарат» зауыттары, мақта-мата комбинаты, «Восход» тігін фабрикасы салынды.
Шымкент және Састөбе цемент зауыттары өнім берді. Ташкент-Шымкент газ құбыры салынып жатты. Химия өнеркәсібі күшті қарқынмен дамыды. Фосфор және шина зауыттары іске қосылды.
80-ж. басында мұнай өңдеу зауыты салынып, Омск-Павлодар-Шымкент мұнай құбыры пайдалануға берілді. Тамақ өнеркәсібі дамып, бірнеше сүт зауыты, ет-балық комбинаттары, сыра қайнату және нан зауыттары салынды. 1987 ж. облыста 170 астам өнеркәсіп орындары болды. өткізілген өнімнің жалпы көлемі 7,86 млрд. сом болды.

Тың игеру
1954 ж. тың және тыңайған жерлерді игеру басталды. Шардара су қоймасының іске қосылуына байланысты Қызылқұм алқабын игеру жеделдетіле түсті. Ірі күріш совхоздары құрылды. Мақта, бау, жүзім, көкөніс, бақша өндірістері дамыды. 1980 жылы облыстың жер көлемі 12 млн. га болса, оның 10,3 млн. гектары ауылшаруашылық мақсаттарына пайдаланылды.

Ағарту ісі мен мәдениет
Облыс үшін мамандар дайындауды екі жоғары оқу орны – Химия-технологиялық институт пен Педагогика институты іске асырды. Бірнеше орта оқу орындары: тау-кен, индустриалдық, кооперативтік, автомеханикалық, гидромелиоративтік, дене тәрбиесі техникумдары, музыкалық және көркем-өнер училищелері ашылды. Кеңес дәуірінде 900 мектеп салынды.
Жастарға білім беру және тәрбиелеу ісіне қосқан үшін педагог М. Тасоваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай құрметті атақ денсаулық сақтау ісіне сіңірген еңбегі үшін дәрігер А. Бувановаға да берілген болатын. Облыс халқы өздерінің жерлестері ҚССР Ғылым Академиясының академигі, түрколог С. Кеңесбаевты, мүше-корреспонденті М. Балақаевты, геология ғылымдарының докторы П. Тәжібаеваны, филология ғылымының докторы Қ. Бектаевты филология ғылымының докторы Ә. Байтанаевты мақтаныш тұтады. өлке тарихына академик, Қазақ ССР-нің 1944 – 1957 жж. сыртқы істер министрі, кейіннен Үндістандағы КСРО елшілігінің кеңесшісі Т. Тәжібаевтың есімі алтын әріппен жазылып қалған.
Облыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі 1967 ж. қазақ және орыс драма театрлары ғимараттарының салынуы болды. Оларда Қазақ ССР халық артистері А. Абдуллина, Ж. Серікбаевтар еңбек еткен.
60-80 жж. ақын О. Малқаровтың, халық ақындары К. Омаров пен Ә. Қалыбекованың, ақын-жазушылар Ә. Жылқышиевтің, Н. Сүлейменовтың, Х. Есенғараеваның, О. Постниковтың, Ю. Кунгурцевтің, М. Байғұттың шығармашылықтарының өрлеген  жылдары болды. Қазақстан театр өнерінің негізін қалаушылар Қ. Жандарбеков, Х. Бөкеев, Ғ. Хайруллина, атақты ақын және көрнекті қоғам қайраткері М. Шаханов, композитор Ш. Қалдаяқов, жазушылар Ж. Еділбаев пен Ф. Чирва – біздің жерлестеріміз.

Кеңес Одағының ыдырауы
90-ж. басында бұрынғы кеңес республикалары сияқты, Қазақстанның өмірінде де КСРО-ның ыдырауына байланысты тарихи өзгерістер болды. өзінің сан ғасырлық тарихында Қазақстан тұңғыш рет тәуелсіздік алды.
2002 ж. облыс өзінің құрылғанына 70 жыл толуын атап өтті.
Г. Мананенко, А. Рүстемов,
облыстық тарихи-өлкетану музейі 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР