Жаһандану жағаға жармасқан шақта өскелең ұрпақты театрға шақырып, рухани пайдасы ұшан-теңіз тағылымды дүнеиелерді дәріптеу құптарлық іс. Міне, сондай игілікті бастаманы қолға алған облыстық әзіл-сықақ және сатира театры ұжымы жыл басынан бері күнгей өлкенің алыс аудан-ауылдарына шығармашылық іс-сапарлар ұйымдастыруды бір сәт есінен шығарған емес.
Сатираның салмақты жүгін арқалап, көрерменге шабыт сыйлаған өнер ордасы үстіміздегі жылдың 21 сәуірінде Шымкент қаласындағы №50 мектепте режиссер Самат Алтаевтың «Наурызнаме» сазды-думанды қойылымын ұсынған еді. Ал, 22-25 сәуір аралығында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аудан-ауылдардағы көрерменмен келесі туындыны қауыштыру мақсатында театр басшылығы Төлеби мен Созақ аудандарына гастрольдік іссапар ұйымдастырып, барып қайтты. Ондағы қойылған қойылымдар да үздік деп танылған, көременнің көңіл қуанышына айналған туындылар. Мәселен, танымал режиссер Мақсат Айтжанов қойған Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясы да көктемнің шуақты күндерінде ауыл жастарына пәк сезім сыйлады деген ниеттеміз. Қуантарлығы, өнер ордасының жас актерлері мүмкіндігінше жаңа туындыларды көрермен назарына ұсынуға құлшынуда. Оның жарқын дәлелі, жылқы жылының басынан бері аталмыш ұжым үш бірдей жаңа қойылымды көрерменге тарту етті. Олар көптің көңілінен шыққан У.Әбдірайымовтың «Күлкі думан» және С.Алтаевтың «Наурызнаме» сазды-думанды қойылымдары болса, тағы бірі көрермен көңіліне бірден жол тартқан Т.Әл-Тарази тәржімалаған А.Вампиловтың «Метранпаж деген не?» атты трагикомедиясы. «Жақсының жақсылығын айт» демекші бұл қойылым көрермен тарапынан жақсы бағаланды. Театрда бірнеше мәрте қойылды. Бастысы, көрерменге айтар ойы мен тағлымды тәлімі бар көркем дүние. Рухани байлықтың буырқанып жатқан бұлағы тәрізді осы қойылымды көру несібесі шаһар тұрғындарын қуантпай тұрмасы тағы бар.
Өнер десе ішкен асын ұмытатын, шын өнердің жанашыры саналған құрметті көрермен! Егер, қазақ театр өнерінің заңғар тұлғаларының бірі Тұңғышбай Әл Тарази тәржімалаған «Меранпаж деген не?» — екендігін білгіңіз келсе 24 сәуір күні облыстық әзіл-сықақ және сатира театрына келуіңізге болады. Себебі, ол театр өмір шындығын боямасыз көз алдыңа елестететін, жақсыдан үйреніп, жамандықтан жиренуге шақыратын рухани қару. «Бақ — берке ұялаған жерде» дегендей, күллі иісі қазаққа, соғыс ардагерлеріне күлкі сыйлау үшін 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні және 9 мамыр Жеңіс күні мерекелері қарсаңында театрдың өз көрермендеріне сыйлар тосын сыйы да бар. Елдің тыныштығы мен көп ұлтты Қазақ елінің ертеңін жырлаған туындылар дәл сол күні өнерсүйер қауымға жол тартпақ. Оның тізімінде 30 сәуірде қойылатын Самат Алтаевтың «Шаңырақ шаттығы» туындысы және 5-7 мамыр күндері аралығында Нұрбақыт Байысбектің «Отан — оттан да ыстық» сазды-думанды қойылымының сахналануы. Әрине, көрерменін жалықтырмайтын туындыны әр көрген сайын әр қилы сезімде болатынын ескерсек, бұл екі қойылымның көрерменінің қатары көбейе түсетіндігіне сенімдіміз.
ЕРГЕШЕВА Жанат Еркінқызы,
ОҚО әзіл-сықақ және сатира театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.