Н.Назарбаев «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолының «Шымкент-Түркістан» учаскесінде көлік қозғалысына рұқсат берді.
«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолының «Шымкент-Түркістан» учаскесінде жол қозғалысы жанданды. Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Индустрияландыру күні» барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған учаскенің ашылуына рұқсат берді.Оңтүстік Қазақстан облысынан тікелей байланысқа шыққан ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаевтың атап өтуінше, биыл ҚР Президентінің тапсырмасымен салынып жатқан «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомагистралінің 806 шақырымы аяқталған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 5 облыста жүргізілуде. Жол салуға 35 мың адам қатысуда. Жаңа жол бойында заманауи қызмет көрсету орындары ашылып жатыр. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Бүгін көлік дәлізіне қарасты учаскелердің бірінде, яғни, Шымкент бағытынан Түркістан қаласына қарай автомобиль жолының бірінші учаскесінде қозғалысты ашуға рұсқат беруіңізді сұраймыз», — деді.Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша оңтүстікқазақстандықтарды осы айтулы шарамен құттықтай келе: «Жол құтты болсын! Жаңа ғана Каспийге түсірілген 2 кемеге ат бердік. Біреуінің аты — Түркістан, Қожа Ахмет Яссауи — біздің рухани қазынамыз. Екіншісінің аты — Бекет ата. Солардың аруағы бізді қолдап жүрсін дегім келеді. Рұқсат», — деді Мемлекет басшысы.ҚазАқпарат