test
01-07-2024
28.3 C
Шымкент

Әйел әлсіз бе?

Отбасындағы зорлық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Құқық қорғау мамандары тұрмыстағы  зорлық-зомбылықтан әйелдер мен балалардың жиі зардап шегетінін айтады. Ал білектінің алдында әйел-әлсіз, бала- қорғансыз болып отыр. Статистика бойынша жыл сайын елімізде 600-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан көз жұмады. Ал үрей мен қорқыныш құшағына енген 70 мыңға жуық қыз-келіншек психолог мамандарды жағалайтын көрінеді. Барар жері  болмай, тауы шағылған жандарға әйелдерді  қолдау орталығы көмек көрсетеді.  Шымкент қаласында «Сана сезім»  орталығы 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда сенім телефоны іске қосылған. Оған хабарласқан адамдар заңгер, психолог және әлеуметтік қызметкердің көмегін, ақыл-кеңесін алады.  434_0ed3476450c2e6e22cce299998ae822b

-Бұрын әйелдер кеңес алуға арланатын. «Есім дұрыс» деп ренжитіндер жиі кездесетін. Қазір олар психологтың «психиатордан» айырмашылығын жақсы біледі. Көбіне орталыққа зорлық-зомбылық көргендер келеді. Өкінішке қарай, тұрмыс құрып, бақытты отбасы боламыз деген қыз-келіншектердің үміті ақтала бермейді.  Көп уақыт өтпей, жылы құшақ — жұмылған жұдырыққа, нәзік сезім қатты тікенге айналып жатады. Сүйіп қосылған жолдасының дөрекілігін біреу айтса, біреу сырын ашпайды. Ал үнсіздікті пайдаланған «батырлар» күн өткен сайын қатыгезденіп, ар-ұятты ойламайды. От

басындағы зорлық-зомбылық балаларға әсер етеді. Мұндай отбасында өскен бала ашушаң боп, жүйке ауруына ұшырайды. Соның салдарынан мінезі тұйықталып, үйден қашып кетуді шығарады. Мені отбасылы жандардың бала болашағын ойламайтыны алаңдатады,-дейді «Сана сезім» әйелдерді қолдау орталығының психологы Дилноза Мадиева.

Әйелдер арыздануды ар санайды

Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны анық.  Ал  келіспеушіліктің басым бөлігі әлеуметтік жағдайдан туындайды. Күрмеуге келмейтін қысқа жіп әйелді титық татады, оны күйеуіне жеткізгені үшін кінәлі болады. Келіспеушілік жанжалға ұласып, отағасы жұбайына қол жұмсайды. Ал қазақ әйелдері соққыға жығылса да  сабырлығына салады. Отбасындағы оқиғаны жарияға жар салғанды ар көреді. Сондықтан құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің нақты санын айта алмайды. Әйтсе де, жанұядағы келеңсіз оқиғалар өткен жылмен салыстырғанда  азаймаған.  Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде тұрмыстық қатынасқа қатысты 2012 жылы 1228 шағым түссе, 2013 жылы  арызданушы әйелдердің саны 1869-ға артқан. 936 қорғау нұсқасы толтырылған. Оның ішінде тұрмыстағы дау жанжалға байланысты 220 арыз қаралған. Аталмыш полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Гүлшеһра Моминованың айтуынша, жәбірленсе де күйеуін ойлап, соңғы сәтте шешімінен бас тартып,  арызын қайтып алатындар  көп.

Қазір  қаламызда 15 жылдан бері  әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі жұмыс атқарады. Бірақ әйелдердің көбісі шағымын айтып келе бермейді. «Балаларым өсіп қалды, жолдасымды жамандағанда не табамын» деп жүре береді. Күйеуінің соққысынан қабырғасы сынып, денсаулығына зақым келсе де төзімділік танытатындар жетіп артылады. Өзім куә болған бір мысалды айта кетейін.

Ауызша шағымның бірі  қала тұрғыны орта жастағы әйелден келіп түсті. Арызданушының бес баласы бар. Баспанасын  несиеге алып, азық-түлік дүкенін ашыпты. Күйеуі қала ішінде «таксист» екен. Бірақ ащы суға құмар отағасы әйеліне күн көрсетпейді. Басы таяқтан арылмаған әйел полиция шақырады. Біз отбасына арнайы бардық. Шынымен де апталдай азаматтың   азғындағанына көз жеткіздік. Бір қызығы, оқиға қанша жылға созылса да әйел құқық қорғау органына бірде-бір шағым түсірмеген. Бізге арыз-шағымның көбісі телефон қоңырауы арқылы келіп түседі. Айыптаушыларға  заң бойынша, сот шешімі шыққаннан кейін түрлі деңгейдегі жазалар қолданылады. Ең бастысы тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының жұмыстары кеңінен жүргізілсе отбасындағы келіспеушілік, дау-жанжал азаяр еді,-дейді Г. Моминова.

Заң не дейді?

Өткен жылы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң актілеріне түзету енгізілді. Бұл түзетулер отбасының шырқын бұзатын адамдарға қатысты жазаны күшейту мақсатында жасалып отыр. Бұрын айыпталушылар  отбасының шырқын бұзып, жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірген жағдайда 50-ден 150 айлық көрсеткішке дейін айыппұл  төлейтін. Енді жаңа заңның жазасы  жеңіл емес. Зорлық-зомбылық көрсеткендер  қатаң жазаланады. Жұбайына орта және ауыр дене жарақатын жасаған адам сот алдында жауап береді. Егер заң бұзушылар сот ұйғарымдарын орындаудан жалтаратын болса, бір айға абақтыға қамалады. Сондай-ақ,  жәбір көруші мен жәбірлеушінің бір шаңырақта тұруына тыйым салынады.  Жыл басынан бері Әл-Фараби   аудандық полиция бөліміне тұрмыстық-зомбылыққа байланысты 25 шағым түскен. Тәртіп бұзған отағасылардың біреуі айыппұл төлеп, бесеуі қамауға алынған. Ал 14 айыпталушыға отбасы тарапынан кешірім берілген.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбінесе әйелдер зардап шегеді» деген  қате пікір қалыптасқан. Олардың арасында балалар, қарттар мен мүгедек жандар да көп.  Ал асыл дінімізде  «Мұсылмандардың ең жақсысы әйеліне дұрыс қарағаны» екені  және «Әйелдерге жақсы мінезде болу» қажеттілігі айтылған.  Өкініштісі жақынын жатқа қимайтын қазақ отбасыларының ынтымағы мен сыйластығы азайып бара жатқандай. Есесіне әйелдерге деген құрмет төмендеп,  қолын көтеретіндер көбейген.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде тұрмыстық қарым-қатынасқа байланысты 4104 оқиға орын алған. Бірақ 3860 оқиға шағымданушылардың өтініші бойынша іс қозғаудан бас тартылған. Отбасындағы жанжалға қатысты 4378 іс тіркелген. ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы  Алма Серғазиеваның пайымдауынша,  зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдердің көпшілігі жұмыссыздар, арнайы білім алмағандар екен.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ, «Шымкент келбеті»

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР