02-09-2021
20.3 C
Шымкент

«Қазақтың тағылымды тарихын әлемге әйгілейтін кез келді»

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы аталып өтеді. Бұл жаңалық қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.  Әсіресе, «қазақта тарих болмаған» деп ділмәрсыған кейбіреулердің сөзіне Елбасының өзі мемлекеттік деңгейде тойланатын тарихи шараның бастау алуымен жауап берген сыңайлы. Иә, қазақтың шежірелі тарихы тым тереңде жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қаншама аласапыран заманды бастан кешірсе де, тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі жетістігі сол ата-бабалар арманының жарқын көрінісі. Қазақ халқының арғы-бергі тарихын зерделеу арқылы отаншыл жастарды тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының оқу ісі жөніндегі проректоры-1  проректор міндетін атқарушы, тарих ғылымының кандидаты, доцент Исабек Баршагүл Қашқынқызын осы тақырып төңірегінде  әңгімеге тартқан едік. Копия Фото Барша 2012

 — Баршагүл Қашқынқызы, 2015 жылы Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланғалы отыр. Шынында қазақ мемлекеттілігінің құрылуы, басталуы осы уақытты құрай ма? Бүгінге дейін тарихшыларымыздың қызу пікірталасына айналып келген мәселеге осымен нүкте қойылды деп ойлайсыз ба?

—  Ол рас, Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтілу керектігін дұрыс айтты. Қазір бұл бастама көпшілік тарапынан қолдау тауып, дайындық бүгіннен басталып кетті. Дегенмен, ескеретін бір жәйт —  Қазақ хандығының құрылуын қазақтың халық ретінде қалыптасу кезеңімен шатастыруға болмайды. 15 ғасырда құрылған Қазақ хандығының негізінде қазақ халқы пайда болды деп ұғынбау керек. Елбасы Ұлытауда сөйлеген сөзінде «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген еді. Қазақтың ұлт, халық ретінде пайда болу тарихы екі мыңжылдықтан асады. Сақтар, ғұндар, үйсін, қаңлылар  — бұлар қазақтың арғы ата-бабалары.  Бұрын қазақ, өзбек деп бөлінген жоқ, жалпы түркілер деп аталды. Қазақ соның құрамындағы  бір тайпа ретінде қалыптасты. Мәселен, 15-16-ғасырда  орыс мемлекеті Иван Грозныйдың кезінде ұлт ретінде қалыптасты ғой.  Қазақ халқы да ұлы көштің өркениетінен қалып қойған жоқ.  Қазақтың тарихы тым тереңде дейтініміз содан. Сондықтан Қазақ мемлекеттілігіне 550 жыл деген шешімге тоқталу орынды. Бұл бір күннің ішінде емес, қаншама жылдар бойы зерттелген, ғылыми тұжырымдамалар негізінде жасалынған қорытынды деп ұғыну керек.

— Қазақ хандығының алғашқы хандары – Керей мен Жәнібектің тарихтағы алар орны қандай? Хандардың өмірі мен тарихтағы билік құрған кезеңдері толыққанды зерттелді ме?

—  Керей мен Жәнібек хандардың өмірі толыққанды зерттеліп бітті деуге әлі ерте. Өйткені, Тәуелсіздік алғанымызға енді 23 жыл болады. Қазақ хандарының өмірін енді ғана зерттеу қолға алынып жатыр. Жалпы, Керей мен Жәнібек хандар Қазақ мемлекетінің негізін салушы тұлғалар  болып есептеледі. Олар Әбілхайыр хандығынан бөлініп, 1465 жылы Жетісу жерінде хандықтың негізін қалады. Бұл 15 ғасырдың екінші жартысы. Жалпы қазақ хандығы тарихындағы әрбір ханның орны ерекше. Қазақтың  ұлт ретінде қалыптасуын, мемлекет құрудағы хандардың рөлін, хандық құрған кезеңін тереңірек зерттеу болашақтың еншісіндегі іс.

— Қазақ хандығы қайсы хандардың тұсында өркениет пен дамуға қол жеткізді?

— Қазақ хандығындағы әр ханның өз рөлі бар. Мәселен, Қасым ханның тұсында қазақтың саны 1 миллионға жетті. Қасым ханның тұсында заңдар жүйеленіп, Есім ханның тұсында толықтырылды. Тарихта бұл «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» делінеді. Осылайша бұл хандар дала заңдарын бір іздендіру арқылы билік жүргізді. Әз Тәукенің тұсында -«Жеті жарғы» өмірге келді. Бұл кезең 17- ғасырдың соңы  18- ғасырдың  басы болатын. Тәуке ханның заманында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» болды делінеді. Яғни қазақтың жеріне көз тіккен сыртқы жаугершілік тоқтатылып, ел басына тыныштық орнады.  Қазаққа қауіп төндірген батыстан — Ресей, шығыстан — Қытай, солтүстіктен —  Еділ қалмақтары, оңтүстіктен Хиуа, Қоқан, Бұқар хандары болды. Тәуке 1718 жылы қайтыс болған соң, орнына Болат хан отырды. Алайда, осы ханның кезінде қазақ  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырады. Хан кім не айтса, соның ықпалында кетіп, билік жүргізуде әлсіздігін танытты. Хан әлсіз болған соң, кіші хандар – Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздің басшылары бас көтеріп, күшейе бастады. Ел ішінде мемлекет үшін емес, билікке талас ұлғайып, алауыздық орын алды. Ал мұндай жағдайда бірліктен мән кетіп, мемлекет ыдырайды. «Бірлігі бар ел озар, бірлігі жоқ ел тозар» деген осыдан қалған болар.

Елбасымыз өзінің әрбір сөзінде елдің бірлігі туралы не үшін жиі айтады деп ойлайсыз?  «Қазақстан-2050» стратегиясында «Үдеудің сыры — бірлікте, жүдеудің сыры — алауыздықта» деп нақтылап  жеткізді. Осының мәнін тереңірек түсінуіміз керек. Мемлекеттің тұтастығы, елдің бірлігі ауадай қажет.

Тарихтағы ерекше орны бар хандардың бірі, қазақтың басын біріктіруде үлкен рөл атқарған – Абылай хан болды.  Абылай хан 1771-1781 жылдары хандық билік жүргізді. Ол Аңырақай шайқасында көзге түсіп, тарих сахнасына шықты. Сол кездегі Әбілмәмбет ханның жанында жүріп кеңесші болып, ел билеуге ерте араласты.  Мәселен,  1740 жылы Орта жүздің Ресейге қосылуы туралы актіге хан ретінде Әбілмәмбет қол қойса, сұлтан ретінде Абылайдың қол қоюы оның үлкен тұлға екенін де көрсетеді. «Әбілмәмбет тұрғанда мен хан болмаймын» деп биліктен бас тартқан. Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін ғана, билікті өз қолына алды. Халық Түркістанда ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Бұқар жыраудың «қырық жыл хан болған ханым-ай» деген сөздері оның  хан ретінде қырық жыл билемесе де, соған татитындай билік жүргізгенін айтқан деп топшылауға болады. Қазақ хандығының соңғы ханы  — Кенесары. Ол он жыл бойы Ресей билігіне қарсы соғысты. Ол ел бірлігі,  тәуелсіздік жолында күресті. Кенесары көтерілісінің басты ерекшілігі – құрамында түрлі ұлттар болды және бүкіл Қазақстанды қамтыды. Қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу үшін, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жан аяған жоқ.  Алайда, 1867-68 жылдары реформа жүргізілді де, қазақ даласын 3 генерал-губернаторлыққа бөліп тастады. Ресей империясы бұл кезде қазақ даласын билеген би-сұлтандардың арасындағы алауыздықты күшейту арқылы билігін жүргізіп отырды. Сөйтіп, бүкіл қазақ жері Ресейдің қол астына өтті. Оған дейін ел болып, қызғыштай қорғаған қазақтың жері Ресейдің мемлекеттік меншігі болып саналды. Ал бұл енді кімнің ашу-ызасын тудырмайды?  Кезінде Ресейдің осындай саясатына қарсы шыққан Алаш зиялылары да қуғын-сүргіннің құрбаны болды. «Мың өліп мың тірілген» қазақ өзінің генінің мықтылығының арқасында аман-есен бүгінгі күнге жетті.

Жалпы қазақтың тарихын оқу орындарында міндетті пән ретінде ғана емес, тағылымды сабақ ретінде жастарға насихаттау қай деңгейде жүргізіледі?

— Әр адам өз ұлтының тарихын білуге міндетті. Мектепте, оқу орындарында міндетті пән ретінде ғана оқып қана қоймай, өткен тарихтың маңыздылығын түйсіне білу керек. Біз үшін ол үлкен сабақ. Тәуелсіздікті алу бар да, оны сақтап қалу бар. Ал оны сақтап қалу үшін бүгінгі ұрпақ саналы түрде оның мәнін түсіне білу керек.  Қазіргі жастардың бойында патриоттық сананы қалыптасыруымыз керек. Әсіресе, ата- баба тарихын білуге, кез-келген мемлекеттің арандатуына жол бермеуіне, діни мәселелерде сақ болуға, толеранттылыққа, яғни ұлтараздыққа жол бермеуге тәрбиелеуіміз керек. Мұның бәрі не үшін қажет дейсіз бе? Қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу үшін қажет. Қазақстан жерінің аумағы 2 млн.717 мың 330 шаршы метр, яғни әлемде 9-шы орында тұр. Ал халқының саны — 15 миллион. Бұл дегеніміз бір Мәскеудің немесе бір Стамбұлдың халқы деген сөз. Қазір түрлі мәселелерді алға тартып, араға жік салушылар көбейіп кетті. Украинаның өзі мысал бола алады. Мен студенттеріме лекция барысында да жиі айтатыным да – осы. «Жеңіл-желпі сөзге еріп кетуге болмайды. Бізге тәуелсіздік қымбат. Соның құндылығын түсінуіміз керек». Сонау 90-шы жылдары қазақтың саны 40 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 65 пайызға жетті. Бәрі бірден қалпына келе салмайды. Елбасы барлық мәселеде халықты сабырға шақыра отырып, салихалы саясат жүргізіп отыр. Дамудың өзі эволюциялық және революциялық болып екіге бөлінеді. Революциямен, яғни төңкеріспен келген жеңіс көпке бармайды. Бұған көрші Қырғызстан мемлекеті дәлел бола алады. Бізге керегі эволюциялық жол. Сабырмен, ақылмен дамуға қол жеткізуіміз керек. Елбасының саясаты да — осы.

 — Тарихымызды түгендеу қолға алынғаны белгілі. Өзіңіз де айтып өттіңіз,  «Халық тарих толқынында» деген ұранмен өзіміздегі, алыс-жақын шетелдегі тарихи құжаттардың мол дерегі жиналды. Бұл шара әлі жалғасын таба ма? 

         — Шынын айту керек, бұл мәселе сол кездегі Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің басшылығында жақсы қолға алынды. Қазір тоқтап қалды. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы 2004-2006 жылдарға арналды да кейін 2008 дейін созылған болатын. Сондықтан «Халық тарих толқынында»  сериясын тоқтатып қоюға болмайды. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қытайдан, Ираннан табылған деректер енді ғылыми айналымға енгізілуде. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде Жібек жолының тармақтары Ватиканнан табылғаны туралы мәлімет шықты. Қазір Алматы қаласында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты  араб, парсы, түркі тілдеріндегі тарихи жазбаларды аударуды қолға алып жатыр. Егер ол толығымен аударылып бітсе, қазақтың мемлекеттілігіне қатысты көп деректерді сол жерден кездестіруге болады.  Сондықтан толыққанды зерттеу жұмыстары енді басталуда. Жиналған тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіріп, ұрпақ игілігіне жарату керек. Көршіміз Өзбекстан елінде де қазақ тарихына қатысты қаншама деректер жатыр. Қазір  Өзбекстан республикасы мұрағаттардағы құжаттарды пайдалануға рұқсат бермей қойды. Әйтпесе Ташкентте Төле би,  Самарқан маңындағы Нұратада  Әйтеке би жерленген. Құнды деректер ол жерден шықпауы мүмкін емес. Мәселен, жуырда  Қабанбай батыр бастаған қазақ елшілерінің  300 жылқыны Қытайға апарған сапары жайындағы сурет Парижден табылды.  Осы сияқты деректер бір күні бір елден шығады. Қазір өлке тарихына көп көңіл бөлінбей жатыр. Осы бағытта ғылыми кітаптар шығарып, жастардың патриоттық сезімін күшейтуге болар еді. Облыс әкімі тарапынан тарихшы, археолог мамандарды дайындауға көңіл бөлініп, гранттар қарастырылса дейміз. Өйткені, Оңтүстік өлкесі тарихи мұраларға бай. Зерттеуді қажет ететін объектілер көп. Үздік оқитын балаларды мектеп жасынан ғылыми жобаға икемдеп, тарих мамандығын оқытуға бағыттап, мақсатты түрде дайындасақ, тарих ғылымын сәл де болса алға жылжытар едік. Елбасы өзінің «Жалпыға Ортақ еңбек қоғамына 20 қадам»  мақаласында өлке тарихына көп көңіл бөлу керектігін айтқан-ды. Алайда ол қолға алынбай жатыр. Шет елдерден әрине мол қор жиналды. Деректі жинау бар да, оны ғылыми айналымға түсіру бар. Ғылыми-зерттеу институттары осы мәселемен тікелей айналысады. Біз де қарап қалып жатқан жоқпыз, ғылыми мақалалар жазып, пікірлерімізді білдірудеміз.

Тарихты мықты идеология құралына айналдыруға бола ма? Мәселен, Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы арқылы қазақтың тарихын әлемге әйгілей аламыз ба? 

— Әрине, тарих дегеніміз тұнып тұрған идеология. Жас ұрпақтың бойында тарихи сананы қалыптастырып,  рухы мықты азаматтарды тәрбиелеуге болады. «Торғайлардан төмен қойсақ сұңқарды, Отанды кім торғайлардан қорғайды» деген М.Шахановтың өлеңі еске түседі.  Сұңқар деп отырғаны ел тарихын жетік білетін, дәстүрін, тілін сақтайтын, өзіндік пікірі бар, рухы мықты азаматтар. Әрбір адам өз ұлтының тарихын біліп қана қоймай, оны насихаттау керек. Осы мақсатта  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында Археологиялық көрме орталығы ашылған.

Елдің ертеңі – ұрпақ қолында. Егемен еліміздің болашақта өркениетті мемлекеттер санына қосылып, тәуелсіздіктің көк байрағын биік ұстауы қазіргі мектеп партасында білім алып отырған жас ұрпақтың білімі мен ақыл-парасатына, іскерлігі мен жауапкершілігіне байланысты. 2050 жылдарға қарай Қазақстанды өзге мемлекеттерге үлгі болатын дәрежеге жеткізетін зерделі ұрпақ қазір мектепте отыр. Елбасының тапсырмасымен әрбір баланың алаңсыз оқуына, әлемдік деңгейде білім алуына  жағдай жасалып отыр. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді халық даналығы. Сондықтан, ұстаздар қауымына артылып отырған жүк пен міндетті әрқайсымыз сезіне білуіміз керек. 77 жылдық тарихы бар, Елбасының қолдауымен қайта ашылған, ұстаздар ордасы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы да ел және Елбасы алдындағы жауапкершілікті түсініп, үміт үдесінен шығып, сенімді ақтауға тырысамыз. Жас ұрпақты  Отаншылдыққа тәрбиелеуде  педагогтардың орны ерекше. Олай болса 2050 жылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін мектепті күшейту керек. Ал мектептің жүрегі — мұғалім. Өйткені болашақ патриоттарды, келешекте билік басына келетін азаматтарды тәрбиелейтін үлкен күш солар. Сондықтан, мұғалімдерді дайындауға көңіл бөлу маңыздырақ. Ал мұның бәрі неден шығып отыр? Қазақ мемлекетілігінің тарихынан. Біздің тағылымды тарихымыз барда өзімізді әлемге танытудан еш тайсақтамауымыз керек. Иә, бұған дейін де Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін шетелдер мойындайды. Ал 550 жылдық тарихи шарамыздан кейін қазақтың мемлекеттілігінің тарихын бүкіл әлемге танытуға үлкен мүмкіндік туып тұр.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Раушан МАХЫМОВА.

«Шымкент келбеті» газеті.

 

 

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР