03-09-2021
21.3 C
Шымкент

Елбасы Жолдауы ілкімді идеялар мен жағымды жаңалықтарға толы болды

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Мемлекет дамуының бағыт-бағдарын айқындаған,  келешектің  көкжиегін кеңейтетін өзекті құжатта ел күткен жаңалық көп. Президент Үкіметке экономика өсуін 4 пайыздық көрсеткіштен төмендетпеуін қатаң тапсырып,  бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, экономикалық саясат озық елдердің аяқалысынан алшақ жүргізілмеу керектігі баса айтылды.  joldauuu
Жолдаудың әлеуметтің әлеуетін арттыруды көздейтін тұстары  да жеткілікті. 2016 жылдан бастап білім алатын жастардың шәкіртақысы 25 пайызға  көбейеді. Ал 2015 жылы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28, білім беру саласының қызметкерлерінің еңбекақысы 29, әлеуметтік қорғау саласының қызметшілері үшін 40 процентке өседі. Сондай-ақ  әлеуметтік жәрдемақылар 25 пайызға ұлғаяды. Мемлекет басшысы еліміз 22 жылдың ішінде атқарылған қыруар жұмыстарға кеңінен тоқталды. «Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандастарымыздың жүрегінде еліне деген шексіз мақтаныш сезімін ояттық. Қазақстандықтар ертеңіне, елдің болашағына сеніммен қарайтын болды», — деді Н.Назарбаев.

2050 жылға қарай шағын және орта бизнес Қазақстанның жалпы өнімінің елу пайызын шығаратын болады.

Еңбек өнімділігі бес есеге өсіп, бүгінгі 24,5 мың доллардан 126 мыңға дейін жетуі керек. Бұл қарапайым мәселе емес», — деді Н. Назарбаев.

Елбасы сонымен қатар, 2050 жылға қарай негізгі әлеуметтік даму нақты индикативтік сандармен бекітілгенін атап өтті. «Бізге жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 4,5 есеге арттырып, бүгінгі 13 мың доллардан 60 мың долларға жеткізу керек. Қазақстан орта таптың өкілдері басым елге айналатын болады», — деді Мемлекет басшысы.

«Қазақстан 2050» стратегиясы елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, халық арасында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ел тұрғындарының 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскендігін атаған.

«Бүгінде Отанымыздың осы жылдарда қол жеткізген жетістіктері әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы болды деп айтуға болады. Қуатты, күшті мемлекеттер ғана ұзақ мерзімді жоспарлау мен тұрақты экономикалық өсіммен айналысады», — деді Н.Назарбаев.

Елбасының пайымынша, «Қазақстан-2050» стратегиясы барлық саланы қамтитын және үздік өсімді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы деп білуіміз керек. «Ол елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту — ортақ парыз, абыройлы міндет болып табылады», — деді Қазақстан Президенті.

«Еліміздің қазіргі заманға сай алғашқы урбанизациялы ортасы Астана мен Алматы, әрі қарай Шымкент пен Ақтөбе қалалары болмақ», — деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялау кезінде. Мемлекет басшысының пайымынша, урбанизацияның жаһандық үдерісіне орай қалалық тұрғындар үлесі бүгінгі 55 пайыздан 75 пайызға дейін жетуі болжанады. Қалалар мен елді мекендерді сапалы жолдар, көліктің барлық жүрдек түрлері қосып жататын болады.

«Ал салауатты өмір салтын ұстану мен денсаулық сақтау саласын дамыту қазақстандықтардың өмір сүру жасын сексен жастан да асыруды қамтамасыз ететін болады. Қазақстан медициналық туризмнің ең жетекші Еуразиялық орталығының біріне айналады. Алдыңғы қатарлы ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру аяқталады. Біздің еліміз әлем елдері арасында тұрғындары үшін ең қауіпсіз, ең жайлы ел болады. Бейбітшілік пен әділеттілік, тұрақты даму, әділ сот төрелігі, тиімді құқықтық қамтамасыз ету — бұлар дамыған елдердің негізі», деді Н. Назарбаев.

Қазақстанның ресурстарына, энергияға, азық-түлігіне, индустрияландырудың өнімдеріне сұраныс арта түседі. Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енуі жоспарына тоқталған Елбасы: «Менің тапсырмам бойынша, Үкімет осы мәселе бойынша тұжырымдаманың жобасын әзірледі. Жалпы, бұл құжат мақұлданды. Атап айтқанда, бүгінгі Жолдаудағы тапсырмаларды ескере отырып, пысықталғаннан кейін, құжат нақты бекітілетін болады. Көптеген болжамдар бойынша алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін мүмкіндіктер терезесі болмақ. Осы кезеңде біз үшін сыртқы қолайлы орта сақталады», — деді. Бұл тұрғыда Президент Қазақстанның ресурстарына, энергияға, азық-түлікке, индустрияландырудың өнімдеріне сұраныс арта түсетіндігін атап өтті.

Қазақстандықтар ең ұзақ өмір сүретін елдердің қатарына қосылатын болады. Бүгін Президент Н. Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы барысында осылай мәлімдеді.

«Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді», — деп мәлімдеді Елбасы. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», — деп мәлімдеді ол.

Мұнай мен газ өндірудің мүмкін болатын сценарийін түпкілікті анықтауымыз қажет. «Қазақстанның ең дамыған әлемнің отыз елінің қатарына қосылу тұжырымдамасы алдағы жұмысымыздың басым бағыттары ретінде белгіленген. Біз соған орай, бірқатар бағдар бойынша бірнеше міндеттерді шешуге тиіспіз. Біріншіден, инновациялық индустрияландырудың трендін жетілдіріп, күшейтуге тиіспіз. Мен Үкіметке Үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығына жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бірінші бесжылдық биыл аяқталады. Атқарылғандар аз емес, кемшіліктер де жоқ емес. Сол үшін біз бұл бағдарламадағы олқылықтарды түзеп, индустрияландырудың басымдықтар санын шектеуге тиіспіз», — деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы экономиканың дәстүрлі өндіруші секторындағы тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. «Бұл біздің бәсекелестіктегі шынайы басымдығымыз. Дегенмен, бізге көмірсутектерді өндіру мен өңдеуде жаңа қадамдар қажет. Бұл ретте мұнай мен газ, тау кен өнімдерінің экспорттық әлеуетінің сақталуы да қамтылуы шарт. Мұнай мен газ өндірудің мүмкін болатын сценарийін түпкілікті анықтауымыз қажет. Бізге ағымдағы уақытта қанша, перспективада қанша қажет?», деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Үкіметке 2015 жылдың 1 шілдесінен азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін жасап, енгізуді тапсырды. «Ол еңбекақының денсаулық сақтау қызметкерлерінде — 28 пайызға, білім беру қызметкерлерінде — 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінде 40 пайызға дейін артуын қамтамасыз етуі тиіс», — деді Мемлекет басшысы.

«Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылудағы ұмтылысымызды екі кезең арқылы жүзеге асыру қажет. Бірінші кезең 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды, онда XXI ғасырда «мүмкіндіктер көзін» пайдаланып, жаңғырту серпілісін жасау керек», — деп мәлімдеді Елбасы.

Қазақстан геологиялық барлау саласында әлемдік нарыққа шығуы керек. Елбасы Жолдауда Қазақстанның кені әлі де тиісті деңгейде барланбағанын, бүгінгі қолда бардың барлығы жердің беткі жағындағы кен екенін алға тартты.

«Осының өзі Қазақстанның жалпы байлығы, кені бүгінгіден бірнеше есеге жоғары екенін білдіреді. Бұл салаға шетелдік инжинирингтік компанияларды тарту маңызды. Бұл үшін біздің заңнамаларымыз жетіле түсуі шарт. Жалпы, біздің дәстүрлі салалар бойынша жеке жоспарлар қамтамасыз етілгені ләзім», — деді Н. Назарбаев.

Жастардың орта техникалық білім алуының мемлекетпен кепілдендірілген жүйесіне көшуді қарастыру қажет. «Алдағы 2-3 жылда дуальді техникалық кәсіби білім берудегі ұлттық жүйенің өзегін қалыптастыру керек. Перспективада жастардың орта техникалық білім алуының мемлекетпен кепілдендірілген жүйесіне көшуді қарастыру қажет», — деп атап өтті Президент.

«Үкіметке биылғы жылдың 1 маусымына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстарды енгізуді тапсырамын»,- деді ол.

Үкімет жеке секторға берілуі тиісті кәсіпорындардың тізбесін анықтауы тиіс. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты. «Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, мемлекет қатысуындағы барлық компанияларға сараптама жүргізуі, жеке секторға берілуі тиісті кәсіпорындардың тізбесін анықтауы тиіс», — деді ол. Мұндай жұмыстар барлық мемлекеттік секторда жүргізілуі тиістігін баса айтқан Мемлекет басшысы: «Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары қабылдануы тиіс», — деді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымынша, Қазақстанда экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кейбір стандарттарын енгізу керек.

«Мен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кейбір стандарттарын енгізу мақсатын қойып отырмын. Ол Тұжырымдамада көрсетілетін болады», — деді бүгін Елбасы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында. Мемлекет басшысы өз сөзінде аталған ұйымдағы мемлекеттердің индикаторлары әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену бойынша Қазақстанның базалық бағдары болып табылатынын атап өтті.

«Мәңгілік Ел — ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. «Қазақстан-2050» — Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол», — деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Дерек көзі: «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР