Редакциямызға жасы жетпісті алқымдаған зейнеткер келді. Сөз саптасы нық, қимылы ширақ қария: «Жазушы-қаламгер ағаларың боламын, аты-жөнім Мыңжасар Асқаров» деп таныстырды өзін.Амандық-саулықтан соң сыр суыртпақтап отырып, қарияның Созақ ауданының Құрметті азаматы екенін, Шолаққорған ауылдық селосында 20 жылдай әкім болып қызмет істегенін, бүгінде қаламыздыңтұрғыны екенін білдік. Әңгімелесу кезінде көпті көрген қарияныңшаһардағы жалдамалы пәтерлерді жын-ойнаққа айналдырып жүргендердің ісіне қатты қапалы екенін байқадық.
Тәртіпке бас иген азамат
– Балаларым өсіп-жетілген соң Шымкенттен былтыр пәтер сатып алдым, – дейді зейнеткер. – Алған пәтерім Мамытов және Асқаров көшелерінің қиылысатын тұсы екен. Әу баста білмеппін, алған пәтеріміз жалдамалы пәтер беретіндердің нағыз «ұясы» болып шықты. Мен тұрған үйде 3-4 тұрғынүйдің иесі пәтерлерін тәулігіне жалға беретін көрінеді. Күнде айқай-шу, беймезгіл уақыттағы бейсауыт жүріс.Әнеукүні немеремді ертіп үйге келе жатсам, жас келіншектер алдымнан кес-кестеп шығып, «квартира бар, аға, квартира» деп болар емес. «Оу, айналайын, әкеңмен жасты адаммын. Сен маған қалай ұялмай квартира ұсынып тұрсың?» дедім. «Біз осымен нан тауып жүрген адамбыз ғой» дейді беті бүлк етпей. Келесі күні тағы да шықты. Осы жайт бірнеше рет қайталанды. Содан осы мәселеге үн қосып, өзімше күресейін деп шештім.
Тәртіпті темірқазық еткен Мыңжасар Асқаров осы аймаққа шама-шарқынша тыныштық орнатайын деген ниетпен Абай ауданы әкімдігінің басшылығына, аудандық ішкі істер саласының басшысына жолығыпты. Атқамінер азаматтар қарияның бұл әрекетіне қолдау білдіріп, елдің мазасын алған азаматтарды бақылау үшін қарамағындағыларға нұсқау берген. Ақсақалдың тегеурінді талабының арқасында Мамытов көшесінде түнгі жарықтандыру күшейтіліп, учаскелік инспекторлардың жұмысы жандана бастапты. Тіпті ақсақал осы шағынаудандағы даңғаза музыкасы түн ортасына дейін бәсеңдемейтін «Нулифар», «Ямайка» сынды мейрамханалардың қожайындарымен кездесіп, «Түнгі сағат 11-ден соң айналада тыныштық болуы тиіс. Егер, тәртіпке бағынбасаңдар, жоғары жаққа арызданамын», деп талап қойыпты. «Тәртіп сақшыларын ертіп барып, мейрамхана басшылығына 2-3 рет айыппұл салдырттым. Осыдан соң олар да реттелді», – дейді М. Асқаров. Қарияның айтуынша, жалдамалы пәтерлердің иелері ол маңда өздері тұрмайтын көрінеді. Көпшілігі біреуге жалға береді. Оны басқа біреу үстеме ақы төлеп тағы жалға алады. Осылайша жын-ойнақ белең алып, екі ортада тұрғындар зардап шегіп жатыр.
– Заңсыздықпен күрестіел боп, жұрт боп қолға алғанымыз жөн. Әрине, полицейлер де тәртіпсіздікпен күресіп, белсенділік танытып жатыр. Алайда, заң ережесі әлсіз болғандықтан олар да қауқарсыз болып отыр, – дейді Мыңжасар аға. – Кейін естіп жатырмын, осы үйлердің иелерінің ішінде лауазымды адамдар да бар екен. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Солардың біразына телефонмен хабарласып, мән-жайды айттым. «Сіз құрметті адамсыз. Бірақ мынау тірлігіңіз өте ұят. Егер осы ісіңізді ары қарай жалғастыра берсеңіз, есіміңізді газет беттерінде, теледидарда аймандай қыламын», дедім. Обалы нешік, олар менен кешірім сұрап, тыныштықты бұзбауға келісті. Шыны керек, тәртіпке бас иген азаматтың бұл іс-әрекеті жүрегімізді жылытты. Жалғыз болса да, қоғамдағы бей-берекетсіздіккежаны күйіп, қасқайып қарсы тұрып жатқаны қуантты. Рухани әлемі кемел, азғындық әрекетке қарап тұрмай араша түсе алатын, азаматтығы биік осындай тұлғаларқоғамға қашанда керек. Қарияның бұл өнегелі ісі шын мәнінде жұртқа үлгі боларлықтай.
– Өкініштісі сол, осы аумаққа келетіндердің дені жастар. Оның ішінде өзіміздің қаракөз қазақ балалары,– дейді Мыңжасар аға. – Жастардың өздері осындай келеңсіздікке қарсы тұрса екен деймін. Жасыратыны жоқ, осы мәселеде олардың үні шықпайды. Солардың біреуінің келіп бастама көтеріп жатқанын байқамадым. Кейде сол жастар осында келіп аузына келген сөзін айтып кетіп жатады. Жасым үлкен адаммын ғой, былапыт сөздерін естігенде кеудемді күрсін кернеп, жүрегім ауырып қалады.
«Жеңгетайларға» тұсау салатын кім бар?
«Мың рет естігеннен, бір рет көзбен көрген артық». Жалдамалы пәтерлерді мекен еткендер мен ондағы «клиенттердің» іс-әрекетін бақылау үшін кеш бата шаһардағы Республика даңғылы мен Жангелдин, Айбергенов көшелеріне келдік. Журналист екенімізді барынша байқатпауға тырысып, пәтер іздеп жүрген адамдарша тапсырыс қабылдаушыларды әңгімеге тартып жатырмыз. Өзін Лида деп таныстырған орта жастағы келіншекпен тілдестік.
– Бізге жайлы пәтер қажет еді…
– Жігіттер, пәтердің түр-түрі бар ғой. Қанша қыз, қанша жігітсіңдер?
– ???
– Қалтаға қарай көсілетін заман ғой, қаражаттарыңа қарай кез келген пәтерді тауып береміз.
– Түнде біреу-міреу келіп мазаны алмай ма?
– Ол жағына алаңдамаңдар. Бәрін де шешеміз.
– Бағасы қанша болады?
– Келісеміз ғой. Таңға дейін алсаңдар, екі бөлмені 4 мың теңгеге беремін. Демалыс кезінде қаланыжүз айналсаңдар да мұндай бағаға таппайсыңдар.
«Бір айналып соғамыз» дедік те, ары қарай жүріп кеттік. Айбергенов көшесіндегі тұрғын үйге барғанымызда алдымыздан жүзі жүдеңкі, иіні шөккен Рая есімді келіншек шықты. «Жігіттер, қыздар қажет пе?» «Пәтер іздеп жүр едік». «Менде «люкс» бөлмелер ғана қалды. Бағасы 7-8 мың теңге». «Қымбат қой, бағасын түсірмейсіз бе?» «Жігіттер, доллар көтеріліп, барлық нәрсе қымбаттады ғой».
Түнгі сағат 3.00 шамасында Жангелдин көшесіндегі тұрғындардың мазасын алған пәтерге бардық. Шетел музыкасын барынша «бақыртып» қойған жалдамалы пәтердің қоңырауын басып едік, даңғаза әуен бір сәт сап тыйылып, есіктен еңгезердей бір жігіт көрінді. Өзін Алматы қаласындағы бір дөкейдің інісімін деп таныстырған жігіт ағасы жолымызды қақпайлап, доқ көрсетуге тырысты. Қарсыласқанына қарамастан бөлмеге кірдік. Есіктен еніп едік, сықылықтап күлген екі бойжеткен жүзімізді көріп, асүйге зып берді, біз кеткенше сол жерден шыққан жоқ. Одан әрі жүріп, төрдегі темір төсекте жатқан қырықтың үстіндегі қырмасақал еркекті байқадық. Көрген көзде жазық жоқ, тер мен темекі иісі мүңкіген бөлменің дастарханында арақ-шараптың неше түрі тұр. Олардың әңгімесінен ұққанымыз, екі бөлмелі пәтерді таңға дейін 100 АҚШ долларына жалға алыпты. Дегенмен, олар бұл орынсыз қылықтарына өкініш білдіріп, тұрғындардың мазасын алмауға уәде берді.
Тұрғындар тілегі: талапты күшейту қажет
Пәтерін сағаттап бергендердің әрекетіне тұрғындардың көзқарасы қалай? Осы сауалдың жауабын білмек ниетпен бірнеше азаматты пікір алаңына шақырдық. Т.Айбергенов көшесінің тұрғыны Жансая ӘБДІРАСЫЛОВА бүй дейді:
– Мен тұратын үйдің жоғары және төменгі қабаттарындағы пәтерлердің бәрі де жалға беріледі. Мұнда келгендер пәтерді жалға алдым деп, тым еркінсіп, білгенін істеп жатыр. Қаншама рейдтер ұйымдастырылады, бірақ, бәрі де уақытша ғана. Рейдтік іс-шаралар азайған сәтте жалдамалы пәтерлердегілер қайта бас көтереді. Бізге, тұрғындарға ең бастысы, тыныштық керек. Маған осы мәселеге шын жүрегімен жан ауыртып жатқан ешкім жоқ сияқты көрінеді. Түні бойы тыныштық бермейтіндерге заң шеңберінде талапты күшейтсе, олар да аяғын тартар еді ғой.
Жангелдин көшесінің тұрғыны, студент Саяжан ЖҰМАБЕКОВАНЫҢ пікірі де жоғарыдағы ойды қуаттай түсті. «Түнгі 11-12-ден соң үйіміздің маңы дарақы күлкілер жаңғырып, есіктерге тыным болмайды. Дүкенге шығуға қорқатын болдық. Осындай мезетте талай рет тәртіп сақшыларын шақырдық. Ауылдан әкем келгенде үй басқарушысы мен полицейлерге айтып жүріп, біраз уақыт тынышталғандай болды. Бірақ, оларға деген жаза жеңіл бола ма, әлгіндей оқиғалар келесіде тағы да қайталанып жатады», – дейді Саяжан.
Қала тұрғыны, болашақ заңгер Нүркен СҮЙІНДІКОВТЫҢ пікірінше, бұл жағдайда заң талаптарына тегеурінді өзгерістер енгізіліп, лас істерге талапты барынша қатайтқанда ғанақоғамда түбегейлі тәртіп орнайды.
– Меніңше, заңсыз пәтерлерге жіберушілер мен онда келгендерді әшкерелеп, ірі мөлшерде айыппұл салса, жұмыстың нәтижелілігі байқалуы мүмкін, – дейді Нүркен.
Тұрғындардың пікірін таразылап қарасақ, Шымкенттегі заңсыз жалдамалы пәтер иелеріне әлі де болса үлкен тосқауыл қойылмай отыр. Соның салдарынан тайраңдап жүрген олар тұрғындардың тыныштығын бұзуда. Біз «Еліміздің басты байлығы – оның адамдары» деп жиі айтып жатамыз. Бұл қастерлі ұғымның біздің Ата заңымызда айқын көрініс тапқанын ескерсек, қоғамнан қорғаныш іздеп, тыныштық үшін шырыл қаққан әрбір азаматтың жанайқайына зор зейінмен һәм үлкен жауапкершілікпен құлақ асуға тиіспіз.
Түйін.
Рас, жалдамалы пәтер мәселесіндегі келеңсіздіктер Астана мен Алматы сынды үлкен шаһарларда да ұшырасады. Дегенмен, осындай кесапат кеселге өз тарапымыздан тыйым салуға болмай ма? Қазақы ибалы мінез бен игі дәстүрді бойтұмардай сақтаған Оңтүстікте әлгіндей жат қылықтың тамырына балта шабылып жатса, өзгелерге үлгі болмас па едік?!Біз жоғарыдағы мақаламызда пәтерін сағаттап жалға беретіндердің кезекті «жырын» жырлауды мақсат етпедік, қоғамға олар үшінқақпандай кысатын тәртіп пен талаптың барынша күшеюі керектігін баса айтқымыз келді.
Сіз не дейсіз?
Ерғали СҮЛЕЙМЕНОВ, Шымкент қалалық ҚІІБ-нің Абай полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры:
– Қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында Абай ауданының аумағында тұрақты рейдтер өткізіліп тұрады. Мәселен, өткен 3 айда жалдамалы пәтерге қатысты 600-ге жуық заң бұзушылық тіркеліп, олардың әрбірінен саусақ іздері алынды. Дегенмен, біз бұл мәселеде тұрғындардың тыныштығын бұзғандарға (түнгі 23.00 мен таңғы сағат 6.00-ге дейінгі уақыт аралығы) әкімшілік шара қолданып, оларға 18 500 теңге көлемінде айыппұл салумен шектеліп отырмыз.Жангелдин көшесіндегі тәртіпті тыныштандыру үшін өткен жолы аудандағы 80-ге жуық учаскелік инспектор жұмылдырылды. Бірақ, біз тәртіп бұзғандарды ғана жазаладық, ал жалдамалы пәтер иелеріне шара қолдануда қолымыз қысқа болып отыр. Мен айтар едім, пәтерін сағаттап бергендерге талапты күшейтіп, тұрғын үйлердегі жалдамалы пәтерлерге біржола тыйым салу керек. Егеросы мақсатта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Кодекске өзгерістер енгізіліп жатса, біз заң шеңберінде өз міндетімізді орындайтын едік.
Жомарт ОМАРОВ, қалалық мәслихаттың депутаты:
– Менің өзім осы бағытта бірнеше рет рейдтерге қатыстым. Мәселенің мән-жайы маған жақсы таныс. Бұл орайда жергілікті тәртіп сақшылары қол қусырып жұмыс істемей отыр деуге болмайды. Учаскелік полицейлер қоғамды алаңдатқан қауіпті дертпен қал-қадірінше күресіп, өз міндеттерін орындап жатыр. Бар мәселе, жалдамалы пәтер иелеріне деген заң ережелерінің жұмсақтығында. Сондықтан да, ішкі істер саласының қызметкерлері батыл әрекетке бара алмай отыр.
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі:
– Бүгінде пәтерді тәуліктеп жалға беретіндер жоқ емес, бар. Жасырмауымыз қажет, жалға алушылар көрші-қолаңның мазасын алатын жағдайлар жиі кездеседі. Әрине, бұлайша азаматтардың шырқын бұзу моральға, адамгершілікке, қолданыстағы белгіленген тәртіптерге қайшы. Бұл – заңмен реттеліп отыруы керек. Меніңше, пәтерді жалға берушілерге салық салу мәселесіне кеңірек қарауға тиіспіз. Сосын келісім-шартта қандай мақсатта пайдаланатыны нақты көрсетілуі керек. Пәтерді жалға алушылар тәртіп бұзса, олармен полицияның учаскелік инспекторы тікелей сөйлесуі қажет. Бұл жерде де «шаш ал десе, бас алуға» болмайды. Тәртіпті кім бұзса, сол жауап берсін. Бірақ ешкімнің, көршілердің де, пәтерді жалға берушілердің де, жалға алушылардың да конституциялық құқықтарына қол сұғуға болмайды.
Амантай СӘДИЕВ, Шымкент қалалық «Қаттани» мешітінің наиб-имамы:
– Мен бұған дейін 8-шағынауданда тұрдым. Түн тыныштығын бұзатын оқыс оқиғаларға тоқтам болмаған соң үйімді сатып, осыдан үш ай бұрын «Нұрсәт» шағынауданына көшіп кеттім. Отбасымның, мектеп жасындағы үш баламның болашағына алаңдадым. Ащы да болса шындықты айтайын, әлгі атышулы аймақтың 7 «а» тұрғынүй кешенінде 15 пәтер бар. Соның 2-уінде ғана тұрғылықты тұрғындар тұрса, қалған 13-інде қалай кеш батады, солай «жын-ойнақ» басталады. Асыл дініміздебұл іс-әрекет өте үлкен қылмыс. Мұндайда пәтерді жалға берген де, пәтерді алған да, тіпті пәтердің кілтін ашып берген адамға дейін зина үкімінің жасаған күнәсін көтереді. Бұл әрекеттің зауалы ең алдымен өсіп келе жатқан балаларымызға тиіп жатыр. Әлгіндей сорақы әрекеттерді көріп-біліп өскен бала қалайша саналы болмақ? Осыны шындап ойлануымыз қажет.
Сәуле ОРЫНБАЕВА, жалдамала пәтер беретін кеңсенің администраторы:
– Біздің қызметімізде жасырып-жабатындай ешқандай заңсыздық жоқ. Міндетіміз – алыс-жақыннан келген жолаушы азаматтарға тәулік бойы немесе ұзақ мерзімге пәтерді жалға беру. Бірақ өркениетті елдердегідей патент алып, мемлекетке тиісті салығымызды төлеп отырмыз. Құжатымыз да бар. Оның үстіне біз тапсырыс қабылдарда ең алдымен азаматтардың төлқұжатын талап етеміз, оларға көршілердің тыныштығын бұзбауын қатаң ескертеміз, ішімдік ішкен беймаз жандарды мүлде жолатпаймыз. Қысқасын айтқанда, заң тұрғысынан қараймыз. Бізге де тыныштық керек. Меніңше, атқарушы билік жалдамалы пәтерлерлерді заңсыз бизнес орнына айналдырғандарға күресті күшейту қажет. Олар құжаты болмаған соң салықтан жалтарып, үй-үйлерді сағалап, тапсырыстар қабылдап жатыр. Осылайша халықтың ашу-ызасын тудыруда.
Авторы: Сәбит ТАСТАНБЕК, «Шымкент келбеті».