16-04-2024
13.3 C
Шымкент

Тарихи тұлға: ҚОЗЫКЕ ДАТҚА

Біздің көпшілігімізде өткен ғасырларда жасаған қазақ батырларының барлығы қалмақ заманының қаһарманы болған деген теріс сенім бар. Бұған қазақ тарихын жете оқытпаған кезең кінәлі.

Сонымен қатар бұрынғы дәуірлер тарихнамасын пайымдап, терең түсінуге өресі жетпейтін  жонгарбазбір жазбагерлердің бір заманның тұлғасын екінші заманға, яғни қазақ-қалмақ соғысына апарып тели беретін жалған жазбалары айыпты. ХҮ ғасырдың ортасы ауа құрылған Қазақ Ордасына ХІХ ғасырдың аяғына дейін жан-жақтан анталаған жау бір сәт те тыныштық берген емес. Ал екі жүз жылға жалғасқан қазақ-қалмақ шайқасы – Қазақ Ордасының жатжерліктермен айқасқан дүрбелеңге толы дәуірінің бір парасы ғана. ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлар аралығында бізге қалмақпен қатар Моғолстан хандары да, Бұқар әмірлігі де, Хиуа басқыншылары да, орыс отаршылдарының қолшоқпары казактар да жау болды. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында Қазақ хандығы еш болмаса 20-30 жыл мамыражай күн кешкен емес. Осы сыртқы басқыншылармен айқаста өткен төрт жүз жылдың ішінде қазақтан неше мыңдаған батырлар, қолбасшылар, сардарлар шықты. Әлбетте, осы мыңдаған қаһармандардың барлығы тек қазақ-қалмақ соғысында ғана аты шықпаған. Ел аузында батыр деген аты қалған олардың көпшілігі одан бұрынғы һәм одан кейінгі шапқыншылықтардың баһадүрлері.

Осы күндері ел мен жер үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей,  ғұмыры тас төсеніп, мұз жастанып өткен қаһармандардың ілгергі замандардың шаңына көміліп, бізге ғасырлар саңылауынан сығалап, еміс-еміс жеткен ерліктерін жұртқа паш етуге талпынып жүрген тарихшы-жазбагерлердің еңбектеріне кейбіреулер «бұ қазақта неліктен батырлар көбейіп кетті?» деп сенімсіздікпен қарайды. Салыстырмалы түрде мынаны айтайын: төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысында кеңестер одағының бірнеше мыңдаған адамдары батыр атанды. Соған керісінше, төрт жүз жылға жуық ұдайы соғыс көрген қазақ халқында неліктен батырлар аз болуы керек?! Осыншама ұланғайыр даланы аузы дуалы билері бастаған, қаһарман батырлары қоштаған ерлікке толы күреспен күн өткізген ел ғана сақтап қалады емес пе. Сол үшін де халық аузында қалған тұлғалардың шын болмысын, атқарған еңбектерін шынайы түрде көпшілікке жеткізем деп талаптанған жазбагердің ісіне оң көзбен қарау ләзім-ақ.

Екі жүз жылға ұласқан қазақ-қалмақ жауласуы – 1756 жылы түпкілікті аяқталды. Ал оңтүстік өңірінен қалмақтар 1745 жылы сүрілген. Одан кейін оңтүстік қазақтарына қырғыздар жау болды.  Әлі күнге дейін толық зерттелінбей келе жатқан қазақ-қырғыз қақтығысы бақандай 100 жылдан аса уақытқа созылды. Қырғызбен қатар Тәшкент билеушісі Жүнісқожа да қазаққа жау шығып, 1798 жылы алты Алаш баласын шаһар маңында қырып, қалғандарын сол өлкеден бездіріп жіберді. Бұл кезең қазақтар үшін өте ауыр еді. Халыққа ортақ хан мен би жоқ-ты, күллі оңтүстік жұрты бытыраңқы күйде күн кешіп жатқан. Осыны пайдаланған әрі Ташкентті Жүнісқожа билігінен оп-оңай тартып алған Қоқан хандығы 1808-1816 жылдар аралығында Ташкенттен Ұзынағашқа, Алатаудан Ақмешіт, Сарысуға дейінгі қазақ даласын, яғни қазіргі Қазақстанның шартты түрде оңтүсік деп аталатын аймағын түгелдей  басып алды.  Міне, осы кезеңде қазақтан қаншама ел қамын ойлап, жүректері жараланған, көңілдері назаланған би-батырлар шықты. Соның бірі – Қозыке датқа.

Біздің тарихта Қоқан хандығының басқыншылығы әлі күнге дейін зерттеусіз жатыр. Расын мойындасақ, бұл – тарихшылар мен өлкетанушылардың үлкен кемшілігі. Біз, мәселен, пәлен атамыз бір кездері датқа болған деп мақтанамыз да,  сол датқаның қандай шен, кім берген лауазым, тіпті бұл дәреже нені білдіреді және ол қай елдің қызметтік титулы деген сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Өйткені біз Қоқан тарихын жете білмейміз.

Ақиқатында, сол кезде батыс, солтүстік шығыс, орталық Қазақстанды орыстар отарлап,  ал оңтүстіктегі қазақтар әрі-сәрі күйде, бытыраңқы қалыпта ғұмыр кешіп жатса да, қоқандықтарға бұл өңірді жаулау оңайға соқпаған.  Бұл туралы «Түркістан» газетіне, «Жалын» журналына егжей-тегжейлі жазғанбыз. Жалпы, Қоқан хандығы қазақ даласын тұп-тура 55 жыл билеп тұрды. Осы 55 жылдың ішінде қазақтар оларға қарсы 114 көтеріліс ұйымдастырған. Әлбетте, аталған көтерілістер бекерден-бекерге ұйымдастырылған емес. Қоқанның қазаққа көрсеткен зәбірі, қалмақ залымдығынан он есе асып түскен. 12 бапқа бөлінетін төрт түрлі салықтың өзі (оның ішінде қыз салығы да бар)  қазақтарды әбден титықтатып тастаған. Бұдан бөлек басқыншылар тарапынан көрсетілген түрлі зәбір-жапа мен моральдік, әлеуметтік қысым, ұлтты кемсіту сияқты факторларды тағы қосыңыз. Осының барлығы жиі-жиі халықтық толқуларға әкеліп соқты. Ал мұндай толқуларды бастайтын әманда бір басшы болады. Бүгін біз мақаламызға бас кейіпкер етіп отырған Қозыке датқа – сондай көсемдердің бірі.

Қозыкенің шыққан тегі – ұлы жүз сіргелі. 12 ата сіргелінің бір тармағы – Байжігіт. Қазақы шежіре бойынша Бәйжігіттің төрт баласының үлкені – Амалдық. Одан –Тілеуқабыл, одан – Құлақа, одан – Дабал, одан – Тілес, одан– Сиқымбай, одан – Тоғабай, одан – Қозыке. Қозыке 1815 жылы қазіргі Ордабасы ауданындағы Шұбар елдімекенінің күнгей жағындағы, нақтырақ айтсақ, Арыс өзенінің оң жақ сағасында,  со кезде Амалдық ауылы деп аталатын қыстақта өмірге келген. Ол ес біліп, етек жапқаннан Қоқан хәкімдерінің қазаққа көрсеткен зәбірі мен қиянатын көріп өсті. Кеудесі от, жүрегі шоқ болып туылған Қозыке, басқа салғанға көніп жүре беретін қатардағы пенде емес-ті. Тумысынан бойына қонған тектілік қасиет – оны өз ұлтын сүюге жетелейтін, өз жұртының бөгденің талапайына түсуіне жол бермейтін талпыныстарға жетеледі. Заманнан озып туған текті де батыр Қозыке жастайынан-ақ басқыншылардың іс-әрекеттеріне қаны қайнап, көңілі қарайды. Ол 15 жасқа келгенде Созақ жерінде қоңырат, тама, ысты, сіргелі руларынан жиналған мыңнан аса жігіт Жаманқара мен Ерсібай батырлардың бастауымен Саудакент пен Шолаққорғандағы Қоқан хәкімдерін өлтіріп, шеріктерін талқандайды. Одан соң мықты қамал – Созаққа шабуылдап, оны да азат етеді. Бұл оқиғадан күллі Қаратау етегіндегі, Арыс бойындағы елдер тегіс құлақтанады. Әлі белі қатып, бұғанасы бекімеген бала Қозыке осыны естігенде байыз таппай: «Сіздер, неге бейқам отырсыздар? Сіздер неге Созақтағы ағайындар сияқты қоқан-сартқа қарсы қол жиып, оларды біздің жерден қуып жіберуге талпынбайсыздар?!» деп балалық өрікпіген көңілмен үлкендердің намысына тиетіндей сөз айтады. Сонда бір ақсақал тұрып: «Ой, балам-ай, күллі қазақ бірікпесе, әр-әр жерден бас көтерген батыл жігіттер бәрібір дегеніне жете алмайты. Біз көтерілсек, ана ауыл көтерілмейді, ол ауыл көтерілсе, мына ауыл мызғып жатады. Осындай бейқамдықтың кесірінен ғой, қоқан-сартқа есеміздің кетіп жатқаны. Сен намысшыл екенсің. Сірә, үлкейгенде не ел бастайтын, не қол бастайтын адам боларсың» депті.

Сол қарияның айтқаны рас шығыпты. Қоқан хандарының хаткерлері жазып қалдырған деректерге ден қойсақ, 1842 жылы қоқандықтарға қарсы оңтүстіктің әр аймақтарында бірнеше көтерілістер ұйымдастырылады. Көтерілістің бастапқысы Талас бойындағы Байзақ батыр бастаған дүмпумен басталады да, іле-шала Түркістан, Қаратау, Ақмешіт, Тәшкент, Келес бойындағы қазақтар да көтеріледі. Бұ кезде Қозыке 27 жаста болатын. Бірақ жастығына қарамай, бұл уақытта ол күллі Қаратау қазақтарына сөзі өтетін тұлғаға айналған-тын. Осы жылы күзге таман Қозыке дулат-сіргелілерден 1500-дей жігіт жинап, алдымен Иқандағы Қоқан шеріктерін талқандайды, одан соң кері бұрылып, қазіргі Бадам ауылында орналасқан Ташкент құшбегісінің арнайы өкіл-хәкімі отырған рабатхананың быт-шытын шығарады. Мұндағы жүзге жуық қоқандық  тұрақты ғаскерді рабатханадан қуып шығып, Арыс суына тоғытады.

Осы кезде бірі Қазығұрт жақтан, бірі Боралдай тараптан жасақталған қазақ қолдарынан Қозыкеге: «Шымқаланы бірлесіп шабайық» деген хабар келеді. Қозыке мұны ести сала, сарбаздарын Шымқалаға қарай бастайды. Арада екі күн өткенде үш қол үш жақтан Шымқалаға таяйды. Ол шақта Шымқала қорғаны Қошқарата суының жиегіндегі биік төбенің үстінде, яғни қазіргі Қабанбай батыр ескерткіші тұрған тегіс пен ескі автовокзал және Химфарм зауытының бір шетін алып жатқан  әрі онда Қоқанның зеңбіректері мен мылтықтары бар арнайы горнизоны бар-ды. Қазақ қолдары, оның ішінде Қозыке сарбаздары ішінара шиті мылтықтарымен және сойыл-шоқпарлармен қаруланған еді. Мұндай осал қарулармен жарақтанған қазақ жасақтары, әлбетте, зеңбірек пен алысты көздейтін мылтықты қоқандықтардың алдында дәрменсіз болатын. Бірақ ежелгі ата-бабаларының өр рухын кеуделеріне қондырған өжет те ержүрек қазақтар алған беттерінен қайтпай қамалға тіке шабуылдайды. Алайда діттеген жерлеріне жете алмай, талайы қорған түбінде опат болады. Осы шайқаста Қозыке оң иығы мен қолынан жараланып, аман қалған сарбаздарымен кері шегінуіне тура келеді.

Көтеріліске шыққан қазақтар қай аймақта болса да, ұсақ-ұсақ кент- қыстақтардағы жау шеріктерін қиратқанымен, ірі-ірі шаһарларды алуға шамалары келмейді. Әр жерде әр топ өз бетінше айқас жүргізіп, әркеттерін шашыранды түрде іске асырып жатқанда, оларды жазалау үшін Ташкенттен түйелерге 20 зеңбірек артқан, бас-аяғы 25 мыңды құрайтын ауыр ғаскер Шымқала шегіне жетеді. Жете салысымен, бас көтерген ауыл-аймақтарды қанға бөктіреді. Бұл жазалаудан қазақтың бар тарапындағы бас көтергендер де құтылмайды. Өздеріне қылыш көтерген қазақтармен бірге талай жазықсыз жандарды қанжоса етіп қырған қоқандықтар жер-жердегі көтерілістерді басқан соң, оларды ұйымдастырушыларды іздей бастайды. Ұйымдастырушылардың талайы ұсталып, өлімге кесіледі. Талайы ұстатпай кетеді. Ұстатпағандардың ішінде Қозыке де бар-ды. Сол шақта Қоқанға хан болған Шералының жеке хаткері жазып қалдырған, кейін «Қоқан хандығына қатысты жазбалары» атты жинаққа енген жазбада: «Қаратау Сіргелілерінің арасынан Қозыке Тоғабайұғлы деген бүлікші паруанашылардың қолына түспей қашып жүр. Ол хандыққа қарсы кәтта соғыс ұйымдастырған бүлікші. Шералы хан ұстатпай жүрген һәмма бүлікшілерді сырттай өлім жазасына кесті» деген сөйлемдер бар.

Алайда басқыншы дұшпан Қозыкені еш ұстай алмайды. Өзіне сенімді жүзге жуық жігіттен сарбаз құрып алған Қозыке Қаратау шатқалдары мен Арыс-Боралдайдың нулы жағасында тығылып жүріп, тұп-тура 15 жыл бойы жаудың мазасын алады. Қазіргі тілмен айтқанда, партизандың соғыс тәсіліне көшкен Қозыке қолы ары-бері өткен қоқан шеріктеріне жыр-тасалардан тап беріп, қырып салады, шаһар-шаһарларға қатынаған керуендерін тонайды, хандыққа жан-тәнімен беріліп қызмет еткен датқаларды, хәкімдерді ретін тауып, жазаға тартады.

1860 жылға таман Қоқан хандығы сырттан төнген қатермен қатар ішкі қайшылықтар негізінде ауыр кезеңді басынан өткере бастайды. Хандықтың осындай ахуалын сезінген Мәлләбек хан қазақтарды тыныштандыру һәм өзіне тарту мақсатында дала-даладағы бұрын өздері бүлікші деп атаған қазақ көсемдерінің бәріне рақымшылық жасап,  оларға түрлі сый-сияпат беріп, датқалық лауазымды ұсынады. Қозыке де осы рақымшылыққа ілігіп, датқа деген шен алады. (Датқа – өзбекше дотхо. Қазірігі аудан әкімдерімен шендес лауазым.  Бір датқа басқаратын датқалыққа 3500-4000 дейін түтін кіретін 50-55 ауыл қараған. Кей жерлерде ол рулық жүйе бойынша құрылған). Бірақ ол датқа шенін иеленсе де, Қоқан хандығы қазақ даласынан ысырылған 1865 жылға дейін онымен алысып өтті.

Әрине, бұл шағын мақалада Қозыкенің бар бітім-болмысын ашып көрсете алмаспыз. Мен Қоқан басқыншылығының шынайы тарихын бейнелейтін «Дүрбелең» деген роман жазып жатырмын. Осы романда Қозыкенің ел жанын сүйсінтерлік талай әрекеттері кеңінен баяндалады.

Қозыке датқа 1890 жылы 75 жасқа келгенде баяғы соғыстарда денесіне тиген жарақаттардың зардабынан қатты ауырып, Арыс бойындағы Шұбар қыстағында дүние салады.

Баста айтқанымдай, қазақтың өткен тарихында елге еңбегі сіңген, ал қазіргі жұртқа кеңінен танылмай жүрген тарландар көп. Соның бірі – осы Қозыке датқа. Ел аузында ол туралы түрлі әңгімелер көп болса да, ол хақында өзбек жазбагерлері жазып қалдырған жәдігер мұралар молынан кездессе де,  ХІХ ғасырдағы осы бір қазақтың ерен тұлғасы барша жұртқа танылмай жүргені өкінішті-ақ. Қоқан құлап, жерімізге орыстар келгенде «Қап, құдай-ай, енді түлкі талауынан құтылған,  бірақ арыстанның жемтігіне айналған ел боламыз ба? Оу, сонда, біз өмір бойы не үшін күрестік. Бұ қазақтың өз қолы өз аузына жететін күні бар ма» деп қамыққан Қозыкедей тұлғаны, осыдан 160-170 жылдай  бұрын қазақтың тәуелсіздігін аңсап, күреске түскен сондай қаһарманды бүгінгі ұрпақ жадынан шығарып алса, бұл – кешірілмес күнәмен бірдей. Ал, ағайын, Қозыкені шын танитын алғашқы қадам осы мақаладан басталмақ. Ары қарай қолдау көрсету – өздеріңіздің қолдарыңызда. Кейбір байшыкештер мен әкімқаралардың жұрт білмейтін ата-бабалары көшелер мен ауыл аттарын иемденіп жатқанда, өткен заманның парықсыздарын емес, парықтылары мен парасаттыларын ардақтайық. Солар ғой, міне, бізге осындай жарқын өмірді сыйлаған…

Автор: Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР