14-04-2022
13.3 C
Шымкент

Театрдың жас актрисасы

Мөлдір Зияева Ж. Шанин атындағы қазақ драма  театрының актрисасы. Ол  өнерге алғашқы қадамын М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің 4 курсында  оқып жүріп бастады. Белгілі режиссер Ерғали Оразымбетов студенттерді іріктеу кезінде Мөлдірді  театрға жұмыс істеуге шақырады. Сахнаға шыққаннан жауапкершілігі үлкен рөлдерді  сомдады. Алғашқы кейіпкері Шекспирдің  Иполитасын  ойнады. «Ең әдемі келіншекте» басты рөл Гүлбаршынды, «Пай-пай жас жұбайларда» -Зәуреш, «Мұңлық-Зарлықта» Қаншайым бейнелерін сомдап, көптің көзайымы болды.  Ал жапон қойылымы «Қиямет-қайым Киотода»  образын бұрынғыдан да   сәтті көрсете білді.  Молдир 3

Әрбір рөлге Мөлдір жауапкершілікпен қарайды. Қандай рөлді ойнаса да, тазалықты, кейіпкерінің жан-дүниесін ашуды бірінші орынға қояды. « Бірақ кейіпкерлерімді шарықтау шегіне жеткізгенім жоқ. Әртүрлі типтегі эпизодтық рөлдерім жетерлік. Алайда драмалық күрделі аналар бейнесін сомдағым келеді» ,-дейді ол. Ешкімге еліктемейтін актрисаның кумирі жоқ. Көшірме жасауды жаны қаламайды. Әрдайым ізденісте жүретін ол өзін жаңа қырынан көрсетуге ұмтылады.

Театр актрисасы Әнипа Қарабекова  да Мөлдірдің болашағынан үміт күтетінін айтады. Оның әрбір ойнаған кейіпкерлерін актриса ұнатады екен. «Мұңлық-Зарлықтағы» Қаншайым рөліне белгілі сыншы Әшірбек Сығай риза болып, жақсы бағасын беріпті.  -Кейіпкерді жақсы ойнау үшін партнердің ықпалы зор. Мөлдірмен бір қойылымда ойнау маған оңай.  Ол сахнада ыммен белгі беріп, жәрдемдеседі. Сондықтан бір-біріміздің айтарымызды қас-қабағымыздан түсінеміз. Мөлдір драмалық, лирикалық рөлдерді өз деңгейінде орындайды. Сондықтан оның жанында жайбарақат жүре алмайсың. Кейіпкеріңнің характерін жан-жақты ашуға талпыныс жасайсың,-дейді партнері Асхат Қалыбаев.

Өнер мен отбасын тең ұштастырған Мөлдір актриса ғана емес, аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы Сержан Құттыбаев та сегіз қырлы, бір сырлы актер. Олар қарашаңырақ өнер ордасында көңілі жарасып, отау құрады. Әдемі есімді қыздары бар актерлердің жан-дүниесін шығармашылық дәнекерлесе керек. Әкесі Айдар мен анасы Кәмила да өнерден құралақан емес. Өнерге құштар жандар ән-күй десе дүниені ұмытады. Қылқаламмен суретті жақсы салады. Қолы қалт еткенде Мөлдір де майлы бояумен  табиғатты кескіндегенді ұнатады. Жуырда Сержанмен бірге «Соқыр ана» фильміне түсті. Бұл актерлердің кино саласындағы алғашқы қадамы.

Қ. САБЫРБАЙҚЫЗЫ, «Шымкент келбеті»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР