Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында «Хабар» агенттігі» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткізілген «Аймақтар аламаны» тележобасының бас жүлдегерлері атанған облыс өнерпаздарын ұлықтауға арналған гала-концерт ұйымдастырылды.
Тележобаға оңтүстік өнерпаздары атынан Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Қазына» би ансамблі, күйші Шыңғыс Исаев, әнші Нұржан Зұлпыхаров қатысып, бас жүлдені иеленді. Әр аймақтың кіл жүйріктері қатысқан бұл байқауда ҚР мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова жетекшілік ететін «Қазына» би ансамблі халықтық және замануи би үлгілерін жоғары шеберлікпен орындаса, бармағынан бал тамған күйшілер сайысында төкпе және шертпе күйлерді шебер меңгерген Шыңғыс Исаев кестеде көрсетілген күйлерді орындап, қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал жас әнші Нұржан Зұлпыхаров дауыс диапазонымен, тартымды сахналық кескін-келбетімен ерекше көзге түсіп, қалың телекөрерменнің ыстық ілтипатына бөленді. Өнерімен үздік шыққан мәдениет қызметкерлерінің гала концертінде сөз алған «Аймақтар аламаны» тележобасы қазылар алқасының төрағасы Әшірбек Сығай, облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев байқау жеңімпаздарын құттықтай отырып, Оңтүстіктің қасиетті топырағынан талай дарындар мен таланттар, өнер саңлақтары шыққанын айтып өтті, қазақы қалпынан айнымаған бұл өңір қашанда ұлттың рухани құндылықтарын дәріптейтінін жеткізді.
Дерек көзі: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі