05-09-2021
35.3 C
Шымкент

Салымшылар сеніміне селкеу түсірген не?

Теңге девальвациясынан соң ешбір жарнамасыз-ақ бүкіл елдің назары банктердің қызметіне ауды. Үш бірдей банкте бұрын-соңды болмаған дүрбелең орын алып, таңертеңнен кешке дейін кезекте тұрғандардың қатары бірнеше күн сейілмеді. Бұл орайда, жарнамалау үшін шетелден шақырылған жұлдызыңыз да жарты жолда қалды. Дегенмен, салымшылардың бұл «қызығушылығы» кей банктер үшін қымбатқа түскені де мәлім.  загруженное

Бұрындары даудың басталғанын «Дайрабайдың көк сиырынан»  көруші ек, бүгінгілер бұл жолғы шу әлеуметтік желіге «жазғыштардың» арандатуынан туындағанын айтуда. Салымшыларын сабырға шақыра алмаған банк басшыларына Ұлттық банк төрағасы да көмектесіп бақты. Мәлімдеме жасады, түсініктеме берді. Алайда, салымшылар сене қоймады. Оған себеп те жоқ емес-ті. Бұл орайда сенатор Светлана Жалмағамбетова  «сіздің “арандатушыларға” қарата айтқан айбатыңыз, телеэкраннан жасаған мәлімдемеңіз ешкімді де сендіре алмайды. Нақты әрекет керек” екендігін айтты бас банкирге қарата. “Сізге де Елбасыдан үлгі алып, банктік саланы реттеу керек. Девальвацияның нәтижесінде теңгемен жинақ салған қазақстандық салымшылардың қоры 20 пайызға құнсызданды. Бұл бүгінгі күні теңгелік депозиттердің жаппай кетуіне, банктердегі жағдайдың нашарлауына соқтығып жатыр. Қандай да бір банктердің жабылатындығы туралы қауесеттер де салымшылардың осыған қатысты жасаған ишараты», – деген С. Жалмағамбетова жеке тұлғалы салымшыларды барынша қолдау қажеттігін ескертті.

Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттен көмек сұрап, қол созған банктерге үнемі қолдау бола бермейтінін ескерткен де болатын. «Үнемі жеке меншік банктерді, жеке тұлғаларды қорғаймыз. Олар ұдайы көп уәде беруші еді. Енді олар қайда? Қолдарын созып, мемлекеттен көмек сұрайды. Неге кредит берді онда? Активтер деңгейін төмендетіп, «нашар» кредиттердің көлемін қысқартсын. Әйтпесе, ондай банктерге ешқандай көмек болмайды», — деді сол отырыста Президент Ұлттық банктің төрағасына. Дегенмен, елдегі қаржылық жағдайды алдын ала ойлаған Елбасы кәсіпкерлікті ынталандыру және қаржы секторын сауықтыру мәселелері жөніндегі кеңесте еліміздің экономикасын дамыту үшін 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

«Сыртқы қаржыландыру көздерінің біз үшін қолжетімділігі аз және бөлінетін несиелер өте қымбат. Банк жүйесіндегі ішкі резервтер шектеулі, өйткені отандық банктер дағдарыстан енді-енді шыға бастады. Осыған байланысты, өздеріңіз білетіндей, экономиканы, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ елімізде индустрияландыруды жалғастыру мен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге мөлшерінде қомақты қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Ол азаматтарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды, еңбекақыларын төлеуді қамтамасыз етеді және жалпы тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік тудырады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Айта кетелік, Ұлттық қордан бұған дейін 2008-2009 жылдары бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде айтарлықтай қаражат бөлінген болатын. Нәтижесінде сол кезде бүкіл әлемде орын алғандай зейнетақының, еңбекақының төмендеуіне жол берілмегені ел жадында.

Банктер банкротқа ұшырамайды

Иә, ақпандағы девальвация әсіресе, еліміздің банк секторына келеңсіздік ала келгені рас. Бұл жағдайды «тиімді» пайдалана білгендер де жоқ емес. Жылдап жиған ақшасынан айырылып қаламын ба деген жұрттың үрей басымырақ. Ал елді осынша дүрліктірген үш ірі банк — «Kaspi», «Альянс» және «ЦентрКредит» банктерінің банкротқа ұшырайтыны туралы негізсіз хабарлама еді.         

Әлеуметтік желі арқылы жіберілген хабарламаның не жалған не шын екенін біле алмай салымшылар әуреге түсті. Нәтижесінде банкте сары майдай сақтаған қаржысын қолма қол алып қалуға асықты. Егер расында да банк банкрот деп жарияланса, қара халықтың жиғанын кім өтеп бере алады? Осындай сұрақ мазалаған болуы керек, сан мыңдаған салымшылар жыл бойы жинаған қаржысын банктерден алып кетіп жатты. Бұл әрине, банктер үшін тиімсіз.

Ал Мемлекет басшысы  кәсіпкерлікті ынталандыру және қаржылық секторды сауықтыру мәселелеріне арналған кеңесте «еліміздегі бірде-бір банк банкротқа ұшырамайтынын, сондықтан әртүрлі арандатушылыққа құлақ аспау керек екенінін» айтып сабыр сақтауға шақырды.

— Біздің экономикамыз ойдағыдай және ешқандай да күйреу болған жоқ. Елдегі бірде-бір банк бүгінде банкротқа ұшырамайды. Біз 2009 жылы БТА және өзге банктерге қатысты да мұндайға жол берген жоқпыз, себебі онда азаматтарымыздың салымдары болды. Қазір де бұған жол бермейміз. Біз халықтың басым көпшілігінің қаражаты сақталатынына кепілдік береміз. Ал банктер айналасында дүрбелең тудырғандар қазір табылды және жауапкершілікке тартылатын болады. Бәріміз елімізде тыныштық пен тұрақтылықтың болғанын қалаймыз, бұл — барша қазақстандықтардың міндеті. Жоспарлағанымыздың барлығын біз әрдайым орындап келдік», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Арандатқан кім?

Жұртты дүрліктіріп, жалған ақпараттың таралуына түрткі болған банк қызметкерлері болып шықты. Бас прокуратура банктердің банкроттығы туралы жалған ақпарат тарату фактісіне заң компаниясы қызметкерлері мен банк заңгерінің қатысы бар екенін анықтады.

— Бүгінге дейін банктердің қаржылық ахуалы туралы жалған ақпараттың алғаш таратылуына қатысы бар бірнеше адам анықталып, ұсталды. Ол адамдар істегендерін мойындап, тиісті түрде жауап беруде және мұндай әрекеттерге баруларының жай-жапсары жайында егжей-тегжейлі баяндап берді. Бас прокуратура жалған хабарламаларды таратуға кінәлі тұлғалардың барлығы қылмыстық қудаланумен қоса, материалдық және заңмен белгіленген өзге де жауапкершіліктерге тартылатындығын мәлімдейді, — деді Бас Прокуратураның ресми өкілі Н.Сүйіндіков.

Айтпақшы, әлгі арандатушылар таратқан хабарламада Қазком және БТА банктерінің де жағдайы «мүшкіл» делінген екен. Бүгінде «БТА Банк» жеке тұлғаларға несие беру қызметін уақытша тоқтатты. Бұл туралы банктің call-орталығы хабарлап отыр. Егер бұған дейін банк кез кезген тұлғаларға ипотекалық және кепілсіз несиелендіру қызметін көрсетіп келген болса, қазіргі таңда тек аталған банктен жалақы алатын тұрақты клиенттерге ғана қызмет көрсету қарастырылған. Алайда, мұны банк қызметкерлері уақытша деп сендіреді.

К.ЕРАЛЫ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР