test
14-07-2024
32.3 C
Шымкент

Діни фанатизм жат нәрсе

Діни фанатизм тақырыбы аясында сөз қозғауыма біршама уақыт бұрын сәләфилік бағытта насихат айтып жүрген азаматпен жүргізген сұхбатым себеп болды. Көбінесе сұхбаттар диалог түрінде өтеді. Азаматтардың  діни бостандығына қол сұғу мақсат етілмейді. fanatizm

Сұхбат екі кісінің өзара немесе бір кісінің көпшілікпен алма-кезек пікіралысуы түрінде де жүргізіле береді. Мұндағы мақсат – сұхбат екі ұдай пікір ұстанатын тараптардың басын қосқанда көп өзгеріске ене қоймайды. Бірақ, мүдде өзгешеліктеріне немесе ақпараттық-мағлұматтық қорына сәйкес алған білімі мен білігі, түсінік-түйгені әр басқа жақтардың пікір-талас, ой түю амалдарының ерекшеліктеріне орай сұхбат күрделі сөз жарыстарына айналуы мүмкін. Сондықтан ол мұндайда «диалог» үлгісіне көбірек жақын пішінге ыңғайластырылады. Жалпы диалог сөзіне сөздіктерде мынадай анықтама берілген. Диалог — ғылымда танымдық процестің іздеген нәтижеге әртүрлі, бірақ бір-бірімен жарыспайтын көзқарастар, қатынастар, бағыттардың өзара байланыс жолымен жүзеге асырылатын прогрессивтік дамуының түрі ретінде көрінеді.

Аталмыш сұхбат ғаламторда біршама пікірталас тудырды. Тыңдап, талдағандар да болды. Сұхбат болған соң екі жақтың өз пікірлері берілуі заңды. Қарсы жақ райынан қайтпады, қарсылық білдірді деп айыптаған дұрыс емес. Олай болған жағдайда діни фанатизмге жол ашады. Фанатизм (лат. fanaticus — құрбандық) — индивидтің белгілі бір сенімдерге деген, басқа ешқандай баламаны қабылдамайтындай болып қалтқысыз берілгендігі; бұл оның іс-әрекетінде және басқалармен қарым-қатынасында айқын көрінеді. Фанатизм сол жолда құрбан болуға дайындықпен астасады; идеяға берілгендік басқа пікірдегілерге төзбеушілікпен қараумен, ортақ мақсатқа жетуге кедергі болатын әдеп нормативтерін елемеушілікпен ұштасады. Фанатизм — топтың психологиялық феномені.

Мұнда фанатизмді әдейілеп топтық категория ретінде алып отырмыз. Топта сана ұғымы болмайды. Топтық деңгейдегі қарым-қатынастар осынысымен қауіпті. Ол қарым-қатынас әр уақытта топтың психологиялық потологиялық ауытқуына оңай ауысады. Бір-біріне тәнті болудан қолдау табатын фанатиктер үшін көтеріңкі эмоциялық, өздерінің көзқарастарын қуаттайтын кез келген ақпаратқа талғамай қараушылық, тіпті тілектестік тұрғыдағы сынның өзін қабылдамаушылық тән. Жоғарыда айтылған психологиялық потология феномені тап осылай өмірге келеді. Ол жақтастардың мүддесін ғана қорғауды мақсат тұтатындықтан әділ шешім, шындық, ақиқат негіздеріне сүйену, тіпті оны қажетсіну мүмкіндігін қалдырмайды. Топтың тобырға айналу үдерісі үздіксіз әрекеттерді (іштей немесе сырттай) туындатып олардың келесі шешімін немесе әрекетін алдын ала болжау мүмкін болмай қалады. Сондықтан да мұндай топтармен жұмыс арнайы психологиялық, теологиялық тіпті жеке индивидтің жан-жақты индивидуальды интелектілік-психологиялық және оның мінез-құлқына жасалған талдаулар қорытындысына сүйенуді талап етеді. Фанатизм екінің бірінде идеологиялық (соның ішінде діни) сипатта болады.

Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы өз сөзінде: «…Бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл – Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өске­лең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс», – деген болатын. Елбасының осы айтқандарын басшылыққа ала отырып, дін мәселесіндегі күрделі ұғымдар мен әр тараптық пікірлердің дұрыс шешімін табу үшін оң қадамға саятын ой-пікір үйлесіміне үндейтін диалог жасау маңызды.

Діндер – бүгінгі таңдағы әлемдегі ұлтаралық тұтастық­ты нығайтудағы басты фактор. Сондықтан діндерден қайшы­лықтарды емес, кері­сін­ше, ор­тақ белгілер мен қа­ғи­дат­тарды, ортақ негіздер мен ор­тақ құн­дылықтарды, біріктіруші бастау­ды іздеуге мін­дет­тіміз. Айта кету керек, Қазақ­стан діни то­лерант­ты­лық пен конфессия­аралық ке­лісім ісін­де игі дәс­түрлерге ие. Қазақ жері көне заманнан бері сан алуан мәде­ниет мен дін­дер­дің тоғысу мекені болған. Демек осы секілді сұхбаттарды боямасыз, ашық, тең жүргізуді қолға алу керек. Себебі қоғамдағы діншілдік төзімділікке алып барады. Ал төзімділік болған жерде шегініс те уақытпен бірге келеді.

Егер сұхбатқа келген азамат райынан қайтпай, ҚМДБ тарапына сын айтып жатса, сұхбатты жарамсыз деп кесіп үкім шығару ғылыми, діни мінез-құлыққа жат әрекет. Негізінде діни фанатизм, діни экстремизмге ал ол болса діни терроризмге жол ашады. Әрине бұның соңы жақсылыққа алып бармайды.

Діни фанатизм араб тілінде «таассуб» деп аталады. Араб тілінде есі ауысқан, жынды болған адамды «асаби» деп атайды. Таассуб діни фанатизмнің шегі. Егер бір мешітте сопы, тариқатшы, сәләфилік бағытты ұстанушы, таблиғшы т.б. діни жамағаттар діни үкім, қағида негізіндегі бірлігін, әуелгі заңды ақиқатқа алып баратын жолды мойындап, ынтымақ бірлікке нұқсан келтірмей бірге намаз оқитын болса, онда ол діни психологиялық тұрғыдан дұрыс ұстанымды, бір ақида, бір ғибадаттық бағыт орнатуға мүмкіндік беруі мүмкін. Ал егер жамағат болып, өз мешіті болып бөлініп жатса, онда ол жерде берекенің кеткендігінің белгісі ғана емес көп ұзамай-ақ айрандай ұйыған елдің ұйытқысы, қасиетті, киелі ұғым-түсінігін бұзып, елді, ұлтты, мемлекетті қасиетті түсінігі мен бірлігінен айырып, құрдымға жіберетін аса қатерлі қадам деп білу керек.

Дегенмен осы жамағаттың барлығы қандай да бір діни рәсімдерді орындау кезінде дін тегі мен оның үкім-қағидалық негіздерін түсіну талаптарында елімізде ежелден орныққан діни ұстаным мен оған бастау алатын салт-дәстүр ұстанымдары мен аһли сунна уал жамағатының Абу Ханифа мазхабы бойынша елімізде орныққан діни үрдістерімізді терістемей аталған мазхаб бойынша күллі Қазақстан мұсылмандарының басын қосып отырған ҚМДБ-ның имам-пәтуәгерлерінің шешім-қарарларын мойындайтын болса, онда бірте-бірте кейбір орын алған келеңсіз жағдайлар біздің елден іргесін аулақ салары анық.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген. Қазақстан Республикасы көп ұлтты, көп конфессиялы, көп партиялы мемлекет. Осындағы зайырлы ұғымы діннің мемлекеттік саясаттан бөлінгендігін, мемлекеттік білім берудің діннен бөлінгендігін білдіреді. Сондай-ақ, зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін танытады. Ата Заңымыздың осы зайырлылық туралы нормасы еліміздегі діни қатынастарды реттеудің конституциялық негізі болып табылады. Осы себепті сұхбатты жүргізген уақытта белгілі бір дінді уағыздау немесе жақтау менің мақсатым болған жоқ.

Діни фанатизм кез келген айрандай ұйып отырған елдің ойранын шығарып, араға жік туғызып кетуі әбден мүмкін. Осы себепті зайырлылық принципі бүгінгі заманның, әсіресе мұсылман қауымы арасында ислам ілімінің мол рухани қорын жаңа тәсілмен таратудың, түсіндірудің кепілі. Демек ұлттардың ұлы өркениеттер көшінен қалмай өсіп-өнуінің ең тиімді жолы деуге болады. Сондықтан кейбір діни мәсе­ле­лер­де мемлекеттің дінге араласуы халықаралық аталмыш мәселеге қатысты ұйымдар арасында келісім болуы құптарлық. Ондай араласу белгілі бір діни топтың мүддесін қорғау, жақтау немесе даттау дегенді білдірмейді.

Қорыта айтқанда көптеген араздықтар мен дұшпандықтардың басты себебі ретінде діни дүмшелік, дінді толық түсінбеуді айтуға болады. Сондықтан да Елбасымыз: «Біз діни фанатизм мен діни дүмшеліктен қатар сақтануымыз керек» — дейді. Біздің пікірімізше, діни фанатизмге апаратын да діни дүмшелік болса керек. Сондықтан дінді ұстанушылар діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік ұстындарын да қатар меңгергені дұрыс.

Ұлықбек Әлиакбарұлы,

ОҚО Әлеуметтік бастамалар орталығының бөлім басшысы,

теолог-дінтанушы.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР